​Еркек пен әйелдің төсектегі 4 қателігі

0
21 705

44-ке дейін жассыз. Басқа жағының бәрін басқаларға қалдырайық. Біздің тақырыбымыз бөлек. Осы жасқа дейінгілердің өзі (ерлі-зайыптылар) төсекте біраз мәселелермен бетпе-бет кездеседі. Тағы да қайталап айтамын, еркек пен әйелдің арасындағы түсінбеушілік «оңаша отаудан» басталады. Осы ретте төсекте еркектің де, әйелдің де жасайтын 4 қателігі болады.


​Еркек пен әйелдің төсектегі 4 қателігі

фото: fotogaleri0.haberler.com

Бұрын қанша жасқа дейін өзіңізді жаспын деп санайтын едіңіз? Әрі кетсе 35 шығар. Енді ол жас ресми түрде 44-ке дейін ұзартылды.

Иә, біреулер «жетіскен екенбіз...» деп те отырған болуы мүмкін. «Болар елдің баласы он бесінде баспын дер, болмас елдің баласы отызында жаспын дер» деген мәтелді бұл жерге киліктірмей қоя тұрыңыздаршы. Алдымен оқып алыңыз, содан соң да пікір айтуға үлгересіз. Жасыңыз осы шамаға жетеқабыл болса, ішіңізден ұнап қалғанын да мойындайтын шығарсыз?!

Ресми түрде 44-ке дейінгілердің барлығы «жас» деп саналады. Содан кейін ғана «орта жас» басталып, ол 60-қа дейін жалғасады. Одан кейінгі кезекте қарттық – 75 жастан кейін келеді. Яғни, «қартаюды» ойламай қоя тұрыңыз. Қайта қуаныңыз. Мұнымен біз сіздің көңіліңізді бір серпілтіп алғымыз кеп отыр.

Ал, 44-ке дейін жассыз. Басқа жағының бәрін басқаларға қалдырайық. Біздің тақырыбымыз бөлек. Осы жасқа дейінгілердің өзі (ерлі-зайыптылар) төсекте біраз мәселелермен бетпе-бет кездеседі. Тағы да қайталап айтамын, еркек пен әйелдің арасындағы түсінбеушілік «оңаша отаудан» басталады. Осы ретте төсекте еркектің де, әйелдің де жасайтын 4 қателігі болады.

Еркектерді сыйлаған халықпыз ғой, сондықтан солардың қателігін бірінші қарастырайық.

Еркектердің №1 қателігі: «Салауатсыз» өмір салты

«Төсек пен өмір сүрудің арасында не байланыс бар?» десеңіз, түнде емес, күндіз де қателік жасайтын адам болғаныңыз.

Ол екеуінің бір-біріне тікелей тәуелді екенін ұққан адамның ғана жатын бөлмеде мәселесі болмайды. Дене еңбегінің жоқтығы, дұрыс демалмау, таза ауада серуендемеу, дұрыс тамақтанбау – еркектердің «климаксын» ерте болдырады. Дөрекі айтсам, кешірім сұраймын.

«Климакс» деген бар және ол еркектерде 55 жастан соң ғана барып белгі бере бастауы тиіс. Оған дейін болса, онда дұрыс өмір сүрмегендігіңіз.

Еркектердің №2 қателігі: Төсектегі қабілетін үнемдеу

Әрбір ер-азамат оқып отырған болса, іштей мақұлдайтын шығар. Кейбір еркектер жасына жас қосқан сайын төсектегі белсенділігін үнемдей бастайды. Яғни, «тым артық қимылдап, көп белсенді болып кетсең, ертерек аттан түсіп қаласың» дегенді естіп алып соған имандай сенеді. «Күш-қуат 40-тан соң да керек болады» деп ойлайды.

Жоқ, бұл шындыққа жанаспайды. Төсектегі белсенділікке деген күш-қуатты үнемдеймін деп расында да «аттан түсіп» қалуыңыз мүмкін. Ол жаспен бірге келетін белсіздікке де ұшырату қауі бар. Төсектің басты қағидасы – жүйелілік және серігіңізді ауыстырмау! Төсекте қалағаныңызша «аунай» беріңіз. Оның пайдасы болмаса, мүлде зияны жоқ.

Еркектердің №3 қателігі: Сақтанбау

Бұл ретте әйелдерге қарағанда еркектер өмір бойы «уайымдауы» тиіс. Ол табиғаттың жаратылысы. Себебі, әйел сияқты емес, еркектер денсаулығын сақтаса, өмірінің соңына дейін бала тудыруға қабілетті. Белсенділігі төмендесе де барды «бар» деп мойындау керек.

Еркектер 80 жасқа келсе де олардың ағзасынан бөлінетін тестостерон мен шауһат мөлшері әрі кетсе 50 пайызға ғана төмендейді екен. Яғни, жыл өткен сайын әке атану қиынырақ болуы мүмкін, бірақ бала таптыруға болады!

Мұны не үшін айтып отырмыз? «Жас келді, менен қайдағы бала?» деп сақтанбауды ұмытып кетіп жүрмегейсіздер. «Байқамай» қалып, өмірге Алпысбай-Жетпісбайлар келіп қалуы ғажап емес. Егер жоспарыңызда болмаса дегеніміз ғой... Сол жаста сәби сүйіп жатсаңыз, қандай керемет!

Еркектердің №4 қателігі: Белсенді ететін дәрілер

Рас, мұндай дәрілер жеме-жемге келгенде, шынын айтқанда, жағдай «сенгенім сен болсаң...» дегенге жеткен кезде көмектеседі-ақ.

Бірақ мұндай дәрілерді біреудің кеңесінен соң алып іше салу және оған «бауыр басып» қалудан абай болу керек. Әсіресе, дәрігердің кеңесінсіз және өз денсаулығыңызды тексеруден өткізбей жатып іше беретін болсаңыз, ерте «қартайтып» аласыз.

Қабілетіңіздің «сеніміңізден шықпай қалуының» себебі неде? Қандай да бір дерт пе, әлде уақытша толқу немесе күйзелістен болды ма? Алдымен ажыратып алу керек.

Төсекке арналған дәрілер тек қана дәрігердің нұсқауымен болуы тиіс.

Ал әйелдердің төсектегі 4 қателігін алдағы күндерде күтіңіз. Міндетті түрде жариялаймыз.

(жалғасы бар)

Дайындаған: Жайнаған Байтұрым