​Микроқарыз: шартқа қол қоймай тұрып ол туралы нені білу керек

0
718

Бүгінгі күні микроқарыздар кейбір азаматтар үшін қаржылық мәселелерді шешудің танымал тәсілі болып табылады.


​Микроқарыз: шартқа қол қоймай тұрып ол туралы нені білу керек

Жылдам ақша алып, қаржыға кенелу перспективасы қаншалықты қызықты болса да, сіз барлық тәуекелдерді есте сақтауыңыз керек. Өйтпеген жағдайда, сіз қарызға белшеңізден батуыңыз мүмкін, ал сіздің кірістеріңіз қарызды төлеуге кетеді, деп жазады ERNUR.KZ.

Осындай жағдайға тап болмас үшін не істеу керек?
Шын мәнінде, микрокредитті іс жүзінде кредит десе де болады, тек сомасы аз және өтеу мерзімі қысқа. Мұндай қарыздарды микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) береді. Тиісінше, қарыз алушыларға қойылатын талаптар әлдеқайда төмен, осы себепті жаңа клиенттердің МҚҰ-ға қызығушылығы өте жоғары.
fingramota.kz сайты мәлім еткендей, Қазақстандық заңнамаға сәйкес МҚҰ-ы микрокредиттің екі түрін ұсына алады. Бұл:
1) 20 мың АЕК-тен аспайтын мөлшерде қамтамасыз етумен не қамтамасыз етусіз жеке және (немесе) заңды тұлғаларға берілетін микрокредиттер;
2) 50 АЕК-тен аспайтын сомаға және 45 күнтізбелік күнге дейінгі мерзімге жеке тұлғаларға берілетін микрокредиттер.
Алайда, егер сіз микрокредит алуды шешсеңіз де, алдымен ұйымның өз атауында «микроқаржы ұйымы» деген сөз тіркесі бар екеніне көз жеткізіңіз. Өз қауіпсіздігіңіз үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) сайтында МҚҰ-ның тиісті лицензиясы бар ма, жоқ па екенін тексеріңіз.
Ұйымды тексергеннен кейін кредиттік шартты зерделеп, сыйақы мөлшерлемесінің мөлшеріне назар аударыңыз: 50 АЕК дейінгі сомаға және тек жеке тұлғаларға берілетін 45 күнге дейінгі қысқа мерзімді микроқарыздар бойынша МҚҰ сыйақының номиналды мәнін көрсетуге міндетті. 30 АЕК-ке дейінгі мөлшердегі микрокредит бойынша сыйақы қарыз сомасының 20%-ынан аспауға тиіс, 30-дан 50 АЕК-ке дейінгі мөлшердегі микрокредит бойынша – 15%-дан аспауға тиіс. Бұл ретте, МҚҰ күніне кемінде 1% өндіріп алуға құқылы. Сондай-ақ шартта сыйақы сомасын ескере отырып, микрокредиттің нақты құнын көрсететін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері көрсетіледі. Мұндай микрокредит бойынша артық төлемнің жалпы мөлшері қарыз сомасының 50%-ынан аспауға тиіс.
Қалған микрокредиттер бойынша шартта жылдық мәндегі сыйақы мөлшерлемесі, сондай-ақ жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі көрсетіледі, ол 56%-дан аспауға тиіс. Осы деректердің барлығын, сондай-ақ өтеу сомасын, мерзімін, әдісі мен тәсілін, шарт бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін айыпақы мен артық төлем мөлшерін МҚҰ шарттың титулдық парағында көрсетуге міндетті екенін айта кету керек.
Кредитті ресімдеу кезінде сауалнамаға назар аударыңыз – МҚҰ олардың төлемі микрокредиттің қорытынды сомасынан ұсталатын етіп қосымша қызметтер туралы тармақтарға белгі қоюы мүмкін. Егер сіз осы кезеңде қажет емес тармақтарға мән бермеген болсаңыз, оларды шарттан таба аласыз – сондықтан оны мұқият оқып шығу керек.
Сондай-ақ, 45 күнге 50 АЕК дейінгі қысқа мерзімді микрокредит көбінесе бөліктермен емес, микрокредиттің қолданылу мерзімінің соңында біржолғы төлеммен өтелетінін ұмытпаңыз.
МҚҰ-ның төлемді кешіктіру жағдайында қандай санкциялар салатынын міндетті түрде нақтылап алыңыз. Заң бойынша айыппұл мөлшері әрбір төлем мерзімі өткен күн бойынша орындалмаған міндеттемелер сомасының 0,5%-ынан аспауға тиіс.