Шетел полицейлері КЕРЕМЕТ көліктермен жүреді

0
3 968

Біріккен Араб Әмірліктерінде әлемдегі ең ерекше полиция көліктерінің паркі орналасқан.


Шетел полицейлері КЕРЕМЕТ көліктермен жүреді

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Өз көліктерін үнемі жаңартып отыратын Дубай полициясы Bugatti Veyron, Porsche 918 Spyder және Lamborghini Aventador сияқты өте танымал суперкарларды бір автопаркке топтастырған. Бұл көліктерді мінетін тәртіп сақшылары туристік аудандарды күзетеді. Сол себепті олар Дубайдағы сәнді сауда орталықтарынан жиі бой көрсетеді. Сонымен қатар, әлемнің басқа да елдерінде осындай танымал полиция көліктері баршылық. Олар жайлы тарқата айтамыз.


1. Ford Police Interceptor (АҚШ)

Форд бұл көлікті 2019 жылы Детройт автосалонында таныстырып, көптеген тапсырысқа ие болған. Автомобиль стандартты жиынтықтағы бензинді-электрлі гибридтік күш қондырғысымен, 400 аттың күші бар 3 литрлік "EcoBoost" V-6 қозғалтқышымен, артқы жетекті доңғалақтармен, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мықты шанақпен, GPS бақылау жүйесі және компьютерлермен жабдықталған.


2. Spyker C8 Spyder (Голландия)

Полиция көліктерінің ішіндегі ең таңқаларлығы – Голландия полициясы қолданатын екі есікті Spyker C8 Spyder көлігі. Оның 4,2 литрлік V-8 қозғалтқышы алты сатылы механикалық беріліс қорабы арқылы артқы доңғалақтарға алапат қуат береді. 400 аттың күші бар қозғалтқышының арқасында сағатына 300 шақырым жылдамдыпен жүре алады және 4,5 секундта 100 км/сағат жылдамдыққа жете алады. Бұл көлікпен қашқан-пұшқан көліктерге жетіп алу оп-оңай болар. Аталған полиция көлігі Флеволанд провинциясында қызмет көрсетеді.


3. Lexus LC500 (Жапония)

Жапонияның шығысындағы Тотиги префектурасының полицейлері қазір сый ретінде берілген Lexus LC500 coupe көлігін қолданады. Ол ақ-қара түсті схемамен боялып, қызыл апаттық шамдармен және V-8 қуатты қозғалтқышымен жабдықталған. Сәнді көлікті сыйға тартқан – Lexus компаниясының басшысы Казуо Накамура екен.


4. Brabus CLS Rocket Police Car ракеталық полиция машинасы (Германия)

Германияның Федералды көлік министрлігінің қарамағындағы бұл көлік екі турбиналы, 700 ат күші бар V-12 қозғалтқышымен жабдықталған. Ол 2006 жылы Эссен автосалонында дебют жасап, одан кейін екінші үлгісі шығарылған.


5. Volvo V90 (Швеция)

Шведтік полицияның автокөлік жүргізу сынағында жоғары балл алғаннан кейін, Volvo V90 шұғыл жағдайларға арналған көлік құралы ретінде мақұлданды. Ол 10 баллдық шкаладан 9,2 балл алып, сынаққа қатар түскен көліктерді шаң қаптырған. Бағалау кезінде шұғыл жүргізу, кедергілер жолағынан өту, тежеу жүйесі мен шорт бұрылу секілді сындардан өткен. Одан бөлек, жайлы, түрлі сапаларға сай болып шыққан. V90 полиция көлігі 2017 жылдың басында шығарылып, швед полициясы қолданып келеді.


6. Lykan HyperSport (Абу-Даби)

Өзге елдермен бәсекеге түскен Абу-Даби полицейлері 2015 жылдың ортасында 3,4 миллион долларға осы суперкөлікті сатып алады. Бұл полиция көліктерінің жоғары стандарттарға сай екенін көрсетеді. Атап өтсек, Ливанда құрылған W Motors компаниясы lykan HyperSport көлігін шектеулі сериямен 2013 жылдан 2017 жылға дейін шығарған. Бұл ливандық және итальяндық инженерлердің ортақ туындысы. Ол 3,7 литрлік, 740 ат күші бар спорттық турбо қозғалтқышпен жабдықталған. Ал, 100 км/сағ жылдамдыққа 2,8 секундта жетеді екен.


7. Lamborghini Hurac?n Polizia (Италия)

Бұрынғы Lamborghini Hurac?n көлігінің 2017 жылы Италияның Болонья қаласында шығарылған екінші үлгісі жол патрульдеріне арналған. 610 ат күші бар қозғалтқышпен жабдықталған көлік керек кезде жедел медициналық қызмет үшін де қолданылады.


8. BMW M5 Competition (Австралия)

2019 жылы шыққан BMW M5 көлігін Виктория штатының полицейлері 12 ай бойы сынақтан өткізген. Ол толық жетекті, яғни төрт доңғалаққа да қуат жеткізетін, автоматты беріліс қорабымен қосылған 4,4 литрлік V-8 турбо қозғалтқышымен жабдықталған. 617 ат күші бар керемет спорттық седан тас жолда қашпақ болған жүргізушіні оңай ұстап алатыны анық. Сондай-ақ, бұл Австралия полициясы тарихындағы ең жылдам көлік болды.


9. Aston Martin One-77 (Дубай)

Aston Martin One-77 Дубайдағы полиция автопаркіндегі сәнді суперкөліктердің бірі. Ол көлікті Дубай полициясы 2013 жылдың ортасында 1,8 миллион долларға сатып алған. 2009 жылғы Женева көрмесінде ұсынылған саны шектеулі көлік қолдан жасалған алюминий корпусымен және көміртекті талшықты моно шассимен жабдықталған. 7,3 литрлік V-12 қозғалтқышы бар.


10. Porsche 911 Carrera (Австрия)

Австрия полиция департаменті Porsche 911 Carrera автокөлігін Porsche компаниясынан 2017 жылы брендтік серіктестік аясында алған. Автокөлікті берер кеде Австриядағы Porsche компаниясының директоры Хельмут Эггерт: «біздің полициямен серіктестігіміз бұрыннан келе жатқан дәстүр» деп, жылы лебізін білдірген.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз:


Тежегіш жүйесінің АҚАУЫН ОҢАЙ анықтауға болады


Көлік жүргізуді НӨЛДЕН БАСТАП үйренесіз бе? Мына кеңестер көмектеседі!