Мейрамханалардың жұмысына рұқсат берілді

0
415

Өзбекстанда шілде айынан бері кешкі сегізге дейін ашық болған мейрамханаларға түн ортасына дейін жұмыс істеуге рұқсат берілді.


Мейрамханалардың жұмысына рұқсат берілді

ERNUR.KZ. Ол үшін қоғамдық тамақтану орындарының қызметкерлері екпенің екі компонентін алулары тиіс. Kоронавирусқа қарсы республикалық комиссия мейрамханаларға вакцина салдырған қонақтарды ғана қабылдауға кеңес берді, деп жазады 24.kz.

Бехруз Бақтияров Ташкенттегі мейрамханалардың біріне түскі ас ішуге келген. Даяшылар қонақтарын пандемия жағдайындағы талапқа сай қарсы алды.

Дене қызуын өлшеп, вакцина алғандығын нақтылады. Бехруздың айтуынша, екпені кеше ғана салдырған.

"Мен екпенің екінші компонентін алып үлгердім. Вакцина салдырғаным жөнінде телефоныма СМС хабарлама да келген. Бүгін соны көрсетіп мейрамханаға кірдім. Мен екпені коронавирус жұқтырмас үшін алдым. Денсаулық зор байлық қой. Шындығын айту керек, көптеген мейрамханада келген қонақтарды үстіртін ғана тексереді", - деді Бехруз Бақтияров, Ташкент қаласының тұрғыны.

Кей адамдар екпе алмаса да, тамақ ішуге емін-еркін кіріп жүр. Екпе алмағандар мен күмән тудыратын қонақтар өзгелерінен алыс жерге отырғызылады дейді мейрамхана өкілдері. Коронавирусқа қарсы республикалық комиссия жаңа қаулыда вакцина алмаған адамдарды ғимаратқа кіргізбеу бойынша талап қоймаған, кеңес берумен шектелді. Сондықтан ешқандай тыйым жоқ.

"Біздің қызметкерлердің барлығы кеше ғана вакцинаның екінші компонентін салдырды. 24 сағаттың ішінде телефондарына СМС хабарлама келеді. Мейрамханаға келген қонақтарды да тексереміз. Екпе салдырмаған адамдарды кіргізбеу деген сияқты қатаң талап жоқ. Бірақ оларды өзгелерінен алыс жерге отырғызамыз", - деді Атабек Хамидов, мейрамхана әкімгері.

Қабылдамайық десек, біз бұған дейін үлкен шығынға ұшырадық қой. Бүгінгі күнге дейін де жұмысымызға шектеу қойылған. Сондықтан амалсыз осындай шараға барамыз. Өзбекстанның коронавирусқа қарсы республикалық комиссиясы шілде айынан бастап тек кешкі сегізге дейін ашық болған мейрамханаларға түн ортасына дейін жұмыс істеуге рұқсат берген.

Бұл мүмкіндікке ие болу үшін қоғамдық тамақтану орындарының қызметкерлері екпенің кем дегенде екі компонентін алуы керек.

Дегенмен күні кеше ғана көрші ел билігі ZFUZ вакцинасының екінші және үшінші комонентін алуға уақытша тыйым салды. Мамандардың айтуынша, бұл екпе алу науқанын дұрыс жоспарлау үшін қолға алынған шара. Яғни, соңғы уақытта Өзбекстанға көп көлемде вакцина әкелінген. Енді соны пайдалануды ретке келтіру керек. Тағы айта кету керек, қазанның бірінен бастап қызметкерлері екпе салдырмаған қоғамдық тамақтану орындары уақытша жабылатын болады.