Еуропа елдерінде дауылдан 20 адам қаза тапты

0
691

Қала көшелері мен ауыл шаруашылығы орындары өзенге айналды.


Еуропа елдерінде дауылдан 20 адам қаза тапты

ERNUR.KZ. «Киаран» мен «Домингос» Атлантикадан Балқанға дейін, Еуропаның бірнеше еліндегі 20 адамның өмірін қиды, деп жазады inform.kz.

Қала көшелері мен ауыл шаруашылығы орындары өзенге айналды. Құлаған ағаштар, үйдің жел ұшырып әкеткен шатырлары, зақымдалған электр тарату желілері. «Киаран» дауылы мен оның артынша жеткен «Домингостың» салдары осындай.

Табиғат апатынан әсіресе Италия зардап шекті: Тоскана аймағында жеті адам мерт болды, елде екі тұрғын із-түзсіз жоғалып кетті. Кейінгі құрбан – 69 жастағы ер адамның денесі Флоренциядан солтүстік-батысқа қарай орналасқан су басқан жүгері алқабынан табылды.

Пистоя провинциясында билік өкілдері дауыс күшейткішпен тұрғындарды ғимраттардың жоғарғы қабатына шығуға үндеп, құм толтырылған қаптар таратылды.

Тоскана басшысы Эудженио Джани жексенбі күні жүздеген миллион еуро шығын келгенін айтты.

Еуропа бойынша екі дауылдан 20 адам қаза тапты.

ІІМ дерегінше, Францияда құрбандар саны үшеуге жеткен. Тоғыз адам ауыр жарақат алды.

Жексенбі күні Понт-Авен қаласында Enedis компаниясының қызметкері қайтыс болғаны белгілі болды. Оны Францияның оңтүстігінен Бретань қаласына электр желісін қалпына келтіруге көмектесу үшін жіберген. Алдын ала тергеу бойынша, зақымдалған кабельдерді жөндеп жатқан сәтте оны тоқ ұрған.

Болгарияның солтүстік-шығысындағы Шуменск облысында екі адам қаза тапты. Күн күркіреп, нөсер жаңбыр жауып, дауылды жел соққаннан кейін көптеген елді мекен жарықсыз қалды.

Хорватияда, Адриатика жағалауында су тасу қаупіне байланысты ескертудің қызғылт сары түсі жарияланды.

Күзгі циклон қалыпты жағдай екеніне қарамастан жағымсыз ауа райы қарқыны адамның әрекетінен туған жаһандық жылыну салдарынан күшейе беруі мүмкін.