ШОКОЛАДТЫ құлпынаймен АЛҒЫС айтыңыз

0
527


ШОКОЛАДТЫ құлпынаймен АЛҒЫС айтыңыз


Қазіргі таңда шоколадты құлпынай сұранысқа ие тәттіге айналды. Көпшілік бұл тәтті десертті бағасының қымбаттығына қарамай тапсырыспен алдыртып жейді. Бірақ та дәл осы шоколадты құлпынайды өз қолыңызбен әзірлеуді үйренетін болсаңыз, қалтаңыздың қағылмайтыны анық. Ендеше мерекеде алғысыңызды өте нәзік әрі өте дәмді десертпен білдіруге асығыңыз!


Қажетті қоспалар:

  • 20-25 дана құлпынай
  • 350 гр. қара шоколад
  • 200 гр. ақ түсті шоколад
  • Әсемдеуге кокос ұнтағы немесе ұнтақталған жаңғақ керек.


Дайындалу тәсілі:

  1. Ең әуелі құлпынайды тазалап жуып алу керек. Содан соң таза матаның үстіне жайып, кептіріп қоясыз.
  2. Құлпынай дайын болғанша шоколадын дайындап алуға болады. Ол үшін су буында (водяная баня) қара шоколадты ерітіп, құлпынайларды біртіндеп осы еріген шоколадқа батырып аласыз. Шоколад әбден қатқан соң, құлпынайды тағы бір рет ерітілген шоколадтқа батырып алу керек. Сонда өте әдемі әрі бір тегіс шоколадты құлпынай шығады.
  3. Сөйтіп құлпынайларды тәрелкеге жайғастырып, бетіне кокос немесе жаңғақ ұнтағын себелеңіз. Қара шоколад кепкен кезде ақ шоколадты арнайы қалтаға құйып алып, құлпынайды әсемдеп жіберсеңіз болғаны.


КЕҢЕС

Шоколадты құлпынайды әзірлеуден бұрын мына кеңестерге көз жүгірткеніңіз дұрыс:

  • Құлпынайдың ең әдемі әрі қып-қызыл болып піскенін таңдап алыңыз. Содан соң жидектің жапырақтары барын алған дұрыс.
  • Құлпынайды салқын жерде сақтайсыз. Ал пайдаланар уақытта аз уақыт бөлме температурасына қойып, бір қалыпқа келтіріп алған дұрыс.
  • Көп адамдардың жіберетін бір қателігі – құлпынайды кептірмей қолданады. Қызыл жидекті жуғаннан кейін қағаз майлықпен сүртіңіз немесе майлықтың үстіне жайып кептіріңіз.
  • Құлпынайдың жапырақтары мен сабағын жұлып алып тастамаңыз. Себебі сабағы арқылы құлпынайды тұтастай шоколадқа батыра аласыз.
  • Құлпынайды шоколадта көп ұстамаған дұрыс. Егер шоколад суып қалатын болса, құлпынай әдемі шықпай қалуы мүмкін.
  • Шоколадты құлпынайды бөлме температурасында қатырып алыңыз. Асығыс болған жағдайда тоңазытқышқа салуға да болады.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Алмадан дайындалған заманауи ПИРОГ