КӨЛІККӨРПЕ: пайдасы бар ма, бос шығын ба?

0
539

Автокөрпе көлік моторын суықтан сақтай ма?


КӨЛІККӨРПЕ: пайдасы бар ма, бос шығын ба?

Қыс түсіп, күн суытқаннан автокөлік иелерінің әуре-әлегі басталады. Әсіресе, жылы гаражы жоқтарға қиын. Күн сайын көліктің суып қалуы, мұз қату қажытатыны ақиқат.

Соңғы уақыттары осы мәселенің шешімін табуға көмектесетін көптеген пайдалы құрылғылар мен құралдар шығарылуда. Солардың бірі – көлік моторын суықтан сақтайды дейтін автокөрпе.

Олар неден жасалады, қандай артықшылығы бар және шынында да пайдалы ма?


Автокөрпенің көпшілігі Ресейден келеді және өзімізде өндірілген түрлері де бар. Салыстырмалы түрде айтсақ, қазақстандық көрпелер арзанырақ, 5500-7000 теңге аралығында сатылады. Ресейлік көрпелер 500-1000 теңге шамасында қымбатырақ жүреді және қолданып көргендер сапасы да дұрысырақ екенін айтады.

Одан бөлек, Белоруссиялық өндірістен шыққан түрі де кездеседі. Алдыңғы екеуінен ерекше қаптамасымен, жұқа әрі жеңілдігімен, сондай-ақ қолдану нұсқаулығы және сертификаты болуымен ерекшеленеді.


Барлық автокөрпе өндірушілер мынадай уәде береді:

  • Автокөрпелер өртке қауіпсіз, улы зат бөлмейді, сондай-ақ, автокөлікке қолданылатын барлық сұйықтық түрлеріне шыдамды.
  • Қозғалтқыштың жылуын сақтап, оның тез қыздырылуына және баяу сууына ықпал етеді.
  • Автокөрпені орнату өте оңай және ешқандай да күтімді қажет етпейді, қосымша жұмыс туындатпайды.

Қандай материалдан жасалады?

Бұрыннан қолданылып келе жатқан киіз жапқыштар неге жетпейді дерсіз? Алайда оның сырт көрінісінің онша еместігінен бөлек, шаң жинайтыны және күйе көбелек басатыны – үлкен кемшілік.

Ол аз десеңіз, киіз жапқыш немесе ескі көрпемен жабу қауіпсіз емес. Қозғалтқыштың кейбір бөліктері жұмыс кезінде 700°C-қа дейін қызатындықтан, кез келген уақытта ұшқын шығып, өртенуі мүмкін. Осы мақсатта жоғары технологиялық отқа төзімді талшықтан жасалған арнайы автокөлік көрпелері қолайлы. Мұндай жапқыштар автомобильдің сорғышын термостың бір түріне айналдырады, өйткені ол қозғалтқыштан жылы ауаны шығармайды, бұл оның қызуын тездетеді және салқындатуды баяулатады.

Қолданушылардың пікірі мен түрлі өндірушілер берген ақпаратты зерттей келе, автокөлік көрпелерінің бірнеше түрлі жылытқыш материалдан жасалатыны белгілі болды.

Киіз. Иә, кей өндірушілер көп бас қатырмастан, көліккөрпе ішін жануарлар жүнімен толтыруды жөн көріпті. Бұл материалдың басты артықшылығы – жылуды сақтау деңгейі өте жоғары. Ал кемшін тұсы – 300 градустан жоғары қызуды көтере алмайтыны.

Шыны талшық. Бағасы аса қымбатқа түспейтін, керемет жылуоқшаулағыш қасиетке ие, отқа төзімді материал. 800 градусқа дейінгі қызуды көтере алады.

Муллит-кремлеземисті материал. Атауы өте қиын болғанымен, жаттап немесе жазып алып іздеуге тұрарлық. Химиялық және температуралық қорғаныс қабілеті өте күшті. Негізгі құрамдас бөліктері алюминий мен кремний оксиді қосылатын арнайы талшықтардан жасалады. 1300 градусқа дейінгі қызуға шыдас береді.

Қай материалдан болмасын тігілген автокөрпелер ыстыққа төзімділігі бар арнайы қаптамамен қапталып, синтетикалық жіппен тігіледі. Қаптамалар көбіне айна сынды шағылыстырғыш беттен тұрады, сол арқылы қозғалтқыштан шыққан жылуды өзіне қайтарады.

Көлігіңізді автокөрпемен қымтағыңыз келсе, осы сипаттамаларға сүйене отырып өз таңдауыңызды жасай аласыз. Тек өз көлігіңіздің капот асты өлшемін біліп алған артық болмас. Өйткені, көліккөрпелер түрлі марка, үлгілерге арналып түрлі өлшемде тігіледі.

Қыстан қиналмай шығыңыз.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ҚЫСҚЫ ДӨҢГЕЛЕК: Еуропа елдерінде түрлі заңдар қолданылады