​Той дастарханына арналған дәмді орамалар

0
5 291

"Ет дегенде бет бар ма" демекші той дастарханын еттен дайындалған дәмді тіскебасарлармен толтырғыңыз келсе, дәл осы орамаларды жасап көріңіз. Қонақтардың риза болары сөзсіз!


​Той дастарханына арналған дәмді орамалар

Күз айлары той-думанға толы деуге болады. Себебі дәл осы уақытта қарапайым халық жаз бойы еткен еңбегінің жемісін жинап, жан рахатына бөленгісі келеді. Міне, осындайда туған-туыс пен дос-жаранның басын қосып той бергенге не жетсін! Ал, той дастарханы дәмді аспен көмкеріліп, көздің жауын алуы керек. Ерекше әрі мерекелік дастарханға арналған өте дәмді орамалар сіздің көңіліңізден шығары сөзсіз. Ендеше жасап көріңіздер!


Тауық еті мен майонезден дайындалған орама


Тағы да оқыңыз: Балаларға шұжықтың (колбаса) қай түрін беруге болмайды?

Қажетті өнімдер:

  • 150 гр. ірімшік
  • 2 ас қасық майонез
  • 2 дана тауықтың төс еті
  • 4 дана жұмыртқа
  • Жарты пакет желатин
  • Дәміне қарай тұз, бұрыш қосылады.

Дайындалу әдісі:

  1. Ең алдымен орамаға арналған құймақты (омлет) пісіріп аламыз. Ол үшін табаққа жұмыртқаны жарып салып, майонезді қосып жақсылап араластырамыз. Сосын осы араласпаны арнайы формаға құямыз. Құймақ жабысып қалмас үшін формаға фольга қағазын салған дұрыс. Май жағып, содан кейін ғана сұйық араласпаны құямыз. Бетіне 150 гр. үккіштен өткізілген ірімшікті себелеп, сұйықтыққа батқанша қасықпен бетін тегістейміз. Енді осы форманы қызып тұрған пешке салып, 15 минут пісіріп аламыз.
  2. Тауықтың төс етін ортасынан бөліп, бетіне асханалық пленканы төсейміз де, етті арнайы құралмен ұрғылаймыз. Әбден езілген еттің бетіндегі пленканы алып тастап, екі жағына бірдей бұрыш, тұз себелеу қажет.
  3. Содан соң пісіп шыққан құймақтың бетіне азырақ желатин сеуіп, етті жайып саламыз. Етке де желатин сепкен дұрыс. Сосын ет салынған құймақты ораймыз. Ораманы фольга қағазына қойып, сыртынан фольгамен жақсылап орау керек. Осылайша дайындалған ораманы пешке салып пісіреміз.
  4. Пешті 180 градусқа қыздырып, ораманы 45 минутқа қалдырамыз. Дайын ораманы пештен алып, бөлме температурасына дейін суытамыз. Әбден суыған соң 6 сағатқа тоңазытқышқа салып қоямыз. Сонда орама да дайын болады.


Ірімшік пен тартылған еттен дайындалған орама


Қажетті өнімдер:

  • Қамырына:
  • 200 гр. қатты ірімшік
  • 3 дана жұмыртқа
  • 3 ас қасық ұнтақ жармасы (манная крупа)
  • 50 гр. майонез
  • 50 гр. қаймақ
  • Дәміне қарай тұз салынады.
  • Салмасына:
  • 500 гр. фарш
  • 2 дана пияз
  • Өсімдік майы
  • Тұз, бұрыш қажет.

Дайындалу әдісі:

  1. Табаққа жұмыртқаны жарып салып, тұз қосып араластырамыз. Сосын үккіштен өткізілген ірімшікті, майонез бен қаймақты, ұнтақ жармасын салып жақсылап араластыру керек. 20 минуттан кейін арнайы формаға асханалық қағазды салып, қамырымызды құямыз. Жақсылап жайып, қыздырылған пешке салып 15 минут пісіреміз.
  2. Етті бір дана пиязбен бірге еттартқыштан өткізіп аламыз. Ал, екінші пиязды турап, майға қуырамыз. Осы қуырманы фаршқа қосып, тұз, бұрыш себелеп араластыру керек.
  3. Алдын ала дайындалған ірімшіктен қосылған пісірмені бетіне фаршты саламыз. Фаршты қамырдың барлық жеріне жеткізіп жаю керек. Сосын қамырды орап, сыртынан фольга қағазымен де ораймыз. Фольганың екі жағын да барынша қысып ораған дұрыс. Дайын ораманы 180 градусқа қыздырылған пеште 40 минут пісіру қажет. Сонда той дастарханын аша түсетін орамамыз да пісіп шығады.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Балаларға шұжықтың (колбаса) қай түрін беруге болмайды?


Ең дәмді мәзір: Қияр мен сәбіз қосылған қыстық салат


Өте дәмді "АДЖИКА" қайнатудың 3 түрлі ТӘСІЛІ