​Шай ішудің салтанаты да әртүрлі

0
6 366

Сіз шайды қалай ішесіз?! Расында да сонау бойға қуат беріп, ерекше күш сыйлайтын қастерлі сусын – шайды күнделікті ішіп отырып «осы шайды ішудің де арнайы салтанаты бар ма екен?» деп ойланбаған да боларсыз. Әрине, шайды әркім әртүрлі ішеді. Біреу қою күрең шайға кілегей немесе сүт қосып ішсе, енді бірі, күрең шайдың өзін рахаттана сораптайды. Енді біреулердің қылаң шайға да қанағат тұтып жүре беретіні бар. Ал құманды шоққа көміп қойып, самауырды сарқымай тұрмайтындар туралы әңгіме мүлде бөлек.


​Шай ішудің салтанаты да әртүрлі

Сіз шайды қалай ішесіз?! Расында да сонау бойға қуат беріп, ерекше күш сыйлайтын қастерлі сусын – шайды күнделікті ішіп отырып «осы шайды ішудің де арнайы салтанаты бар ма екен?» деп ойланбаған да боларсыз. Әрине, шайды әркім әртүрлі ішеді. Біреу қою күрең шайға кілегей немесе сүт қосып ішсе, енді бірі, күрең шайдың өзін рахаттана сораптайды. Енді біреулердің қылаң шайға да қанағат тұтып жүре беретіні бар. Ал құманды шоққа көміп қойып, самауырды сарқымай тұрмайтындар туралы әңгіме мүлде бөлек.

Шай ішу салтанатының бәрімізге ортақ бір қасиеті бар. Ол – отбасы болып дастархан басына жиналып, ошақбасы әңгімесін өрбіту, тек жанұяға қатысты ғана мәселерді шешу. Ал бұдан өзге әлем халықтарында шай ішудің қандай дәстүрлері бар екендігіне көз жүгірткіңіз келе ме?

«Ағылшынша» шай ішу

Сену қиын-ақ болар, бірақ Еуропа елдерінің ішіндегі ең «шайқұмар» ел – Англия. Тарихқа жүгінсек, бір кездері шекерадан шығыс тауарларын өткізгісі келмеген ақсүйек ел шайдың құдіреті туралы да кеш білген екен. Дәмін татқан соң еуропалықтар арасында ең «шайқорлары» атанып шыға келіпті. Ағылшындардың шай салтанатындағы ең бір танымалы- кешкі сағат бестер шамасындағы сүт қосылған шай. Әрине, біздікіндей емес.

Алдымен шәйнекке су емес, ыстық сүт құйылады. Оған шайдың тамаша сұрыпы салынып, нәтижесінде сергітетін, аса ыстық емес керемет сусын пайда болады. Ағылшындар мұндай шайға қант қосылғанын қаламайды, дәмін бұзатынын алға тартады. Ағылшын шайының тарихына 350 жылдан уақыт болған деседі.

Неміс шайы

Немістердің негізінен кофені жақсы көретіндіктері әлемге белгілі. Бірақ Алманияның Солтүстік теңізі жағалауындағы халқы 300 жылдан бері шай ішуді дәстүрге енгізген, тіпті өз рецептері де бар.

Бір кездері шайға «Қытай айдаһарының уы» деп күдікпен қараған неміс халқының шай демдеу салты да ерекше. Қантпен ішкенді ұнатпайтын ағылшындарға қарағанда, немістердің тәттіге деген көзқарасы оң. Алдымен кесеге өздерінің әйгілі «клюньте» деп аталатын шақпақ қант салынып, үстінен демделген ыстық қою шай қүйылады. Шайды ішудің ең ерекше тұсы да осында-қозғамау керек. Құйылу кезінде араласқан аз ғана дәммен-ақ рахаттануға болады.

Үнді шайының кереметі

Мұнда біз үнді шайын мақтағалы отырған жоқпыз, дәстүрімен ғана таныстырумен шектелеміз. Бір кездері үнді шайымен аты шыққан елдің өзі шайымен XIX ғасырда танысқан десек сенер ме едіңіз?! Ол әрине, бөлек тақырып. Ал бүгінде Үндістан көшелерінде бұрқ-сарқ қайнаған самаурға ұқсас үлкен ыдыстарды жиі кездестіруге болады. Үнді халқы шайды қою етіп демдеп, қантты көп салып кейде сүтпен де ішеді. Кейбір шет аймақтарда шайға қайнаған ыстық сүт пен дәмдеуіштер қосып ішетін де салттар бар. Оған таң қалуға болмайды, себебі Үндістан дәмдеуіштер отаны емес пе?!

Үндістанда шай ішудің тағы бір түрі бар, ол – «жол» шайы. Жол шайын әрбір теміржол вокзалында немесе станцияларында ішеді. Кішкене ғана қыш пиялаға құйылған шайды ішкен ыдысын сындырып тастауы тиіс. Бұл – сапардың сәтті болуын тілегеннен туған ниет.

Ешкі сүті қосылған тибет шайы

Қытайға жақын болғандықтан шаймен Тибеттіктер Үндістанға қарағанда мың жыл бұрын таныс болыпты. Басқаларға қарағанда Тибет жерінде тек ғана көк шай ішіледі. Және де қашан да шай ыдысқа ернеуіне дейін толтырылып қүйылады. Бұл – айнымас дәстүр. Сондай-ақ көк шайға ешкі сүті мен тұз салып ішетін де осы тибеттіктер.

Тибет – шайды құрбандыққа шалатын әлемдегі бір ғана ел. Олар шайға баса назар аударады. Сондықтан да тибеттіктерге шай ең бағалы сыйлық пен қонақжайлылықтың белгісі.

«Қазақша» шай ішу

Қазақ халқында шай ішудің белгілі бір уақыты жоқ. Оны кез келген уақытта, тамаққа дейін, тамақтан соң, қонақ келгенде және қонақ кеткен соң да, бас ауырып, балтыр сыздағанда немесе қуанышты хабар алып соның құрметіне де шай ішіле береді. Бұрындары ет пен қымызсыз қазақ халқын елестете алмайтын болсақ, енді шайсыз елестете алмаймыз. Естеріңізде болса, мұнан сәл ертеректе әжелеріміздің шай сандығы болушы еді. Ол бөлмеден ерекше жұпар иіс аңқып тұратын.

Қазақта шайдың да түрі көп. Солтүстік аймақтағы қандастарымыз шайды сүтпен ішкенді тәуір көрсе, жақын кезеңге дейін алтай қазақтары шайға құйрық пен талқан, тұз қосып ішетін. Оңтүстік өңірде шайға майлы ыстық сүтін қосып, тамсанса, батыс жақта шәйнек оттан түспей ыстық күйінде бұрқырап тұрады.

Бүткіл Орта Азия халқы ұстанатын шай ішу дәстүрі біздің елде де орын тепкен. Шайды кесеге ешқашан толтырып құймайды. Ол қонақты немесе ыдыс иесін сыйламағандыққа жатады. Кейбір аймақта шайды кесенің ернеуіне дейін толтырып құятын болса, ол қонақтың ертерек кеткендішін тұспалдау болып саналады.

«Шайдан кейін де шай іше беретін »халық емеспіз бе? Өз сый-құрметімізге қарай бейімделген түрлі салтымыздың бары рас. Ал оның тақырыбы мен әңгімесі мүлде бөлек.