Көлік қозғалғанда ДІРІЛДЕСЕ НЕ ІСТЕУГЕ БОЛАДЫ?

0
2 638

Бұл жайсыздықтың сан түрлі себебі бар.


Көлік қозғалғанда ДІРІЛДЕСЕ НЕ ІСТЕУГЕ БОЛАДЫ?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Көліктің жүрген кезде дірілдеуіне бірнеше себеп бар. Мұндай ақаулар оқта-текте немесе үнемі орын алуы да мүмкін. Әсіресе белгілі бір айналымда, жылдамдықты жоғарылатқанда немесе тежеу кезінде байқалады. Ақаудың себебі әртүрлі механизмдер, түйіндер мен жүйелер ғана емес, сапардың нақты шарттары болуы да мүмкін, мысалы, жүргізушінің тәжірибесіздігі, шектен тыс жүктеме, нашар жанармай және т.б. Яғни осындай себептерге байланысты тартылу сипаты мен қарқындылығы өзгереді.


КӨЛІК ҚОЗҒАЛҒАНДА ДІРІЛДЕЙДІ – СЕБЕПТЕРІ

Жағдайдың шарттары мен сипатын ескере отырып, көліктің қозғалыс кезінде дірілдеуінің себептерін екі топқа бөлуге болады — жүргізушінің кінәсінен жасалған субъективті және объективті немесе техникалық себептер.

Субъективті себептер

Себептердің бұл санаты тек тәжірибенің аз болуына байланысты белгілі бір қателіктер жіберетін жүргізушілерге қатысты:

  • Қызбаған қозғалтқыш. Бұл жағдай жылдың суық мезгіліне жиі орын алады. Яғни, қозғалтқыш жұмыс температурасына дейін қызбаса, көлік құралы әсіресе қозғалыстың басталғанда дірілдеуі мүмкін.
  • Көлік серпіліспен қозғалады. Яғни, кейбір тәжірибесіз жүргізушілер ілініс педальі мен газ педальінің байланысын дұрыс үйлестіре алмайды немесе берілісті дұрыс сала алмай қалады.
  • Автокөлік жылдамдықты арттырған кезде дірілдейді. Бұл да алдыңғы жағдайдағыдай. Байқаусызда ағымдағы қозғалыс қарқынына сәйкес келмейтін берілісті қоссаңыз, машина міндетті түрде дірілдейді. Мысалы, 20-30 км/сағ. жылдамдықпен келе жатып, екінші деңгейден бірден төртінші деңгейге өтіп кетсеңіз, газ педальына қатты қысым жасайсыз.


Объективті (техникалық) себептер

Егер қозғалтқыш қызып, беріліс дұрыс ауысқан жағдайда да көлік дірілдесе, ақауды қозғалтқыштың өзінен немесе қондырғылар мен механизмдерден іздеу керек. Мұндай жағдайда ақаудың пайда болуына бірнеше себеп әсер етуі мүмкін:

  • Электрониканың бұзылуы.
  • Жанармаймен жабдықтау жүйесіндегі ақаулар.
  • Тұтану ақаулары.
  • Беріліс қорабының ақаулары.
  • Нашар жанармай құю.
  • Ауа немесе отын сүзгісінің бітелуі.


КЕҢІНЕН ӘҢГІМЕЛЕСЕК


Электрониканың бұзылуы

Көбіне, «газды» жіберген кезде болатын дірілдеу мәселесі қозғалтқыштың электронды басқару блогын реттеу арқылы шешіледі. Бұл ақау қалыпты жұмыс кезінде параметрлердің бұзылуынан немесе олардың дұрыс өзгермеуінен туындайды.

Қазіргі көліктер көптеген сенсорлармен, қозғалтқыштың параметрлерін үнемі өлшеп тұратын және сигналдарды электронды басқару блогына жіберетін басқа да құрылғылармен жабдықталған. Сонымен қатар, электронды блоктың сигналдары бойынша қозғалтқыштың жұмыс сипаттамаларын өзгертетін жетектердің саны да аз емес. Ал, олардың істен шығуы машинаның дірілдеуіне себеп болады. Әрине, заманауи автомобильдің электроникасының барлық компоненттерін тізіп шығу қиын. Сондықтан олардың ең маңыздыларын қарастырайық:

ДМВР. Бұл сенсордың сигналдары жану камераларына түсетін жанғыш қоспадағы ауаның пропорциясын реттейді.

АХХ. Клапан электронды басқару блогынан келетін сигналдар бойынша бос жүріс айналымдарының шамасын реттейді.

ДПРВ. Бұл сенсор жану камераларында қоспаның инъекциясы мен тұтануын бақылау үшін біліктің орналасу параметрлерін өлшейді.

ДПДЗ. Датчик дроссельдің ағымдағы күйі туралы сигналдарды үнемі электронды басқару блогына жібереді.


Қозғалтқыштың қуат жүйесіндегі ақаулар

Егер көлік қозғалған кезде дірілдеп тұрса, себептерді алдымен жанармай жүйесінен іздеу керек. Оның негізгі элементі – жанармай сорғысы, оның істен шығуы қозғалтқыштың да істен шығуына соқтыруы мүмкін. Көбіне бензин сорғысының салдарынан діріл жоғары жылдамдықта немесе жүктеме ауыр болғанда сезіледі. Бұл қозғалтқыштың шамадан көп отын тұтынатындығына және сорғы берілген көлемді қамтамасыз ете алмайтындығына байланысты.

Ал жеткізілетін жанармай мөлшерінің азаюы тығыздағыштың зақымдануы немесе тозуы, сорғының ішіне орнатылған тордың ластануы, диафрагманың немесе клапанның тозуына байланысты болуы мүмкін.

Қозғалыс кезінде көліктің дірілдеуіне себеп болатын тағы бір жағдай – дроссель механизмінің ластануы, тозуы немесе зақымдануы. Бірінші жағдайда демпфер жабысып қалады, ал оны жою үшін тазалау жеткілікті. Екінші және үшінші жағдайда жарамсыз қосалқы бөлшекті ауыстыру немесе жөндеу қажет болады.


Тұтану жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі

Тұтану жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі, әдетте, жану камераларында отын-ауа қоспасының ерте немесе кеш тұтануы және мүлдем болмауы түрінде көрінеді. Ең алдымен, сіз осындай жағдайларға назар аудара отырып, шамдарды тексеруіңіз керек:

Көміртектің болуы тұтанудың бұзылғанын көрсетеді.

Контактілер арасындағы алшақтық регламентте көрсетілген параметрлерге сәйкес келуі керек.

Ұшқын өте күшті, көк немесе күлгін түсті болуы керек.

Шамдардағы қара көміртектің болмауынан бөлек, ерте тұтануды келесі белгілер арқылы анықтауға болады:

Қозғалтқышты бірден іске қосу қиын.

Бос жылдамдықта қозғалтқыш дұрыс жұмыс істемейді.

Клапандардың с»аусақтарының» ерекше соққысы пайда болды.

Отын шығыны артқан кезде қуат төмендейді.

Жақсы жұмыс істейтін шамдардың тұтану катушкасының және жоғары вольтты сымдардың күйін тексеру керек, бұл жылдамдығы жоғары автомобильдерге қатысты. Зақымдану және тоқтың ағымы мегомметрдің көмегімен тексеріледі.

Инжекторлық және дизельді қозғалтқыштары бар автомобильдер үшін инжекторларды тексеру де өзекті болып саналады. Өйткені бұл жабдық та көліктің дірілдеуіне себеп болады. Көбінесе бұл ластанудан немесе тозудан, сирек зақымданудан болады. Инжекторлардың ақаулары жану камераларына отынның аз немесе шамадан тыс көп түсуіне соқтырып, бұл қозғалтқыштың дұрыс жұмыс істемеуіне әкеледі.


Беріліс қорабының бұзылуы

Көлік жүргізу кезінде көліктің дірілдеуіне түрткі болатын себептердің көзі – көбіне беріліс қорабы болып саналады. Бұл ілінісу ақаулығы, автоматты немесе механикалық қораптағы ақаулар, сондай-ақ оларды бекіту түйіндерінің, соның ішінде шрус бөлшектерінің тозуы немесе зақымдалуы болуы мүмкін.

Бұған қоса, техникалық қызмет көрсету ережелерін елемеу, атап айтқанда майды ауыстыру мерзімдерін сақтамау немесе өндіруші ұсынбаған сұйықтықты пайдалану ақаулар тудыруы мүмкін. Бұл әсіресе майдың сапасына ерекше мән беретін автоматтандырылған және роботты беріліс қорабы бар автомобильдерге қатысты. Қалай болғанда да, нақты себебін анықтау үшін автосервис қызметіне жүгініп, нақты диагноз қойған дұрыс.


Нашар жанармай

Қуат блогының әр түрі немесе моделі белгілі бір жанармайға лайықталып жасалады. Бұл жағдайда жанармай таза болуы керек. Сондықтан әртүрлі қоспалар мен модификаторлар қосылған сапасыз арзан жанармай құю да машинаның дірілдеуіне себеп болуы мүмкін. Кейді, мәселе бірден пайда болмайды, бірақ белгілі бір уақыттан кейін әсер етеді. Себебі, нашар отын жақсы жанармайдың қалдықтарымен араласып, қозғалтқыш біраз уақыт дұрыс жұмыс істейді.

Нашар жанармай мәселесі әсіресе төмен температурадағы дизельді қозғалтқыштарға қатысты. Сапасыз жанармай немесе оның жазға арналған түрі қыс мезгілінде дұрыс жұмыс істемей, көлік те қалыпты жұмыс істемей қалады.


Бітелген ауа және отын сүзгілері

Ауа және отын сүзгісі – жану камераларына түсетін қоспаның тазалығын қамтамасыз ететін отын жүйесінің негізгі элементтері. Сондықтан көлік немесе қозғалтқыштың қандай түрі болса да, бұл бөлшектерді уақтылы жаңартып немесе тазартып отыру қажет. Ауа сүзгісі әдетте 15-20 мың шақырымнан кейін, бірақ жылына кемінде 1 рет, ал отын сүзгісі жылына болмағанда 2 рет ауыстырылуы керек.

Сүзгілерді ауыстырудың мерзімі мен шарттары қозғалтқыш моделіне ғана емес, пайдалану шарттары, атмосфера мен жанармай сапасына да байланысты.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


ЭНЦОНЫҢ ӨЗІ ЖАСАҒАН СОҢҒЫ FERRARI: Әлемдегі ЕҢ ЖЫЛДАМ көліктің табысты тарихы


Әлемдегі ЕҢ КЕРЕМЕТ автокөлік жолдары