Кімдер табысты жұлдыз белгісінде туған?

0
490
​Бай болған жақсы ғой. Сол байлықты магнитше тартып, табысты молынан таба білетін жандар қатарынан болу одан да жақсы.

Кімдер табысты жұлдыз белгісінде туған?

Бай болған жақсы ғой. Сол байлықты магнитше тартып, табысты молынан таба білетін жандар қатарынан болу одан да жақсы. Расында, біреулердің саусағы қимылдаса болды, табыс өзінен-өзі құйылып жатады. Ал, енді біреулер арқасы жауыр болғанша еңбектенсе де, бір айдан екінші айдың жалақысына дейін әзер жетеді. Мұның сырын түсіндіру үшін әркім әртүрлі себеп пен сылтау айтады. Астрологтардың да өз нұқсасы бар. Олар жылдар бойы осы сұрақтың жауабын іздеп, белгілі бір жұлдыз аясында туғандарға табыс пен байлықтың үйір болатынын анықтапты.

Неге бір жұлдыз белгісінде туғандарға байлық үйіріліп тұрады да, басқаларының қалтасы саяз болады? Бәрі де әр жұлдыз иесінің іс-әрекетіне байланысты. Ендеше, табысты жандар кімдер, ал кімдер табыс кілтін дұрыс пайдалана алмай жүр?

Тоқты

Олар дүние-байлыққа жайбарақат қарайды. Байлық — олардың мақсаты емес. Қаражат — Тоқтылар үшін көздеген мақсатқа жетуге көмектесетін құрал ғана. Ақша мен абыройдың да арасын жақсы ажырата біледі. Осындай анық та, ашық көзқараста болғандығының арқасында, Тоқтылардың қаржы жағынан қашанда жолы болғыш. Жақсы жұмыс істеп қана қоймай, табысты да молынан таба алады. Мұның сыры ақшаға келгенде қиялға ермей, нақты қарай білетіндігінде.

Торпақ

Олар әдетте қаржы жағынан бәрінің алдында жүретіндер болып келеді. Байлығының арқасында қатарының алды болып жүреді және «адам баршылықта өмір сүру керек» деген қағиданы жастайынан ұстанады. Сол себептен бар қаржысын ең алдымен өз жағдайын жасап, қажетті игіліктерін сайлап алуға жұмсайды. Алдымен, үй-жайын қамдап, отбасын, бала-шағасын қаржыландырып, басқа жайттарға содан соң барып мойын бұрады. Табысты отбасы үшін табады, солар үшін жинайды. Ақшасын желге шашатын жаман қасиеттен ада.

Егіздер

Егіздер дәулетке де өзінің аумалы-төкпелі мінезімен, құбылмалы көзқарасымен қарайды. Көңіл-күйі жақсы болса, аянбай еңбектеніп, табыс табуға құлқы бар. Ал, нашар күйде болса, ақша туралы ойланбайды да. Қалтасында көк тиын қалғанша қолдағы барын ойланбай шашып жібере салады.

Көбіне табысын жаңа бір сезімді бастан кешіру үшін жұмсап жібереді. Саяхат, жеңсік ас, жаңа бұйым дегенге келгенде, ақшасын аямайды.

Шаян

Олар ақшаға келгенде өте ұқыпты. Қай кезде де қаржысын есеппен жұмсап, артылдырып, жинақтай алады. Болашақта керемет өмір сүру үшін жинамайды ақшасын. Қаржы қоры деген ол үшін белгілі бір «тосын жағдайларға» арналуы тиіс.

Оның ойынша, адамда қашанда артық қаржы қоры болуы керек. Ол кез келген сәтте қажет боп қалуы мүмкін. Кейде, тіпті, сараң да болып кетеді. Бірақ, осы қасиетінің арқасында әжептәуір қомақты қор жинайды. Ол кезде жақындары ешбір тосын жайдан, дағдарыстан қорықпауына болады.

Арыстан

Арыстандар — максималистер. Кішкентайынан адымын алшаң басып, жақсы өмір сүріп, баршылықта тіршілік кешіп үйренгендер. Қымбат киінеді, қалағанын алады, үй-жай мен көлігі де соңғы үлгіде болады. Ондай өмір сүру үшін, әрине, қажетті жоғарғы табысты да табады.

Арыстандардан қарызға ақша сұрайтындар өте көп. Сондайларға арасында қайтарымсыз беріп те жіберетіні бар. Бірақ, шегін біледі, одан аспайды. Өте белсенділігінің арқасында шашылған қаржының орнын тез-ақ толтырып алады. Бұл оның табыс көзін таба білетін қасиетінің арқасы.

Бикеш

Бикештер ақшаға, табысқа келгенде өте сақ. Оларға барлығы тек адал еңбекпен келетінін өздері жақсы біледі. Сондықтан да әр тиынның қадірін жастайынан ұғып өскен.

Бикештер кедейліктен, тосын жағдайлардан ешкімнің де сақтандырылмағанын, сондықтан, тек өзіне сену керектігін жақсы түсінеді. Өзін көп нәрседен тежеп ұстап, барынша үнемдеуге тырысады. Тіпті, аяқ астынан үлкен байлыққа кенелсе де, бәрібір оны үнемдеп жұмсап, келешегін ойлайтын болады.

Бірақ, сараң деуге де келмейді. Кез келгенге қалтасынан шығарып бере салмаса да, басына шын қиындық түскен жандарға адал ниетімен көмектесе біледі.

Таразы

Бұл белгіде дүниеге келгендердің тез арада жағдайы түзеле қоймайтын себебі, болмайтын жерде үнемшілдік жасап, қажет емес жерде ірі көлемде қаражатты жұмсап қояды. Сонымен қатар, сапалы дүниеге емес, арзанына қарай жүгіре беретіні тағы бар.

Егер, осы бір әдеттерін тастап, ақшаға, тапқан табысына есеппен әрі сыймен қарайтын болса, онда әлдеқашан шалқып дәулетті өмір сүретін еді.

Сарышаян

Жұлдызнама белгіңіз Сарышаян болса, қуана беріңіз. Өйткені, сіз қалағаныңызды орындамай қоймайсыз, егер байлықты көздесеңіз, міндетті түрде жетесіз. Ол үшін күш-қуатыңыз да, ақыл-айлаңыз да жетіп-артылады.

Бір кемшілігі, Сарышаяндар еркіндікті жақсы көреді. Табыс табу үшін осы еркіндігін бұғаулау керек болса, қолын бір сілтеп, еркіндікке кетіп қалуы бек мүмкін.

Мерген

Мергеннің жел сияқты жеңіл екендігін білетін боларсыз. Ақшаға да солай қарайды. Қолы ашықтығы мен сенгіштігінде сөз жоқ. Алдына қарыз сұрап келгенді жақсы танымаса да беріп жібере салады.

Табысты табудай-ақ табады. Егер қиналып тұрмын дегендердің бәріне көмектесе беретін әдетін аздап тежесе, одан бай адам болмас еді. Көңіл-күйі келгенде уыстап шаша салатындығы да оның баюына кедергі. Ол мұндай мінезімен ешқашан қор жинай алмаймын деп қорқады. Дегенмен, табыс оған өздігінен кеп жатады.

Тауешкі

Тауешкі жұлдызында туғандар ақшаға өте адал. Жас кезінен қолында уыстап ақша ұстап жүрсе де, сырттан қараған кісіге қарапайым тіршілік кешіп жатқандай боп көрінеді. Өйткені, расында да, қанша байып жатса да, қарапайым тірішлігінен ауытқымайды.

«Не өзіне, не өзгеге қимайды» деп осыларды айтады. Бірақ, Тауешкілер ақшаны қимағаннан емес, қадірлеп ұстап, жинай білетіндіктен осындай сөзге қалады. Олар ойланбай, кесіп-пішпей жатып ешқашан ақша жұмсамайды.

Суқұйғыш

Суқұйғыштар да ақшаға келгенде қарапайым, ақылмен жұмсайды. Ең бастысы, өзінің шығармашылық қабілетімен табысты мол таба алады.

Шығармашылық дегеннен шығады, мұндай жұмыспен айналысатын адамдар не асқан бай не өте кедей болатынын білетін боларсыз. Тарихта қалған кез келген шығармашылық адамы осы екі категорияның біріне жатады. Олар үшін аралық саты жоқ. Бұлар да солай. Егер өз қабілетін бағалай білсе, діттеген межесіндегі дәулетті жан болып шыға келеді. Ал, бағалай алмаза, жоқшылық ауласынан аса алмайды.

Балықтар

Талантты болғанымен, ақшаны ақылмен, есептеп жұмсай алмайтындықтары — олардың басты кемшіліктері. Осыдан-ақ өздерінің неге қолдарында қаржы тұрмайтынын түсінуге болады.

Тағы бір айта кетерлігі, Балықтар байлықты аса көтере алмайды екен. Егер, уысына қомақты қаржы түссе не бірден байлыққа кенелер болса, мінез-құлқы да тез өзгеріп шыға келеді.

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет