Үйдегі шаң семіздікке алып келуі мүмкін

0
2 174

Балалар күн сайын 60-тан 100 миллиграммға дейін үй шаңын жұтады екен.


Үйдегі шаң семіздікке алып келуі мүмкін

ERNUR.KZ. АҚШ ғалымдары үйдегі қарапайым шаң-тозаңның эндокрин бұзылуының дамуы мен семіздікке алып келуі мүмкін екенін анықтады. Бұл туралы MedicalNewsTodaу басылымы жазды, деп жазады тengrinews.kz.

Дьюк университетінің зерттеушілері үйдегі шаң-тозаң эндокрин жүйесінің бұзылуы арқылы семіздікке алып келуі мүмкін екенін дәлелдейтін дәйектерді келтірген. Зерттеу барысында ғалымдар 194 үйден шаң-тозаңның үлгілерін жинаған. Зертханада молекулалық сараптама жүргізген.

Мамандар зерттеген шаң үлгілерінің құрамынан 100-ден аса химиялық зат табылды. Ғалымдардың айтуынша, осы жүздеген заттардың 70-і эндокриндік жүйе органдарының жұмысында теріс өзгерістер тудыруға қабілетті химикаттар болған.

"Май тінінің өсуіне ықпал ететін химикаттар артық салмақ немесе семіздікке ұшыраған балалар үйлерінде алынған үлгілерде болған. Бұл химиялық заттарды тұрмыстық тазалау құралдары мен пластиктен табуға болады", - деп хабарлады жоба авторлары.

Мамандар АҚШ-тың қоршаған ортаны қорғау жөніндегі агенттігінің мәліметтеріне сүйеніп, балалардың күн сайын 60-тан 100 миллиграммға дейін үй шаңын жұтатынын айтады. Олар өткен зерттеулерде шаңдағы заттардың әсері мен фертильдік бұзылыстардың дамуы, сондай-ақ бауыр мен обыр ауруларының пайда болу қаупінің жоғарылауы арасындағы байланыс анықталғанын еске салады.