Өзбекстан суды үнемдеу үшін төтенше жұмыс режиміне көшеді

0
544

​Өзбекстан суды үнемдеу үшін келер жылы төтенше жұмыс режиміне көшеді.


Өзбекстан суды үнемдеу үшін төтенше жұмыс режиміне көшеді

ERNUR.KZ. Бұл туралы су ресурстарын тиімді пайдалану шараларына арналған кеңесте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мәлім етті, деп жазады inform.kz.

Жиын барысында Өзбекстанда ішкі көздер су қажеттілігінің 20 пайызын ғана жабатыны айтылды. Климаттың өзгеруін және трансшекаралық өзендерді тиімді пайдаланудағы мәселелерді ескере отырып, 2030 жылға қарай республикада судың жылдық тапшылығы 15 млрд текше метрге жетеді деп болжанып отыр.

Судың 90 пайызы ауыл шаруашылығына бағытталады. Осы ретте оның айтарлықтай бөлігі ысырап болады. Саздан жасалған суару жүйелерінде жыл сайын 14 млрд текше метр су кетеді. Бұл көлем жалпы тұтыну мөлшерінің 36 пайызына тең. Осының кесірінен арналар шетіндегі 175 мың гектар алқапқа су жетіпей қалады. Одан 5 млрд доллар экономикалық шығын келеді.

Суды үнемдеу үшін арналар мен арықтарға бетон құю бірінші кезектегі міндет болмақ. Келер жылы 1,5 мың шақырым, яғни, биылғыдан 4 есеге артық су арнасына бетон құйылады. Ал, 2025 жылы осындай жұмыстармен кем дегенде 2 мың шақырым аумақ қамтылады.

Екінші маңызды міндет – су үнемдейтін технологияларды енгізу. Қазір 4,3 млн гектар суармалы алқаптың 30 пайызында ғана суды ысырапсыз пайдалануға мүмкіндік беретін құрылғылар орнатылған. Оған қолбайлау болып отырған мәселенің бірі – аталған үнемдеу технологиясын енгізген шаруаларға несиенің бір бөлігін өтейтін механизімнің жоқтығы. Сондықтан жиында қаржыландырудың жаңа жүйесі айқындалды. Осылайша, су үнемдеу технологияларын енгізуге ниет білдірген кластерлер мен шаруа қожалықтары үшін 2 жылдық жеңілдікті кезеңмен, 14% жылдық мөлшерлемемен 5 жылға несие беріледі.

Үшінші маңызды міндет – суды жеткізу шығындарын азайту. Атап айтқанда, тұтынатын судың 63 пайызы сорғы станциялары арқылы алынады. Кеңесте мәлім болғандай, олардың тозу деңгейі 80 пайызға дейін жеткен. Өзбекстан басшысы шығынды азайтудың және тиімділікті арттырудың ең дұрыс жолы сорғы құрылғыларын жаңарту және оларды басқаруды жеке серіктестікке беру екенін баса айтты.