Жуырда ҰШАТЫН көлікке мінеміз!

0
3 718

Күн сайын, сағат, тіпті минут сайын бір жаңалық пайда болып жатқан заманда ғажайып өнертабыс туындыларына таңғалып үлгере алмай жатырмыз.


Жуырда ҰШАТЫН көлікке мінеміз!

илююстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қазір көліктің түр-түрі бар және қалаған көлігіне қол жеткізіп, күнделікті тіршілігіне пайдаланып жүргендер жетерлік. Бірақ, адамзат көптен күткен ұшатын көліктерді жасауға қаншама өнеркәсіп орындары күш салып жатқанымен, әлі де қолданысқа ене қоймады. Дегенмен, адамдардың ұшатын көлікпен жүретін кезі алыс емес сияқты.


Жуырда Archer Aviation компаниясы ұшатын таксилердің жеке желісін құруды және ол көлік құралдарын 2024 жылға қарай Лос-Анджелесте іске қосуды жоспарлап отырғанын әлемдік ақпарат көздері жарыса жаза бастады. Fox News атты телеарнаға аталмышкомпанияның директоры Адам Голдстайн мәлімдеме жасап, көлік құралдары қолжетімді технология негізінде құрылатынын айтқан. Сондай-ақ, жолақысы жерде жүретін таксилердің тарифінен қымбат болмайтын көрінеді.

Archer Aviation компаниясының мәліметтеріне сүйенсек, өдірушілер ұшатын таксилердің жеке желісін құрып, оны 2024 жылға дейін Лос-Анджелес қаласында іске қосуды жоспарлап отыр. Ал, осы компанияның белді мүшелерінің бірі Адам Голдштейн өз жобасының компания бағдарламасына еніп, қатты қуанғанын білдірген. Сонымен қатар, «сіз Лос-Анджелестегі әуе таксилеріңіз 2024 жылға қарай жұмыс істей бастайтынын растайсыз ба? Сіздер мұны шынымен жасайсыздар ма?» деген сұрақтарға да жауап беріпті.


«Иә, солай. Шынында да Archer компаниясы 240 км/сағат жылдамдықпен 100 шақырым қашықтыққа дейін жүре алатын әуе таксиін жасап шығаратын болады. Қазіргі уақытта біз жобаны АҚШ-тың Федералды авиация әкімшілігінде сертификаттау процедурасынан өткізіп жатырмыз. Біздің мақсатымыз – бұл сертификаттау процесін 2024 жылға дейін аяқтау. Бұл – біз он жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан технология. Яғни, жаңа даму баспалдағы емес. Енді компания ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар кезеңінен коммерциялық кезеңге көшеді. Сондай-ақ, Archer компаниясының нарықта өзіндік орны бар, яғни атын шығару үшін жаңа технологияларды ойлап табудың қажеті жоқ», - дейді Адам Голдштейн.

Сондай-ақ, жоба авторының айтуынша, бұл көліктер такси желісі құрылған қаланың әуе аймағында қозғалу үшін ғана пайдаланылады, яғни жол ұзақтығы қала шекарасының ұзындығынан аспайды. Ал, бағасы қарапайым таксилерден шамалы ғана қымбат болуы мүмкін. Өйткені, бұл такси арқылы бір жерден екінші жерге аз уақыт ішінде жете аласыз. Мысалы, еліміздегі әрдайым көлік кептелісі болатын Алматы қаласын айтсақ болады. Қазір адамдар сол кептелісте уақытын сағаттап жоғалтып, баратын жеріне жиі кешігіп қалып жататын болса, мына такси арқылы уақытын әлдеқайда үнемді пайдаланбақ. Десе де, бұл жаңалықтың жүзеге асып, іске қосылуына біршама уақыт керек.


Шынында, технология әлемінде үлкен өзгерістер орын алып жатыр. Соның бірі электр қуатымен қозғалатын көліктер болатын. Біз әңгіме етіп отырған әуе таксиі де электр қуаты арқылы жұмыс істейді. Оны қуаттау үшін 10 минут жеткілікті болады. Яғни, жолаушыларды мекен-жайға жеткізіп, келесі жолаушылар келем дегенше қуатталып үлгеретін көрінеді. Соның арқасында 4 жолауушы сыятын көлік көптеген қосымша бөлшектерден арылып, салмағы жеңілдейді және жанармайға жұмсалатын шығын үнемделетін болады. Міне, барша адамзат асыға күтіп жүрген ұшатын көлік осындай сипаттамаларға ие болмақ. Және қарапайым халыққа да қолжетімді болады.


Иа, бұл тақырып аясында айтылған әңгіменің бәрі қиял-ғажайып ертегі сияқты. Бірақ, технологияның алапат қарқынмен дамып жатқанына, өндірушілер арасындағы қызу білім бәсекесіне қарап, кинодан көріп жүргендеріміз көп ұзамай шындыққа айналатынына сеніммен қараймыз. Не пайда болса да, адамзат игілігіне жараса болғаны.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз:


Көлік жүргізуді НӨЛДЕН БАСТАП үйренесіз бе? Мына кеңестер көмектеседі!


Шетел полицейлері КЕРЕМЕТ көліктермен жүреді