Ксенон немесе галоген - көлікке қайсысын салған дұрыс?

0
3 507

Бүгінде автоәуесқойлар үшін көліктің жарығын жақсартуға мүмкіндік беретін түрлі лампалар ұсынылады. Алайда, сол жарықтандырғыш құралдар ассортиментінен қандай түрін таңдаған дұрыс екенін анықтау қиын. Атап айтсақ, нарықтағы негізгі бәсекелестер ксенон және галоген лампалары. Екеуінің қайсысы мықты? Бұл сұрақтың жауабын бүгінгі мақаладан таба аласыз.


Ксенон немесе галоген - көлікке қайсысын салған дұрыс?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Сапалы және тиімді шамды таңдау үшін, алдымен олар туралы негізгі ақараттармен танысып, галоген мен ксенонның айырмашылығы неде екенін түсініп алу қажет.


КСЕНОН

Ксенон шамдардың негізгі бөлігінде модульдің іске қосылуы нәтижесінде жағылатын арнайы газ болады. Ал, осы газразрядты шамдардың негізгі техникалық сипаттамасы – түсті температура, нақтырақ айтсақ температураның әрбір деңгейінің өз түсі бар. Мысалы, температура жоғары болса, лампа көгілдір түске ие болады және шашатын жарығы азаяды. Керісінше, төмен температурада шам сары түске боялып, жарық ұлғаяды.

Ксенон лампалардың негізгі ерекше қасиеттері:

● лампа шынысы қатты қызбайды, бұл шаң мен кірден тазарту әлдеқайда оңай дегенді білдіреді;

● көліктің сыртқы көрінісін жақсартады. Сондықтан, көптеген автоәуесқойлар ксенонды сән элементі ретінде пайдаланады;

● газразрядты шамдар энергияны аз тұтынады, кем дегенде 40% қуат үнемделеді;

● көптеген тұтынушылар жарық шашу қызметін жоғары бағалайды;

● сондай-ақ, ксенон жарығы сәулеленуінің жылы спектрі бар. Осы ерекшелігінің арқасында қараңғыда және ауа райы қолайсыз кезде жол жамылғысының көрінуі жақсырақ болады.

Кемшіліктері:

● ксенонның бағасы галогенге қарағанда қымбат;

● егер, ксенонның бір лампасы істен шықса, бәрін ауыстыруға тура келеді. Өйткені, ксенонның әртүрлі лампаларының құрылымында өзгешеліктер болады;

● жүргізуші ксенон оптикасын іске қосқан кезде жарықтандыруда аздаған кідіріс орын алады. Себебі, Сіз ксенонды тұманға қарсы фараларға немесе жақын және алысқа түсетін оптикаға орнатасыз, ал лампадағы газды жағу үшін белгілі бір уақыт қажет;

● қарсы келе жатқан көлікке кедергі жасау. Мұндай мәселелер, әдетте лампаларды орнату кезінде қателіктер жіберумен немесе сапасы төмен ксенонды пайдаланудан туындайды.


ГАЛОГЕН

Галоген шамдар – бұл ең көп таралған және қарапайым жарықтандыру көздерінің бірі. Оның да ішіне газ толтырылады, арнайы шынымен қапталады және қуаты 130 Вт-қа жетеді.

Негізгі артықшылықтары:

● бағасы қол жетімді;

● лампаларды оптикаға орнату және ауыстыру оңай.

Кемшіліктері:

● дірілге төзімсіз, себебі құрылғыда вольфрамды спираль орнатылған. Осыған байланысты галоген шамдардың қызмет ету мерзімі қысқаруы мүмкін;

● жарық қосылып тұрған кезде оптика шынысы қызып кетеді. Ал, бұл өз кезегінде шынының тез кірлеуіне сеп болып, жарықтандыруға теріс әсер етеді;

● ксенонмен салыстырғанда, галогеннің жарығы төмен болады;

● сондай-ақ, қызмет ететін мерзімін ескеру керек. Атап айтсақ, ксенон лампалар шамамен 3 мың сағат жұмыс істей алады, ал галоген шамның қызметі әдетте 400 сағаттан аспайды.

Дегенмен, галогеннің техникалық сипаттамалары үздік болмаса да, қазіргі уақытта өте көп сұранысқа ие.


Қайсысын таңдау керек?

Негізгі сипаттамаларды ескерсек, ксенон галогенге қарағанда әлдеқайда тиімдірек. Бірақ, бұл жерде тағы бір мәселелер бар. Мысалы, галоген шамдар тиімсіз болғанымен, бағасы қол жетімді, ауыстыру мен орнату оңай және т.б. Ал, ксенон қымбат, бір лампасы күйсе бәрін ауыстыру керек, бірақ қызмет ету мерзімі мен сапасы галогенге қарағанда жоғары.

Біз барлық ақпаратты ұсындық. Таңдау өзіңізде!


Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Peugeot әлемді мойындататын жаңа көлік шығарып жатыр


Әлемдегі ең қауіпті автокөліктер (антирейтинг)