Польшада 16 жастағы қазақстандықты атып өлтірген күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін

0
1 010

Оқиға абайсызда емес, қасақана жасалған.


Польшада 16 жастағы қазақстандықты атып өлтірген күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін

ERNUR.KZ. Польшада 16 жастағы қазақстандықты өлтірді деген күдікпен ұсталған бұрынғы полицей өмір бойына түрмеге тоғытылуы мүмкін. Бұл туралы жергілікті аудандық сот хабарлаған, деп жазады nur.kz.


"Сот ұсталушыны үш ай мерзімге қамауға алды. Бұл қылмыс үшін 25 жыл немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", - дейді аудандық соттың өкілі Люблина Барбара Марковска.


Польша аңшылық істері жөніндегі ведомствосының болжауынша, оқиға абайсызда емес, қасақана жасалған.

"Бұл аңшылықтағы қайғылы оқиға емес. Бұл әдеттегі бандиттік әрекет. Біздің білуімізше, танылмаған нысананы ату туралы әңгіме болған жоқ, нысана жарықтандырылды. Менің ойымша, ол (күдікті - ред.) бұл аң емес, адам екенін көруі керек еді", - дейді Аңшылық бойынша жоғары кеңестің президенті Рафал Малец.


Жасөспірімді атқан 51 жастағы экс-полицейдің қаруға лицензиясы болғаны анықталды. Сонымен қатар, ол марқұм жастар алмасу бағдарламасы бойынша оқыған интернаттан 200 метрдей жерде көп пәтерлі үйде тұрғаны белгілі болды.


"Біздің анықтауымызша, оның 4 аңшылық қаруы болған, бірақ ешқашан психологиялық сынақтардан өтпеген. Оған полиция қызметкері ретінде аң аулауға рұқсат берілді. Ол алкогольді асыра пайдаланып, өзін агрессивті ұстағанына қарамастан, қару лицензиясынан айырылған жоқ", - дейді жергілікті басылым журналистерінің бірі.


Еске салайық, 16 жасар қазақстандық Польшада атылған оқтан көз жұмды. Кісі өлтірді деген күдікті өзін сол кеште аң ауладым деп, баланы аңға ұқсатып алғанын айтып ақталған.

Кейінірек Қазақстанның Варшавадағы елшілігі Польшадағы қазақстандық студенттің қайғылы қазасына қатысты тергеуді ерекше бақылауда ұстайтынын мәлімдеген болатын.