Қырғызстанда сиқыршылардың жарнамасына тыйым салынуы мүмкін

0
585

Заң жобасының бастамашысы – Жоғарғы Кеңес депутаты Марлен Маматалиев.


Қырғызстанда сиқыршылардың жарнамасына тыйым салынуы мүмкін

ERNUR.KZ. Қырғызстан оккульттік және магиялық қызметтердің жарнамасына тыйым салуды ұсынды, деп жазады stan.kz.

Заң жобасының бастамашысы – Жоғарғы Кеңес депутаты Марлен Маматалиев. Ол құжаттың қызмет көрсету саласында азаматтардың санасына кез келген оккульттік, магиялық немесе өз пайдасына шешім ұсынатын басқа да сенімсіз әдістерді қолдану арқылы айла-шарғы жасауды болдырмау мақсатында әзірленгенін түсіндірді.

Депутаттың айтуынша, өмірде қиын жағдайға тап болғандар көбіне өз мәселелерінен құтылуға уәде беретін экстрасенс, бақсыларға жүгінеді.

"Жоғары технологиялар мен ғылыми прогресс дәуірінде экстрасенстер мен сиқыршылардың айла-шарғысына түсіп жатқан азаматтардың көптігі қынжылтады", - деді депутат.

Депутат "Жарнама туралы" заңда оккульттік қызмет қарастырылмағанын атап өтті. Маматалиев бақсылар мен сиқыршылардың алаяқтық әрекеттерін жарнамалауға заңнамалық тұрғыдан тыйым салуды ұсынды.