​1 кг еттен өте дәмді шұжықты қалай жасайды?

0
13 298

Дүкендегі шұжықтан 10 есе дәмді болатын қолдан жасалған шұжықты жеп көріп пе едіңіз?


​1 кг еттен өте дәмді шұжықты қалай жасайды?

Жасалу мәзірін үйреніп алсаңыз, шұжық жасау қиын емес. Қолыңызда бар ет пен майды қосып, дәмдеуіштер қосып, араластырсаңыз болғаны. Дегенмен, әйелге тән еп пен есеп те керек. Ендеше тауық, қой, сиыр еттерінен шұжық жасап көрейік.


Тауық етінен дайындалған шұжық

Қажетті өнімдер:

  • 1 кг тауық еті
  • 2 тіс сарымсақ
  • Тұз, бұрыш
  • Паприка дәмдеуіші қажет.

Дайындалу тәсілі:

  1. Тауық етін еттартқыштан өткізудің қажеті жоқ. Бар болғаны етті майдалап тураған жеткілікті.
  2. Сосын туралған етке тұз, бұрыш, паприка дәмдеуішін, майдаланған сарымсақты араластырамыз.
  3. Еті сылынған тауық аяқтарын қайнатып, сорпасынан азырақ фаршқа қосамыз. Осылайша фаршты жақсылап араластырып, бетін жауып, түні бойы тоңазытқышта қалдырамыз.
  4. Енді тағамдық пленканы (пищевая пленка) жайып, бетіне паприканы себелейміз де, фаршымызды саламыз. Пленканың барлық жеріне біркелкі етіп фаршты жаю керек. Содан соң ақырындап ораймыз. Тағамдық пленкамен қысып орап, сыртынан жіппен ораймыз. Екі басын да байлауды ұмытпаймыз. Содан соң дайын шұжықты 180 градусқа қыздырылған пеште 60 минуттай пісіреміз. Шұжығымыз да дайын!


Сиыр еті қосылған шұжық


Қажетті өнімдер:

  • 1 кг сиыр еті
  • 1 кг қойдың құйрығы
  • 1 бас сарымсақ
  • жылқының ішегі
  • дәміне қарай тұз, бұрыш
  • дәмдеуіштер
  • қуыру үшін өсімдік майы қажет.

Дайындалу тәсілі:

  1. Ет пен майды бірдей көлемде текшелеп турап, дәмдеуіштер қосыңыз.
  2. Еттартқыштан өткізіп, дайын фаршқа тұз, бұрыш қосып, тағы да жақсылап араластырыңыз.
  3. Сарымсақты да еттартқыштан өткізіп, араластыруды ұмытпаңыз. Осылайша Барлығын жақсылап араластырып, ішекке саламыз да, екі басын мықтап байлаймыз.
  4. Дайын шұжықты кастрөлге салып, 15 минуттай қайнатыңыз. Сосын сүзіп алып, суытыңыз да, мұздатқышқа салып қойыңыз. Шұжықтың сорпасын басқа тағамдарға қосуға болады. Бос уақытыңызда осылай шұжық жасап қойсаңыз, кез келген уақытта алып қайната саласыз.


Қой етінен де шұжық жасаймыз


Қажетті өнімдер:

  • 1,5 кг майлы қой еті
  • 4-5 тіс сарымсақ
  • 1 дана пияз
  • Тұз, бұрыш
  • 0,5 шай қасық жебіршөп (тимьян)
  • Балғын жалбыз
  • 1-1,5 м тұздалған ішек
  • 2 шай қасық өсімдік майы.

Дайындалу тәсілі:

  1. Етті тазалап жуып, шандыр жерлерін пышақпен кесіп алып тастаймыз. Сосын орташа көлемде турап, еттартқыштан өткіземіз. Етпен бірге туралған пияз бен сарымсақты да еттартқыштан өткізіңіз.
  2. Қой етінің иісін ұнатпайтын болсаңыз 1-2 тал жалбыз қосып жіберіңіз. Сосын дайын фаршқа тұз, бұрыш, дәмдеуіштерді қосып, жақсылап араластыру керек. Фаршты ұрғылап отырып араластырған жақсы. Осылайша дайындалған фаршты тоңазытқышқа салып қоямыз. 6-7 сағаттан соң алып, пісіре беруге болады.
  3. Ішектерді жуып, ішіне фаршты толтырамыз да, жіппен байлаймыз. Сосын шұжықтың әр жерінен инемен тесеміз. Шұжықты тоңазытқышқа салып, 1 сағаттан кейін қайнатасыз.
  4. Табаға май құйып, шұжықты саламыз. Орташа отта шұжықты қуырамыз. Табаның қақпағын жауып, 10 минуттай бұқтыруға да болады. Сөйтіп инемен әр жерінен тағы бір тесіп ішіндегі ауасы мен сұйықтығын шығарамыз. Екінші бетін аударып, табаның қақпағын жауып, тағы 10-15 минут бұқтыру керек.
  5. Осылай дайындағаннан кейін табаның қақпағын ашып, 5-10 минуттай қызарта қуырып аламыз. Піскен өте дәмді шұжықты дастарханға ұсына беруге болады.

Дайындаған: Қ.Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Картоптан дайындалған тойымды әрі дәмді салаттар


Күзде балаларға А дәруменіне бай АСҚАБАҚ ботқасын беру керек