Қайсар қыз қолтырауынның үстіне мініп, құрбысын ажалдан арашалады

0
845

Жыртқыш 9 жасар Латойя Мувани өзенде шомылып жүргенде тап берген.


Қайсар қыз қолтырауынның үстіне мініп, құрбысын ажалдан арашалады

ERNUR.KZ. Зимбабвеның Хванге қаласына қарасты Солтүстік Матабелеленд провинциясында тұратын алтыншы сынып оқушысы өз құрбысын қолтырауынның аузынан құтқарды, деп жазады Stan.kz.

Жыртқыш 9 жасар Латойя Мувани өзенде шомылып жүргенде тап берген. Қолтырауын қыздың аяғы мен қолын бас салып, өзін суға тарта жөнелген. Қыздың жан айқайын жағаға шығып үлгерген 11 жасар Ребекка Мункомбве естіп, құтқара жөнеледі.

«Біздің арамыздағы ең жасы үлкені менмін, сондықтан оны мен құтқаруға тиіспін деп ойладым. Мен жедел суға секіріп, Латойя батып бара жатқан жерге қарай жүздім», - дейді Ребекка.

Қайсар қыз қолтырауынның арқасына мініп алып, оны ұрғылап, тіпті көздерін саусақтармен шұқып жібереді. Бұған шыдамаған жыртқыш қызды жіберіп, өзі бас сауғалаған.

Мұнымен қоймай, Ребекка кішкентай құрбысын жағаға көтеріп алып шыққан. Ауруханаға түскен Латойяның жарақаттары, қуанышқа орай, ауыр болмапты.

Зимбабве мемлекетінде Ніл қолтырауындары кең тараған. Олардың ұзындығы бес метрге дейін жетіп, өз күшімен, тіпті, қара мүйізтұмсық, жираф, арыстан сынды жануарларды жыға алады екен.