ШӨЛ БАСАТЫН сусындардың төресі - НӘРСУ

0
8 670

Бүкіл отбасы үшін таңдаулы болатын сусын түрлері


ШӨЛ БАСАТЫН сусындардың төресі - НӘРСУ

Төмендегі қарапайым сусындарды кез келген әйел жасай алады. Жеміс жидектер мен су болса болғаны. Хош иісті компоттар жанұя мүшелерін қуантып, бір дастархан басына жиналуына себепші болуы да ғажап емес.


Құлпынай нәрсуы


Қажетті өнімдер:

  • 500 гр. құлпынай
  • 2,5 л су
  • 1 тілім лимон
  • Бірнеше тал жалбыз жапырағы
  • 350 гр. қант
  • 1 шай қасық ванильді қант


Дайындалу тәсілі:

  1. Құлпынайды тазалап жуып, ыдысқа салыңыз. Бірнеше жалбыз жапырағын қосыңыз.
  2. Жидектер салынған ыдысты қажетті мөлшердегі суды құйып, бір тілім лимонды саламыз да отқа қоямыз.
  3. Су қайнағаннан кейін қант пен ванильді қантты салып, бір араластырып жіберу керек. Компотты орташа отта 25 минуттай қайнатасыз. Сосын ыдысты оттан алып, қақпағы жабық күйде суытамыз. Мұндай құлпынай нәрсуын жылы қалыпта да, салқындатып ішуге де болады.


Алма мен апельсин нәрсуы


Қажетті өнімдер:

  • 2 дана алма
  • 3 л су
  • 3 дана апельсин
  • 200 гр. қант


Дайындалу тәсілі:

  1. Алманы дәнінен, сабағынан тазартып, орташа көлемде тураймыз. Содан соң ыдысқа салып, бетіне қантты себелейміз де, суды құямыз.
  2. Ыдысты отқа қойып, қайнатамыз.
  3. Апельсиннің қабығын аршып, дөңгелектеп тураймыз. Туралған апельсиндерді де ыдысқа салып, тағы бір қайнатып жібереміз. Артынша отты өшіріп, ыдыстың қақпағын жабамыз да, 40 минуттай қоя тұрамыз.
  4. Осылайша дайындалған компотты ыдыстарға құйып, ішіне 2-3 түйір қайнатылған жемістерді салып, балаларға ұсына берсеңіз болады.


«Ассорти» нәрсуы


Қажетті өнімдер:

  • 3 литрлік банкаға:
  • 200 гр. сары өрік
  • 200 гр. қара өрік
  • 200 гр. алма
  • 250 гр. қант
  • 2,5 л су


Дайындалу тәсілі:

  1. Ең алдымен үлкенірек ыдысқа су құйып, отқа қойып, қайнатыңыз.
  2. Су қайнаймын дегенше жемістерді дайындап алайық. Ол үшін өріктерді тазалап жуып, ортасынан бөлесіз де, сүйегін алып тастайсыз.
  3. Алманы да жуып, ортасынан кесіп, дәндерінен тазартыңыз. Сосын алмаларды ірілеп турайсыз.
  4. Банкаларды алдын ала жуып, стерилдеп қоямыз. Қақпақтарды да бір қайнатып алу қажет.
  5. Енді әрбір банканың 1/3 бөлігіне дейін жемістерді салып, қайнаған суды құямыз. Қақпағын жауып, 10 минут қойып қою керек.
  6. Сосын банкалардағы суды қайтадан ыдысқа құйып, суды қайнатамыз. Банкалардың қақпағын жауып қоюды ұмытпаймыз. Су қайнаймын дегенше жемістер салынған банкаларға қантты саламыз. Сосын қайнаған суды құйып, қақпағын арнайы бұрағышпен бұрап жабамыз. Дайын банкаларды бірден төңкеріп қоямыз да, сыртынан матамен жылы ораймыз. Кейіннен компоттарды салқын әрі көлеңке жерде сақтаймыз.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Болгар бұрышынан дайындалатын ДӘМДІ пісірме


Өте ОҢАЙ әрі ДӘМДІ балмұздақ мәзірі


ДӘМДІ бауырсақтың ЕРЕКШЕ 2 мәзірі