Сиыр жайып, ит-мысықты серуендеткенде қағиданы бұзсаңыз айыппұл арқалайсыз

0
6 278

Шымкентте 5,5 мыңға жуық тұрғынға экополицейлер айыппұл салған.


Сиыр жайып, ит-мысықты серуендеткенде қағиданы бұзсаңыз айыппұл арқалайсыз

Қазіргі таңда табиғатты қорғау үшін арнайы экополицей қызметі құрылған.

Шымкент қаласындағы экополицейлер 2018 жылдан бері қызмет етіп келеді. Осы орайда ERNUR.KZ тілшісі Шырайлы Шымқаланың табиғатын қорғайтын экополицейлер туралы толығырақ білу үшін сауалдар дайындап, Шымкент қаласының Полиция департаментіне жолдаған болатын.

Сұрақтарға Шымкент қалалық Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бөлімше бастығы полиция майоры Алиев Данабай Құдіретұлы жауап берді.


Экополицейдің негізгі міндеттері қандай?

Экологиялық полиция атауы Табиғатты қорғау полициясы деп аталады. Оның негізгі міндеттеріне:

- қоршаған ортаны қорғау, жануарлар дүниесін қорғау, өнімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдарға қоршаған ортаны қорғау, күзету, жануарлар және өсімдіктер дүниесін қорғау, өнімін молайту және пайдалану саласындағы заңнаманы бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша көмек көрсету;

- экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу;

- қоршаған ортаны қорғау, жануарлар және өсімдіктер дүниесін қорғау, өнімін молайту және пайдалану саласындағы заңнаманы бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу және ашуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және жүзеге асыру.


Құқық бұзған тұрғындарға қандай шара қолданылады?

Әкімшілік құқық бұзған тұлғаларға «ескерту» және «айыппұл» шаралары көзделген.


Экополицейлер құқық бұзған тұрғындарға бірінші кезекте ескерту бере ме?

Құқық бұзған тұлғаларға қатысты заңнамада көзделген тәртіпте ескерту беріледі.


Қазіргі таңда қалада қанша экополицей бар?

Шымкент ҚПД Жергілікті полиция қызметі басқармасында табиғат қорғау полициясы қызметкерінің 2 штаты бар (аға инспектор, инспектор). Қазіргі таңда, Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарына табиғат қорғау полициясының әр қайсысына 2 штаттан, барлығы 8 штат енгізу жоспарлануда.


Қала тұрғындары экополицейлерге шағым түсіре ала ма? Қандай жағдайда?

Табиғат, экологиялық қылмыстар мен құқықбұзушылықтар бойынша шағым түсіре алады. Қала тұрғындары экологиялық құқық бұзушылықтар бойынша Шымкент қаласының Полиция департаментіне және оған қарасты Жергілікті полиция қызметі басқармасына, сондай-ақ аумақтық учаскелік полиция пунктеріне немесе аудандық Полиция басқармаларына шағымдана алады.


Осы уақытқа дейін қанша тұрғынның шағымы негізге алынды?
Экологиялық құқық бұзушылықтар бойынша 35 тұрғынның шағымы қаралып, процессуалдық шешімдер қабылданған.


Экополицей қызметі құрылғалы бері қанша құқықбұзушылық орын алды?

Шымкент қаласы мегаполис мәртебесіне ие болғалы 3 жылға жуық уақыт болды. Сол уақыттан бері Жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғат қорғау полициясы қызметкерлерімен жер қойнауын өз бетінше пайдаланудың - 16 жайты, балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алудың - 1 жайты, балық қорларын қорғау қағидаларын бұзудың - 1 жайты, өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу бойынша - 6 жайт. Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдаудың - 6 жайты анықталды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу- 1123, қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру - 4028 жайт, жасыл екпелерді күтiп-ұстау және қорғау қағидаларын бұзудың 43 жайты анықталды.


Экополицейлер тұрғындар өтініші бойынша жұмыс жасай ма?

Табиғат қорғау полициясы қызметкерлері функционалдық міндеттеріне сәйкес қызмет атқарады. Қызмет атқару кезінде тұрғындардың өтініштерін назарға алады.


Қандай экологиялық құқықбұзушылықтарға айыппұл салынады? Айыппұл көлемі қанша?

Барлық экологиялық құқық бұзушылықтар бойынша айыппұл салу қаралған. Атап айтқанда:

Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу фактісі бойынша жеке тұлғаға 29170 теңге заңды тұлғаларға 87510 теңгеден бастап 291700 теңгеге дейін айыппұл салынады.

Жасыл екпелерді күтiп-ұстау және қорғау қағидаларын бұзу бойынша ескерту немесе жеке тұлғаға 43755 теңге, заңды тұлғаларға 87510 теңгеден бастап 437 100 теңгеге дейін айыппұл салынады.

Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу фактісі бойынша ескерту немесе жеке тұлғаға 3 АЕК (8751 теңге) айыппұл салынады.

Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру фактісі бойынша ескерту немесе жеке тұлғаға 58340 теңге (20 АЕК) заңды тұлғаларға 87510 теңгеден бастап 291700 теңгеге дейін айыппұл салынады.


Экополицейлер қандай құқықбұзушылықтарды анықтайды? Нақты тізімі қандай?

Табиғат қорғау полициясы қызметкерлері жер қойнауын өз бетінше пайдалану, балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу, балық қорларын қорғау қағидаларын бұзу.

Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау сияқты қылмыстарды анықтап, тергеу реттілігімен қылмысты қудалау органдарына шара қолдану үшін жолдайды.

Сондай-ақ балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу, жасыл екпелерді күтiп-ұстау және қорғау қағидаларын бұзу, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу, қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру құқықбұзушылықтарын анықтайды.


Экополицейлердің тұрғындармен кері байланыс жұмысы ұйымдастырылған ба? Қандай да бір әлеуметтік желіде арнайы парақша бар ма?

Табиғат қорғау полициясы тұрғындармен кері байланыс орнатылған. Департамент жанындағы «Жедел әрекет ету» чатына табиғат қорғау полиция қызметкерлері енгізілген. Экологиялық құқық бұзушылықтар «Инстаграм», «Фейсбук» әлеуметтік желідегі «Шымкент қаласының Полиция департаменті» парақшаларында жарияланады.


Қала тұрғындары экополицейлермен қалай байланысады?

Қала тұрғындары экологиялық құқық бұзушылықтар бойынша тікелей 54-02-37 нөмері немесе «102» арқылы байланыса алады.


Осы уақытқа дейін экологиялық құқық бұзушылыққа байланысты қанша тұрғынға ескерту берілді және қанша адамға айыппұл салынды?
Экологиялық құқық бұзушылықтарға байланысты 5498 тұлғаға «ескерту» берілсе, 3296 айыппұл салынды.