Түркістандықтар демалысқа арналған КЕРЕМЕТ КӨЛІК жасап шығарды

0
3 066

Шығармашылық ұжым көлікті түрлендіріп жіберген.


Түркістандықтар демалысқа арналған КЕРЕМЕТ КӨЛІК жасап шығарды

Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасына қарасты, Келес ауданындағы №13 колледжде «Avtopicnik» атты көлік пайда болды. Бұл колледж мұғалімдері мен оқушыларының шығармашылық жұмысы.


«Бұл көлікті бірнеше мақсатта жасап шығардық. Атап өтсек, болашақ мамандарды қызметке бейімдей отырып, кәсіби біліктіліктерін арттыру, оқу процесінде жаңа технологияларды қолдану, шығармашылық қабілетін жетілдіру; теория мен тәжірбиені ұштастыра отырып, кәсіптік құзыреттіліктерін нығайту; ұжымдық қарым-қатынасқа психологиялық бейімдеу, өзара тәжірибе алмасу; болашақ мамандардың шығармашылық ізденісі мен қабілеттілігін дамыту, біліктілігін арттыру. Сонымен қатар, демалысқа арналған бұл көлігіміз сәтті шығып, «World skills» чемпионатында жүлдеге ие болдық», - дейді жоба жетекшісі Б.Дустанов.

Қазір бұл көлік табиғат аясындағы демалысқа пайдалануға өте қолайлы. Шағын және ыңғайлы, жүк және адам тасымалдауға болады. Сондай-ақ, жүк салуға арналған бортына лайықталған үлкен үстелі мен орындықтары, тіпті шатыры да бар. Оларды қажет кезде құрып, кейіннен қайта жинақтап қоюға болады. Сонымен қатар, жанармайды өте аз тұтынатын көлік күн сәулесінен қуат алатын жарықтандыру құрылғыларымен жабдықталған. Ал, қараңғы уақытта күннен қуат алатын құрылғы өз жарығымен қуаттала береді екен. Ол үшін жанып тұрған шамдарды қуаттағышқа қаратып қою жеткілікті.


Daewoo Damas - техникалық сипаттамасы

Негізі «Avtopicnik» көлігі оңтүстік кореялық GM Daewoo компаниясының Daewoo Damas атты микроавтобусынан жасалған. Бұл көлік түрі 1991 жылдан бері шығарылады және Suzuki Carry-дің толық дерлік көшірмесі болып саналады. Қазіргі уақытта шағын автобустың екінші буыны шығарылуда. Damas 38 ат күшінің қуаты бар, 0,8 литрлік қозғалтқышпен және механикалық беріліс қорабымен жабдықталған. Кондиционер тапсырыс беру арқылы орнатылады. Көлік қалалық режимде 100 шақырымға небары 4,1 литр бензин тұтынады. 560 келі жүкті қиналмай көтереді. Көлік механикалық төрт немесе бес сатылы беріліс қорабымен жабдықталған. Максималды жылдамдық - 160 км/сағ. Іс жүзінде Daewoo Damas-тың жылдамдығы 100 км/сағатқа 25 секундта жетеді. Автокөліктің өлшемдері мынандай: ұзындығы 3230 мм, ені 1400 мм, биіктігі 1920 мм. Жетекші дөңгелегі артында орналасқан.

Daewoo Damas – бұл ықшам өлшемімен және керемет стилімен қызықтыратын, көпфункциялы қалалық автокөлік. 90-шы және 2000-шы жылдардың басында Дамас біраз табысқа жеткен. Өйткені, бұл көлік қарапайым әрі техникалық қызмет көрсету оңай. Қосалқы бөлшектері де қолжетімді.



Енді «Avtopicnik» көлігінің сипаттамасына тоқталайық

  • Шыққан жылы – 2022 жыл;
  • Орындық саны – 10;
  • Салмағы (адам салмағын қосқанда) – 1250 келі;
  • Ұзындығы (жайылғанда) – 3330 мм (4350мм);
  • Ені (жайылғанда) - 1600 мм(2000мм);
  • Биіктігі (көтерілгенде) - 1920 мм(3000мм);
  • Осьтердің арақашықтығы (алды,арты) – 1200мм;
  • Алдыңғы дөңгелектердің ара-қашықтығы – 1210 мм;
  • Жоғарғы жылдамдығы – 100 км/сағ;
  • Аккумулятор батареялары – 12В;
  • Күн батареясы (зарядтауға арналған) – 12 вольт.

Жалпы, жоқтан бар жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан бұл көлікті тек қана демалысқа арналған автомобиль деп емес, Келестегі кәсіптік оқу орнының шығармашылығы деп бағалау қажет. Колледж қызметкерлері «тапсырыс түссе басқаларға да жасап береміз» деді сөз арасында.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Әлемдегі ЕҢ ҮЛКЕН көліктермен таныс болыңыз

Автомобиль атауларында ҚАНДАЙ МАҒЫНА жатыр?