ӨТЕ ҚЫМБАТ көліктердің қатысуымен болған апаттар – ТАРИХТАН ДЕРЕК

0
2 076

Тіпті әлемдегі ЕҢ ҚЫМБАТ көліктердің өзі жол апатына ұшырап жатады.


ӨТЕ ҚЫМБАТ көліктердің қатысуымен болған апаттар – ТАРИХТАН ДЕРЕК

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Бүгінде автокөліктің түрі өте көп. Сондықтан олардың жол апатына ұшырауы он бес, жиырма жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жиі орын алады. Тіпті, қазір көліктердің жартысынан астамы жағымсыз жағдайға тап болады десек қателеспейміз. Біреулері қатты зақым алса, енді біреулеріне болмашы сызат түсіп жатады. Ал, сіз әлемдегі ЕҢ ҚЫМБАТ көліктердің жол апатына ұшырауы жайлы деректерді білесіз бе? Білмесеңіз, біз айтайық.


Бірден бес көлік зардап шеккен

Бір жылдары Монте-Карлода осындай оқиға орын алды. Онда жап-жаңа Bentley-ді тізгіндеген жас бикеш тежегіш пен газ педальдарын шатастырып алып, бірнеше қымбат көлікті қағып кетеді. Нақтырақ айтсақ, алдымен жолда тұрған Aston Martin, содан кейін Mercedes-Benz көлігін соққан. Онымен қоймай, Ferrari және Porsche көліктерін де соғады. Содан кейін ғана жол ережесін бұзушының көлігі тоқтайды.

Қуанышқа орай, бұл апаттан адамдар зардап шекпеген. Бірақ, зақымдалған көліктердің бағасы миллион доллардан асып кететін еді. Дегенмен, ауқатты бикеш ешкімді ренжітпей, қателігін жуып-шайған.


FERRARI де апатқа ұшырайды

Өте жылдам жүретін және көрінісі керемет автомобиль туралы сөйлескенде қандай көлікті елестетесіз? Басқаларды қайдам, өз басым аты аңызға айналған Феррариді елестетемін. Бірақ, қанша жерден қымбат, қауіпсіз болғанымен, FERRARI де басқа көліктер сияқты жиі-жиі апатқа ұшырайды. Ал, 2011 жылы Жапонияда күтпеген жерден жаппай апат орын алып, онда FERRARI брендінің он дана көлігі бірден соқтығысқан. Көзді жұмып-ашқанша орын алған бұл апаттың бірнеше себебі айтылады. Бастысы – адамдардың денсаулығына зиян тимеген. Бірақ, айтарлықтай зақым тиген темір тұлпарларды жөндеу автокөліктерді сақтандыру компаниясына едәуір салмақ түсірген. Сенімді деректерге сүйенсек, бұл апаттан кейін көліктерді ретке келтіру үшін сақтандыру компанияры бір жарым миллион доллардан астам қаржы жұмсаған көрінеді.


Тағы да Феррари

2008 жылы Ұлыбританияның бір дәулетті мырзасы Ferrari компаниясының коллекциялық автокөлігін аукционнан 28,5 миллион АҚШ долларына сатып алады. Сөйтіп, бақыттан басы айналған коллекционер темір тұлпарын сынап көру үшін Лондон көшелерімен серуендеуге шығады. Алайда, сапары өте сәтсіз болып, шығыны көп жол апатымен аяқталады. Нәтижесінде көлікті жөндеуге 100 мың доллардан астам қаржы жұмсаған екен.



Сирек кездесетін көлік апаттары

Тағы бірде Bugatti EB110 автокөлігін тапсырыс берушіге автокөлік қызметімен жеткізу кезінде оқыс жағдай орын алады. Яғни, көлік тасымалдайтын құралды басқарған механик тапсырыс берушіге барар жолда қателікке бой алдырып, қымбат автокөлік апатқа ұшырайды. Ал, оған келтірілген зақымның құны 500 мың АҚШ долларын құраған.

Дәл осындай күтпеген жағдайға Pagani Zonda C12 s көлігін басқарған адам да тап болған. Бірақ, оның қымбат көлігі таңертең қоқыс жинайтын көлікке соқтығысқан.


Сөз соңында кім, қандай қымбат көлік мінсе де жол ережелерін сақтап, мұқият басқаруы қажет екендігін айтқымыз келеді. Себебі, көлік қаншалықты қымбат болса да, адамның өмірінен артық емес. Өзіңізге де, өзгелерге де қауіп төндіруден аулақ болыңыз.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Көлік дөңгелегі жарылса, МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ОСЫЛАРДЫ ІСТЕҢІЗ


Күз мезгілінің көлікке тигізер ЗИЯНЫ БАР