​Қауіпті күндерді алдын ала білуге бола ма?

0
1 329

Болады. Нумерологиялық есептеулер арқылы...


​Қауіпті күндерді алдын ала білуге бола ма?

«Қай жерге құлайтынымды білсем, сол жерге сабан төсеп қояр ем» деген екен бұрынғыда біреу. Әр сәтсіздікке жолығып, қиындыққа ұшыраған сайын сіз де ішіңізден осы сөзді айтасыз ба? Ендеше, сізге қуанышты жаңалығымыз бар. Нумерологиялық есептеулер арқылы сәтті күндерді ғана емес, сәтсіздікке ұрыну қаупі бар күндерді де алдын ала есептеп білуге болады.


Дәл сіздің энергетикаңызға сәйкес келмейтін, сонысымен аяқтан шалып, сәтсіздікке ұшырататын күндерді білу үшін туған күніңіз бен айыңыздағы сандарды есептеу керек. Туған жылыңыз бұл есепке қосылмайды. Мысалы, 17 желтоқсанда дүниеге келсеңіз:

1+7+1+2=11,1+1=2

Яғни, бұл туған күн иесі өзі үшін қауіпті күндерді білу үшін екіліктің сипаттамасына көз жүгіртуге тиіс.


Бірлік

Егер есептеу нәтижесінде осы сан шықса, сіз әр аптаның дүйсенбісінде сақ жүруіңіз керек деген сөз. Сондай-ақ, әр жылдың және айдың алғашқы күндерінде, 11 жұлдызында да ақырын жүріп, аңдап басуды ұмытпаңыз. Осы күндері жақындарыңызбен болмашы нәрсе үшін ренжісу, маңызды шаруаларыңыз ұсақ-түйек кедергінің өзінен іске аспай қалуы бек мүмкін.


Екілік

2 саны әр айдың 2 және 22 жұлдызында абай болу керектігіңізді білдіреді. Сондай-ақ, аптаның сейсенбісі мен жексенбісінде де жан-жағыңызға «екі шоқып, бір қараумен» болыңыз. Өйткені, нумерологтар сізге осы күндері бейтаныс кісілерден келетін қауіптің көбірек екенін айтады. Жаңа таныстықтардан, танымайтын кісілермен қандай да болмасын байланыс жасаудан аулақ болыңыз.


Үштік

Сәрсенбі өзгелер үшін сәтті күн болар, тек сіз үшін емес. Сондықтан, бұл күнгі тағдырыңызды ешкімге сеніп тапсырмаңыз. Әр аптаның сәрсенбісі мен айдың 3, 13 жұлдыздарында күніңізді міндетті түрде алдын ала жоспарлап жүріңіз. Бұл күндерітәуекелге бас тікпеңіз. Барлығын жан-жақты есептеп, көзіңіз жүз пайыз жетіп тұрған нәрсені ғана қолға алыңыз.


Төрттік

Туған күніңіздің сандары қосыла келе осы цифрға әкеп тіресе, әр айдың 4 мен 24 жұлдыздарында адымыңызды аңдап басыңыз. Әр аптаның бейсенбісі мен кібісе жылдарындағы 29 ақпан да осы қатарға кіреді. Мұндай күндері қол қусырып әрекетсіз отырмаңыз, ішіңіздің пысуына жол бермеңіз. Әйтпесе, ары қарай да біраз уақытқа дейін екі қолға бір күрек таба алмай, табысыңыз ортайып қалуы әбден мүмкін.


Бестік

Әр айдың 5, 15, 25 жұлдыздарында және әр аптаның жұмасында күнделікті шаруаларды, әбден қолыңыз да, бойыңыз да үйренген істерді тындыра беріңіз. Тек қиын, маңызды шаруаларды қолға алмағаныңыз жөн. Үлкен жоспарлар мен жаңа жобаларды да іске асыру үшін басқа күнді таңдаңыз.

Алтылық

Есіңізде болсын, әр аптаның сенбісінде, әр айдың 6, 16, 26 жұлдыздарында сауда-саттыққа жоламаңыз. Бұл күні орын алған жаңа таныстықтар да жақсылық әкелмейді. Дәл осы күндерге алдын ала нақты жоспар құрыңыз да, одан бір қадам да тайқымай, ештеңені өзгертпей өткеріңіз. Себебі, осы күндердің энергетикасы тұрақсыз, сәл тайқысаңыз, қиындықтар мен мәселелер жан-жақтан қаумалап кетуі мүмкін.


Жетілік

Әр айдың жетісі мен әр аптаның жексенбісі сіз үшін қауіп-қатерге толы. Нумерологтар бұл күндерді жақындарыңыздың жанында, өзіңізге жайлы ортада өткізуге кеңес береді. маңызды шешім қабылдау керек болса, тым болмағанда ертеңге қалдыра тұрыңыз.


Сегіздік

Бұл сан материалдық дүниемен тығыз байланысты. Сондықтан, есептеуіңіздің нәтижесі сегіз болса, әр айдың 8, 18, 28 күндері ақша жұмсайтын сатып алулардан аулақ болғаныңыз жөн. Жалпы, осы күндері қаржылық операциялардан, мүлікке қатысты құжаттарға қол қою, басқа да процестерден бас тартыңыз.


Тоғыздық

Әр аптаның дүйсенбісі мен сәрсенбісі, сондай-ақ, әр айдың 9 жұлдызы мен соңғы күндерінде барынша сақ болуға, ойыңызды жинақы ұстауға тырысыңыз. Осы күндері бар назарыңыз маңызды істерде болсын. Әрекетсіз отырмаңыз, ішіңіздің пысуына, жалығуға, көңіл-күйіңіздің түсуіне жол бермеңіз. Әр жылдың соңғы күнінде де осы ережені ұстану керегі есіңізде болсын.

Аударған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ