Халықаралық ​Сорпа күніне – дәмді СОРПА мәзірі

0
4 825

Бүгін - халықаралық СОРПА күні. Сорпаның маңызды тағам екендігі ескеріліп, 5 сәуір сорпа күні болып жарияланған.


Халықаралық ​Сорпа күніне – дәмді СОРПА мәзірі

Бүгін - халықаралық СОРПА күні. Сорпа – бірінші тағамға жататын денсаулыққа пайдалы ас. Онсыз адам ағзасының жұмысы бұзылып, түрлі аурулардың белең алуы ғажап емес. Сондықтан да сорпаның маңыздылығын ескеріп, 5сәуір - Сорпа күні болып жарияланған.

Соңғы уақытта бұл күнді тойлау үрдіске айналып келеді. Әсіресе, Сорпа күнінде оның пайдасы мен денсауллыққа тигізер әсері кеңінен айтылады. Міне, осыдан кейін халық сорпаны ас мәзіріне жиі қосып, оның қаншалықты пайдалы тағам екенін ескеретін болады.


Мейрам күні әр үйде сорпа қайнатылып, басты тағам ретінде ұсынылуы керек. Сонымен қатар, бұл күні үйреншікті сорпалар емес, ерекше сорпалар әзірленеді. Әсіресе Айнтопф (неміс асханасы), Буйабес, Вишисуаз (француз), Госпачо (испан), Довга (әзірбайжан), Калакейтто (финдік), Минестроне (итальян), Таратор (болгар) сынды әлемге белгілі сорпалар сұранысқа ие. Біз де солардың бір-екеуін дайындап көрейік!

«Айнтопф» неміс сорпасы


Қажетті өнімдер:

  • 400 гр. сиыр еті қабырғаларымен
  • 2 дана пияз
  • 1 дана сәбіз
  • 2-3 дана картоп
  • 100 гр. қозықұйрық
  • 1 стақан қызыл жасымық
  • 1-2 дана (палка) жіңішке шұжық
  • 100 гр. брокколи
  • 2 ас қасық өсімдік майы
  • 2 шымшым зире
  • Дәміне қарай тұз, бұрыш салынады.
  • Ақжелкен қосуға болады.

Дайындалуы:

  1. Етті 2-3 сантиметр көлемінде орташа етіп турап, қабырғаларды ортасынан бөліп, 1-2 ас қасық өсімдік майына қуырамыз. 7-8 минутта ет қызарып қуырылады.
  2. Ет қуырылғанша көкөністердің қабығын аршып дайындай береміз. Пияз бен сәбізді текшелеп турау қажет.
  3. Қуырылып жатқан етке енді көкөністерді саламыз. Пияз бен сәбіз жұмсарған уақытта қозықұйрықтарды тазалап жуып, жұқалап турап саламыз. 3-4 минут қуырған соң тұз, зире мен бұрышты қосып, араластырамыз.
  4. Кейіннен қазанды толтырып су құямыз. Су қайнағаннан соң, жай отта сорпаны 45 минуттай қайнату керек. Сосын жуылған жасымықты салып, 15 минуттай қайнату қажет.
  5. Енді сорпаға тазалап жуылып, ірілеп туралған картопты саламыз. Сонымен қатар, дөңгелектеп туралған шұжықты салуды ұмытпаймыз. Дәміне қарай тұз қосып, тағы да 15 минут қайнатуға болады.
  6. Сорпаны картоп піскенше қайнатып, соңында брокколи қырыққабатын қосасыз. 2-3 минутта сорпа да дайын болады.

Немістің Айнтопф сорпасының хош иісі мұрынды жарып, тәбетті аша түседі.


Итальяндық «Минестроне» сорпасы


Суреттер ашық дереккөздерден алынды.

Қажетті өнімдер:

  • 300 гр. кәді (кабачок)
  • 100 гр. пияз
  • 150 гр. картоп
  • 200 гр. қызанақ
  • 70 гр. сәбіз
  • 150 гр. болгар бұрышы
  • 50 гр.макарон
  • 1 тіс сарымсақ
  • 20 гр. ірімшік
  • 7 ас қасық зәйтүн майы
  • 1500 мл су
  • 2 шай қасық тұз.

Дайындалуы:

  1. Ең алдымен пияз бен сәбізді текшелеп турап аламыз. Көкөністерді кішірек көлемде, яғни, асбұршақпен бірдей етіп тураған дұрыс. Сонда қуыру барысында зәйтүн майы көкөністерге жақсы сіңіп, дәмі кіре түседі.
  2. Болгар бұрышын ұзыншалап тураған дұрыс. Түрлі-түсті болгар бұрышын пайдалануға да болады.
  3. Кәдіні ортасынан бөліп, дәндерінен тазарту керек. Сосын оны ұзыншалап турайсыз.
  4. Балғын қызанақтардың қабығын алып, оны да ұзыншалап турау қажет.
  5. Картоптың қабығын аршып, біркелкі тешке етіп тураймыз. Басқа көкөністерді қуырып жатқанда картопты салқын суға салып қоюды ұмытпаңыз.
  6. Табаға 5 ас қасық зәйтүн майын құйып, қыздырамыз. Жай отта пияз бен сәбізді қуырамыз. 5 минуттан соң болгар бұрышын, туралған сарымсақты салып, тағы да 5 минуттай қуырылады.
  7. Қуырмаға кәдіні салып, 2 ас қасық зәйтүн майын құямыз да қуыруды жалғастырамыз.
  8. 15 минут қуырылған соң қызанақты саламыз. 5 минуттай қуырып, дайын қуырманы қазанға аударамыз. Тағамды бірден қазанға қуыруға да болады.
  9. Осы уақытта қажетті суды құйып, жай отта қайнатамыз. Сорпа қайнаған соң тұз бен картопты саламыз. 15-20 минутта картоп та піседі.
  10. Барлық көкөністер піскен уақытта оның біраз бөлігін сүзіп аламыз да, сорпаны блендерге құйып, сәл ғана араластырамыз. Көкөністер ботқаға айналып кетпеуі тиіс. Ал, сүзіп алынған көкөністерді кейіннен қазанға салып, блендердегі сорпамен қайта араластырасыз. Соңында өзіңіз қалаған макаронды салып, тағы бір қайнатып жібересіз. Сонда итальяндық әдіспен дайындалған минестроне де дайын болады.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Тауық етін маринадтаудың қанша түрін білесіз?

Оп-оңай жасалатын манты

Тәбетіңізді таңғы аспен ашыңыз!

10 минутта дайын болатын тойымды таңғы ас