​Дәмді окрошка дайындаудың 5 мәзірі

0
3 106

Салқын сорпа бойыңызды сергітіп, ағзаны нәрлендіреді.


​Дәмді окрошка дайындаудың 5 мәзірі

Окрошка – орыс халқының ұлттық тағамы. Десе де, басқа ұлт өкілдері де бұл тағамды түрлі әдіспен дайындап ішеді. Өзі салқын әрі дәмді тағамның 5 түрлі мәзірін ұсынамыз. Тәбетіңіз тартқанын таңдап алып, өзіңіз де жасап көріңіз.


Квас қосылған окрошка


Керектілер:

  • 300 гр. қайнатылған ет немесе шұжық
  • 4 дана қайнатылған картоп
  • 5 дана қайнатылған жұмыртқа
  • 4 дана қияр
  • 50 грамнан ақжелкен, аскөк пен көк пияз
  • 200-230 гр. қаймақ
  • татымына қарай тұз
  • 1,5-2 литр квас қажет.

Дайындалу тәсілі:

Етті (шұжықты) текшелеп турайсыз. Картоп пен жұмыртқаның қабығын аршып, текшелеп тураңыз. Қиярды да тазалап жуып алып, текшелеп, ал көктерді ұсақтап турау керек. Көк пияздың жартысын алып қоюды ұмытпаңыз.

Туралған қажеттілердің бәрін бір ыдысқа саласыз. Басқа ыдысқа қалған көк пиязды ұсақтап тураңыз. оған тұз бен қаймақ қосып, мұқият араластырыңыз. Дайын болған тұздықты азықтардың үстіне құясыз. Соңында квас құйып, жарты сағатқа тоңазытқышқа қойыңыз.


Кефир қосылған окрошка


Керектілер:

  • 1 л кефир
  • 10 дана шалғам
  • 4 дана қайнатылған жұмыртқа
  • 4 дана қияр
  • бір бума аскөк пен көк пияз
  • 2 тіс сарымсақ және тұз қажет.

Дайындалу тәсілі:

Қайнатылған жұмыртқаны, шалғам мен қиярды дөңгелектеп немесе ұзыншалап турайсыз. Көктерді ұсақтап тураңыз. Сарымсақты сарымсақсыққышпен езесіз. Қажеттілердің бәрін бір ыдысқа салып, тұз қосыңыз. Соңынан кефир құйып, жақсылап араластырыңыз.


Минералды су қосылған окрошка


Керектілер:

  • 6 дана жұмыртқа
  • 3-4 дана картоп
  • 300 гр. шұжық
  • 1-2 дана қияр
  • бір бума көк пияз
  • 100 гр. қаймақ
  • 1,5 литр газдалған минерал суы
  • тұз қажет.

Дайындалу тәсілі:

Алдымен картоп пен жұмыртқаны тұзды суға салып, қайнатып аламыз. Салқындаған соң қабығынан тазартып, текшелеп турайсыз. Шұжық пен бір қиярды да текшелеп тураңыз. Екінші қиярды ірі үккіштен өткізесіз. Ал көк пиязды ұсақтап утрап, бәрін бір ыдысқа салыңыз. Оған қаймақ пен тұзды қосып, тағы да мұқият араластырасыз. Соңында су құйып, тоңазытқышқа қойыңыз.


Қызанақ шырыны қосылған окрошка

Керектілер:

  • 0,5 келі картоп
  • 2 дана қияр
  • 300 гр. шалғам
  • 3-4 дана жұмыртқа
  • 2-3 тал насыбайгүл
  • 1,5 литр қызанақ шырыны
  • татымына қарай тұз бен қара бұрыш қажет.

Дайындалу тәсілі:

Картоп пен жұмыртқаны тұзды суға салып, қайнатасыз. Салқындаған кезде қабығынан тазартып, ірілеу етіп текшелеп тураңыз. Көктер мен қиярды ұсақтап турау керек. Бәрін бір ыдысқа салып, тұз бен бұрыш қосыңыз. Оның үстіне мұздай шырынды құйып, жақсылап араластыру керек.


Қызылша қосылған окрошка


Керектілер:

  • 2 дана қайнатылған қызылша
  • 4-5 дана қайнатылған картоп
  • 2-3 дана қайнатылған жұмыртқа
  • 1-2 дана қияр
  • 150 гр. шұжық
  • 1 бума аскөк
  • 1/2 дана лимон
  • татымына қарай тұз бен қара бұрыш
  • қаймақ
  • газды су қажет.

Дайындалу тәсілі:

Қызылшаны үккіштен өткізесіз. Картопты, жұмыртқаны, қияр мен шұжықты текшелеп турайсыз. Аскөкты ұсақтап тураңыз. бәрін бір ыдысқа салыңыз. Оған лимон шырынын, дәмдеуіштерді, қаймақ пен минералды суды қосып, мұқият араластырыңыз.

Дайындаған: Құрманкүл ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ШӨЛ БАСАТЫН сусындардың төресі - НӘРСУ


Болгар бұрышынан дайындалатын ДӘМДІ пісірме


Өте ОҢАЙ әрі ДӘМДІ балмұздақ мәзірі