Ливияда су тасқыны: лас судан балалар жаппай уланып жатыр

0
591

Табиғи апаттан қаза тапқандар саны 11,300-ден асты.


Ливияда су тасқыны: лас судан балалар жаппай уланып жатыр

ERNUR.KZ. Ливияда судың ластануы салдарынан кем дегенде 150 бала уланып қалды, деп жазады inbusiness.kz.

Al Jazeera телеарнасының хабарлауынша, бұл туралы Ливия ұлттық бірлігі үкіметінің қоршаған ортаны қорғау министрі Ибрагим Мунир мәлім етті.

"Су деңгейі көтерілгеннен кейін Дерна қаласындағы құдықтарға ластанды. Лас судан уланған балалар саны 150-ге жетті", деді ол.

Оның айтуынша, билік зардап шеккен аудандардың тұрғындарын құдықтағы суды ішпеуге шақырған.

"Дернадағы апат бұрын-соңды болмаған және ахуалды реттеуге біздің мүмкіндігіміз жоқ. Біз әлем елдерін жедел түрде көмек көрсетуге шақырамыз", деді министр.

Денсаулық сақтау органдары Дернада аурудың таралуын болдырмас үшін дезинфекция жұмыстарын жүргізіп жатыр.

ДДСҰ адамдар жаппай жерленген қорымдар маңындағы су қоймаларының ластану қаупі бар екенін ескертеді.

БҰҰ мәліметі бойынша 10 мыңнан астам із-түзсіз жоғалып кеткен, оларды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Ұлттық бірлік үкіметі Дернадағы су тасқынынан 3,252 адам қаза тапқанын айтса, БҰҰ-ның елдегі кеңсесі қаза тапқандар саны 11,300-ден асқанын мәлімдеді.