​Төсекте оргазмды сезінбейтіндер дертке ұшырауы мүмкін

0
12 728

Бұған тек әйелдер ғана емес, еркектер де ұшырайды.


​Төсекте оргазмды сезінбейтіндер дертке ұшырауы мүмкін

Еркек пен әйелдің қарым-қатынасындағы төсек ләззатының ағзаға тигізер пайдасы жиі айтылады. Бірақ, сол төсектен ләззат ала алмаса ше? Оның зияны қаншалықты? Төсектен тоят таппау дертке ұшыратуы мүмкін бе?

Сексология ғылымында жыныстық қатынастан ләззат ала алмау, яғни, оргазмды сезінбеу – аноргазмия деп аталады. Бұған тек әйелдер ғана емес, еркектер де ұшырайды. Дегенмен, аноргазмияға еркектерге қарағанда әйелдер көбірек ұшырайтын көрінеді. Оған себеп – интимді қарым-қатынаста әйелдің психологиялық жағдайы маңызды рөл ойнайды.

Аноргазмияның пайда болу себебі не?

Аноргазмия көп жағдайда жүре келе пайда болса да, оның туғаннан болатын түрі де кездеседі дейді мамандар. Жалпы, себептеріне:

  • гормоналды тепе-теңдіктің бұзылуы;
  • жыныстық қатынас кезінде ауырсынуды сезіну;
  • жүктілік;
  • босанудан кейінгі кезең (қынаптың сезімталдығы мен созылуы әсері)
  • серігінің уақытына жетпей қатынасты аяқтап қоюы;
  • жыныстық қатынас уақытының соңына жетпей аяқталуы;
  • гинекологиялық аурулар.

Сол сияқты, аноргазмияның пайда болуы психологиялық жағдайлар да әсер етеді:

  • еркек пен әйелдің жыныстық қатынаста сәйкес келмеуі;
  • бала күнінде деспоттық тәрбие алу (балаға тым қатал болу, баланың жеке тұлға екендігін ұмыттыратын әрекеттер);
  • сексуалды зорлық-зомбылық көру;
  • әйелдің сезім нүктелерінің оянбауы, төсек қатынасына дайындалмау;
  • жүкті болып қалудан қорқу;
  • күйзеліс, невроз, стресс.

Аноргазмияның белгілері

Аноргазмия бірнеше дәрежеге бөлінеді:

  • 1-дәрежесі – оргазм болмаса да жыныстық қатынаста жағымды әсер алу;
  • 2-дәреже – жыныстық қатынасқа селсоқ қарау;
  • 3-дәреже – жыныстық қатынастан жағымсыз және ауырсыну әсерін сезіну.
  • ал белгілеріне мыналар жатады:
  • жыныстық қатынасқа мүлде қызықпау;
  • жыныстық қатынасқа түскенде мүлде әсер алмау:
  • оргазмның болмауы.

Сондай-ақ басым жағдайда әйелдер жыныстық қатынастан соң жүйке жүйесінің сыр беруі, ашушаңдықты сезінеді. Бұдан барып жыныстық салқындық пен невроз, қатынасқа түскенде жағымсыз әсер алуға барып ұласады.

Мұндай жағдайлар еркек пен әйелдің екеуінде де байқалса, ағзаға әсері зиянын тигізбей қоймайды.

Еркек пен әйелдің қарым-қатынасында осынау жағдайлар байқалғанда сексопатологтың кеңесіне жүгініп, дер кезінде ем қабылдау керек. Толық тексеруден өтіп, қосымша лабораториялық сараптама да жүргізіледі.

Аноргазмияның емі негізінен психотерпиялық әдіспен жүргізіледі. Сонымен қатар, кіші жамбас бұлшықеттерін шынықтыру арқылы да іске асады. Әлбетте, емнің нәтижесі еркек пен әйелдің ортақ қызығушылығы мен ерекшеліктеріне мән бере отырып жүзеге асырылады. Қосымша, антидепрессанттар, дәрумендер мен стимуляторлар пайдаланылады.

Қауіптілігі қандай?

Аноргазмияны дер кезінде емдемеу – әсіресе, әйелдерде репродуктивті мүшелердегі қабыну ауруларына және дегенеративті өзгерістерге соқтыруы мүмкін. Зәр жіберу қиындап, құрсақ тұсында ауырсыну, жыныстық мүшеде қышу мен бөртпелер пайда болуы ықтимал.

Ал еркектерде аноргазмияның соңы жыныстық мүшелерде және шат арасындағы ауырсынуға, және жағымсыз әсерді сезінуге апарып соқтырады. Зәр жіберу де қиындайды.