COVID-19: АҚШ ауруханаларында бос орын қалмады

0
1 564

Алабама және Нью-Йорк штатында жұмысқа медицина университінің студенттері тартылуда.


COVID-19: АҚШ ауруханаларында бос орын қалмады

ERNUR.KZ. АҚШ ауруханаларындағы науқастар саны күн санап көбейіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазірдің өзінде елдегі ауруханаларда бос орын жоқтың қасы.


«Ал алдағы Рождество мерекесінде ковид індетін жұқтырғандардың саны күрт өсуі мүмкін», - дейді мамандар.


Pfizer-BioNTech компаниялары шығарған вакциналарды егу шаралары басталғанына қарамастан, АҚШ-та індетті жұқтырғандар саны азаяр емес. Бүгінгі күннің өзінде 160 мыңнан астам америкалық індет жұқтырып, екі мыңға жуығы көз жұмды.

Осы орайда,денсаулық сақтау қызметкерлері мен сарапшылар ауруханалардағы бос орынның тапшылығына қатысты дабыл қағуда. Ресми дерек бойынша АҚШ ауруханаларындағы реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінің 85%-і науқастарға толы. Ал кей штаттарда бұл көрсеткіш 95%-ке дейін жеткен.


- Бізге келіп жатқан науқастардың саны өткен айлармен салыстырғанда өте жоғары болып отыр. Әсересе, ауыр хәлде жатқандар өте көп. Жасанды тыныс алу аппаратымен жатқандары қаншама?! Күн сайын жаңа қиындықтармен күресуге тура келеді. Алдағы күндері ауруханамыздың сыйымдылығы шегіне жетеді. Бұл біз үшін өте ауыр уақыт болғалы тұр, - деді дәрігер Имран Мухаммед.


Қазіргі таңда АҚШ ауруханаларында 115 мыңға жуық адам жатса, оның 22 мыңы дәрігерлердің жіті бақылауында. Ал 8 мыңнан астам америкалық жасанды тыныс алу құрылғысының көмегіне жүгінген.


- Адамдардың қоғамдық орындарда көптеп жиналуы, үйлерде басқосуы, өкінішке орай, әлі де жалғасып келеді. Мұндай немқұрайлық тоқтамаса, науқастар саны көбейе береді. Адамның көптігінен тиісті ем-дом жүргізу де қиын, - дейді дәрігер Ванесса Уолкер.


Қазір елде дәрігерлер мен медбикелердің тапшылығы да байқалады. Мәселен, Калифорния штатындағы ауруханаларға 3 мыңға жуық медицина қызметкерлері кажет екен. Алабама және Нью-Йорк штатында жұмысқа медицина университінің студенттері тартылуда. Осы ретте сарапшылар Рождество мерекесінде америкалықтарды саяхаттаудан бас тартуға шақырады.