Өзбекстан коронавирусқа байланысты шекараны жауып тастады

0
814

Темір жол рейстеріне кері қайту үшін 3 күн беріледі.


Өзбекстан коронавирусқа байланысты шекараны жауып тастады

ERNUR.KZ. Ел аумағында коронавирус инфекциясының расталуына байланысты Өзбекстан халықаралық бағыттың барлық түрі бойынша шекараны жауып тастады, деп жазады ҚазАқпарат.

Шекараның жабылатыны туралы Өзбекстанның премьер-министрі Абдулла Әріпов мәлімдеді. Ол COVID-19 вирусынан ескерту және оның таралуына жол бермеу бойынша арнайы республикалық комиссияны басқарады.

Атап айтқанда, 16 наурыздан бастап шекарадан Өзбекстан аумағына көлікпен кіруге тыйым салынады. Сонымен қатар әуе сапарлары ішінара тоқтатылып, темір жол рейстеріне кері қайту үшін 3 күн беріледі.

Шетелдегі Өзбекстан азаматтары үшін қажеттілік туындаған жағдайда чартерлік рейстер орындалады. Отанына оралуды көздеген өзбекстандықтар екі апталық карантинге жатқызылады. Карантин тәртібін бұзған азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Сонымен қатар, барлық мемлекеттік орган мен мемлекеттік емес ұйымдарда жиындарды өткізуге тыйым салынады. Діни ұйымдарға бұқаралық шараларды өткізуді шектеуге кеңес беріледі. Бұған қоса мектепке дейінгі, орта және жоғары білім беру ұйымдары уақытша карантинге жабылады. Наурыз мерекесіне орай мерекелік жиындар болмайды.

Айта кетсек 15 наурызда Өзбекстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелген еді.