​Таңғы асқа құймақтың орнына тәтті пирог пісіріңіз

0
3 882

Таңғы асты пайдалы тағамнан бастаңыз! Әр күнің қалай басталса, сол күнің күн батқанға дейін дәл солай жалғасады.


​Таңғы асқа құймақтың орнына тәтті пирог пісіріңіз

Сондықтан да таңертеңгілік асқа аса мән берген дұрыс. Құрамы пайдалы заттарға бай пирогты дайындап, әрдайым отбасылық дастарханға ұсыныңыз!


Сүзбе мен қаймақ қосылған пирог

Қажетті заттар:

  • 180 гр. сүзбе
  • 180 гр. ұн
  • 70 гр. қант
  • 2 ас қасық қаймақ
  • 3 дана жұмыртқа
  • 1 шай қасық қамыр қопсытқыш
  • Шым-шым тұз
  • Салмасы үшін:
  • 2 дана алма
  • 1 уыс мейіз немесе басқа кептірілген жемістер
  • 1 текше сары май.

Дайындалу тәсілі:

  1. Ең алдымен сүзбе қосылған қамырымызды дайындап аламыз. Ол үшін 3 жұмыртқаны жарып, тұз, қант салып, 5 минуттай миксермен көпіршітіп араластырамыз. Сонда араласпаның түсі ашылып, көпси бастайды.
  2. Сосын сүзбе мен қаймақ қосып, миксермен араластыруды жалғастырамыз.
  3. Ұн мен қамыр қопсытқышты араластырып алып, аз-аздан жұмыртқа мен сүзбе араласпасына қосамыз.
  4. Сонда қаймақ тәріздес сұйық қамыр шығады.
  5. Енді шарлоткамыздың салмасын дайындаймыз. Табаға 1 кесек сары майды салып ерітеміз. Азырақ құмшекер себелеп, оның бетіне туралған алманы жайып шығамыз.
  6. Алманың бетіне 1 уыс мейізді немесе басқа жидектерді себелеңіз.
  7. Орташа отта алманы біраз қыздырып, оның бетіне қамырды құямыз. Табаның қақпағын жауып, 10 минут бойы сол бетін пісіреміз. Алмалар қызарып, иісі шыға бастайды. Осы уақытта пирогтың екінші бетін аударып, тағы да 10 минут пісіреміз.
  8. Шарлотканың екінші бетін аударған соң табаның қақпағын жаппай-ақ қоюға болады.
  9. Дайын шарлотканы бірнеше бөлікке бөліп, тәрелкеге салып, дастарханға ұсына береміз.


Бал мен жаңғақ қосылған пирог

Қажетті өнімдер:

  • 1 стақан алма шырыны
  • ½ стақан өсімдік майы
  • 2 ас қасық бал
  • 200 гр. қант
  • 2 стақан ұн
  • 70 гр. грек жаңғағы
  • 1 шай қасық ас содасы
  • 2-3 дана қышқыл алма
  • 4 гр. даршын

Дайындалу тәсілі:

  1. Шұңғыл табаққа алма шырыны мен өсімдік майын, балды құйып, қант қосып араластырамыз.
  2. Аз-аздан ұн қосып, араластырамыз.
  3. Жаңғақты табаға салып, бір қуырып аламыз. Сосын жаңғақтарды ұнтақтап, қамырға қосу керек.
  4. Қабығы аршылған алмаларды жұқалап турап, қамырға саламыз. Кейіннен май жағылған табаға құямыз. Бетіне даршынды себелеп жіберіңіз.
  5. Табаны 30-35 минут бойы отта ұстап, екінші бетін аударамыз да, 10 минуттай отта ұстаймыз.


Айран қосылған пирог

Қажетті өнімдер:

  • 200 мл кефир
  • 400 гр. ұн
  • 3 дана жұмыртқа
  • 5 дана алма
  • 200 гр. қант
  • 12 гр. қамыр қопсытқыш
  • 30 гр. қант ұнтағы.

Дайындалу тәсілі:

  1. Алманың қабығын аршып, жұқалап әрі тіліктеп турайсыз.
  2. Қант пен жұмыртқаны араластырып, көпіршітіңіз. Қамыр қопсытқыш қосып, айранды құйыңыз.
  3. Ұнды електен өткізіп, аз-аздан айран араласпасына салып отырамыз. Барлығын жақсылап араластырып, түйіршік қалмайтындай біркелкі сұйық қамыр дайындаймыз.
  4. Қамырдың жартысын май жағылған табаға құйып, туралған алманы саламыз. Бетіне даршын себелеуге де болады. Сосын қамырдың қалғанын құйып, орташа отта қақпағын жауып пісіреміз.
  5. Дайын шарлотканы дастарханға қоярда бетіне қант ұнтағын себелесеңіз болады.

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


ҚЫСТЫҚ САЛАТТЫ қызылша қосып дайындаңыз


Тәбеташар ӨРІЛГЕН пирогтар мәзірі