«Банктегі және микроқаржы ұйымындағы қарызды реттеуге көмектесемін»: жосықсыз делдалдарға сенбеңіз

0
444

Қазақстанда жеке төлем үшін кредиттерді қайта құрылымдау бойынша қызметтер ұсынатын жосықсыз делдалдар көбейіп барады.


«Банктегі және микроқаржы ұйымындағы қарызды реттеуге көмектесемін»: жосықсыз делдалдарға сенбеңіз

ERNUR.KZ. Алаяқтар тұтынушылық кредиттер және микроқарыздар бойынша мерзімі өткен қарыздарды реттеу рәсіміне өтініштер жазу және кредиттік ұйымдарға ұысну бойынша қызметтер ұсынады. Олар азаматтарды өз бетінше ұсынылған өтініштер қарастырылмайды деп иландырады. Бұл қате түсінік! Қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында 2021 жылғы 1 қазаннан бастап кредиттік ұйымдардың төлемге қабілетсіз қарыз алушылар-жеке тұлғалардың берешегін реттеудің бірыңғай заңнамалық тәртібі қолданылады. Банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтардың қарыздар мен микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешектерін қайта құрылымдауға өтініштерін заңнамалық деңгейде қарауға міндетті. Қарыз алушылардың іс-қимыл алгоритмі қарапайым және бұл үшін ешкімге ақша төлеудің қажеті жоқ!

Fingramota.kz азаматтардың кредит бойынша мерзімі өткен берешек пайда болған жағдайда, олардың іс-қимыл алгоритмін еске салады.
1. Банк немесе МҚҰ қарыз алушыны төлем мерзімі өткені жөнінде ол басталған сәттен бастап 20 күн ішінде хабардар етуге міндетті. Хабарламада кредиторлар сонымен қатар, азаматтарды мыналар:
  • пайда болған төлем мерзімі өтудің нақты мөлшерін көрсете отырып, төлемдер енгізу қажеттілігі туралы;
  • қарыз алушы-жеке тұлғаның кредиторға жүгіну құқығы туралы;
  • кредиттер мен микроқарыздар бойынша өз міндеттемелерін орындамаудың салдары туралы хабардар етуге тиіс.
Сондықтан, егер қарыз алушы өз міндеттемелерін орындай алмаса, онда ең алдымен банкке немесе микроқаржы ұйымына өтінішпен жүгіну қажет. Ешқандай жағдайда кредит берушіден жасырынуға болмайды! Қалыптасқан жағдайды оң шешу қарыз алушының ғана емес, кредиттік ұйымның да мүддесі үшін маңызды. Сондықтан, реттеу шаралары неғұрлым ертерек қабылданса, қарызды өтеудің өзара қолайлы нұсқасы соғұрлым тезірек табылатын болады.
2. Төлем мерзімінің өтіп кеткені туралы кредит берушіден хабарлама алғаннан кейін қарыз алушы мерзімі өтіп кеткен күннен бастап 30 күн ішінде жазбаша өтінішпен немесе шартта жазылған өзге де тәсілмен кредитті қайта құрылымдау үшін қызмет көрсетілетін қаржы ұйымына жүгінуі қажет.
Өтініште мыналарды көрсету қажет:
1. Өз міндеттемелерін орындамау себебін көрсету. Қолыңызда қиындықтарды растайтын құжаттар болуы маңызды.
2. Міндеттемелерді орындау бойынша өз нұсқаларын ұсыну.
Заңнамаға сәйкес кредит беру шартының талаптарына өзгерістер енгізу кезінде мыналар көзделеді:
  • қарыз немесе микрокредит бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендету жағына қарай өзгерту;
  • негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру;
  • берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін, оның ішінде негізгі борышты басым тәртіппен өтей отырып өзгерту;
  • қарыз мерзімін өзгерту;
  • мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіру, айыпақының (айыппұл, өсімпұл), комиссиялардың және банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты өзге де төлемдердің күшін жою;
  • кепіл берушінің ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті өз бетінше сатуы;
  • кредит берушіге кепіл мүлкін беру арқылы кредит беру шарты бойынша міндеттемені орындаудың орнына бас тарту төлемін беру;
  • сатып алушыға кредит беру міндеттемесін бере отырып, ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті сату.
Банк өтінішті қабылдауға, тіркеуге және қарауға міндетті. Күнтізбелік 15 күн ішінде:
  • сіздің шарт талаптарына ұсынған өзгерістеріңізді қабылдай отырып келісетіні;
  • шарт талаптарын өзгерту туралы өз нұсқаларын ұсынатыны;
  • уәжді негізделген себептерін көрсете отырып, бас тартуы туралы жауап беруі керек.
Мынадай қалыптасқан жағдайлар шартқа өзгерістер енгізу туралы өтінішпен кредиторға жүгіну үшін негіз болуы мүмкін:
  • қарыз алушының жұмыссыз қалуы;
  • халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы (ХӘОТ) не атаулы әлеуметтік көмек алушы мәртебесін иелену;
  • ауруына байланысты уақытша жұмысқа жарамсыздық;
  • бала күтіміне байланысты демалысқа шығу;
  • мерзімді әскери қызметке шақырылу;
  • жақын туысының, жұбайының (зайыбының) қайтыс болуынан қосымша шығыстардың болуы;
  • материалдық шығынға ұшырау (ұрлау, өрт, су басу және т.б.).
Маңызды! Қарыз алушының өзі кредиторға қаржылық және әлеуметтік жағдайы туралы ақпарат беруі, міндеттемелерін толық көлемде орындауға мүмкіндік бермей отырған кірісінің азаю не болмау фактісін растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс. Сұратылған құжаттарды ұсынбау қарыз алушының өтінішін қараусыз қалдыру үшін негіз болып табылады.
Жасалған қарыз шартының талаптарына өзгерістерді мақұлдау туралы шешімді кредитордың уәкілетті органы қарыз алушының міндеттемелерін шарттың қолданыстағы талаптарымен орындай алмайтынын растайтын құжаттарды қарау және оның төлем қабілетін бағалау нәтижелері бойынша қабылдайды.
Шарттың талаптарына өзгерістер кредитор осындай шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде енгізіледі.
Егер қарыз алушы банкпен немесе МҚҰ-мен келісімге қол жеткізе алмаған жағдайда, ол ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (бұдан әрі – Агенттік) жүгінуге құқылы. Бұл ретте кредиторға жүгінгеніңізді және өзара қолайлы шешімге қол жеткізбегеніңізді растайтын құжатты ұсыну қажет. Агенттік өтініш негізінде өз өкілеттігі шеңберінде кредиторға қатысты құжаттамалық тексеруге бастамашылық жасайды және тексеру іс-шаралары аяқталғаннан кейін кредитордың іс-әрекеттерін бағалауды ұсынады.
Агенттік ХӘОТ-қа жататын қарыз алушы-жеке тұлғадан келіп түскен өтінішті қарау кезеңінде сотқа талап қою арқылы не соттан тыс тәртіппен кепілге салынған мүліктен ақы өндіріп алуға жол берілмейтінін атап өтеміз.
Анықтама үшін! 2021 жылы енгізілген төлем мерзімі өткен берешекті реттеудің бірыңғай және міндетті тәртібі өзінің тиімділігін көрсетті және 1,3 млн қарыз алушыға шарттардың талаптарын өзгертуге мүмкіндік берді, оның ішінде 2023 жылы кредиторлар 815 мың қарыз алушының (330 мың банк қарыз алушысы, 485 мың МҚҰ қарыз алушысы) қарыздарын қайта құрылымдауды жүргізді.
Егер қарыз алушы кредиттік ұйымға жүгінбеген жағдайда не болады?
Егер реттеу процесі басталмаса, кредитор төлемге қабілетсіз қарыз алушыға қатысты мынадай шаралар қолдануға:
борышкердің шотынан қарызды өтеу есебіне қаражат алуға (жәрдемақылар, алименттер, тұрғын үй төлемдерін, нотариустың депозиті талаптарында енгізілген ақшаны, білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша ақшаны алуға арналған арнайы шоттарды қоспағанда);
берешекті сотқа дейінгі өндіріп алуға және реттеуге коллекторлық агенттікке беру немесе талап ету құқығын үшінші тұлғаларға беруге құқылы.
кредиторлар мәжбүрлеп өндіріп алу үшін сотқа жүгінуі мүмкін.
Кредитті ресімдеу кезінде асықпаңыз, алдымен банктің, МҚҰ-ның қандай комиссиялары мен талаптары бар екенін зерделеп алыңыз. Қысқа мерзімге берілетін кредитті қарастырыңыз және кредиттік шартқа қол қоймас бұрын оның барлық талаптарын оқып шығу керек. Кредитті ресімдеу туралы шешім қабылдамас бұрын, жан-жақты ойланыңыз. Өз атыңызға кредит ресімдеудің келешекте сіздің қаржылық

әл-ауқатыңызға әсер етуі мүмкін екенін ұмытпаңыз.