​Құймақтың қанша түрін пісіруді білесіз?

0
4 619

Бұл құймақтар шотландық, италияндық және француздық тәсілдермен дайындалады. Жалпы шетелдерде біздің қарапайым құймақты қалай дайындайтыны, оған қосатын қоспалары қызықты болды. Сол себепті де бүгін шетел асханасына саяхат жасаймыз! Ендеше өте дәмді әрі ерекше әдіс-тәсілдермен әзірленетін құймақтарды жасап көрейік!


Сәлеметсіздер ме, қымбатты ханшайымдар! Бүгін біз сіздерге ерекше құймақтар мәзірін ұсынатын боламыз. Бұл құймақтар шотландық, италияндық және француздық тәсілдермен дайындалады. Жалпы шетелдерде біздің қарапайым құймақты қалай дайындайтыны, оған қосатын қоспалары қызықты болды. Сол себепті де бүгін шетел асханасына саяхат жасаймыз! Ендеше өте дәмді әрі ерекше әдіс-тәсілдермен әзірленетін құймақтарды жасап көрейік!

Италиянша құймақ

Ең алдымен итальяндық құймаққа тоқталайық. Құймақтың бұл түрі барлық отбасына арналған ең керемет десерт бола алады. Әсіресе апельсин мен балқытылған ірімшік қосылған құймақтың дәмі тіл үйірері сөзсіз. Бірақ та балаларға арнап құймақ дайындау кезінде құрамына ликер (спиртті ішімдік түрі) қоспаған дұрыс.

Қажетті өнімдер:

  • 400 гр. кілегейлі ірімшік
  • 2 дана апельсин
  • 1 шай қасық ликер
  • Қант ұнтағы
  • 1 стақан ұн
  • 1 стақан сүт
  • 1 шым-шым тұз
  • 2 ас қасық өсімдік майы
  • 2 дана жұмыртқа
  • 100 гр. шоколад
  • 100 гр. кілегей.

Дайындалуы:

  • Алдымен құймақтың салмасын дайындап алған дұрыс. Ол үшін апельсиннің қабығын аршып, тек етін ғана қалдырасыз. Итальяндық құймақты пісіру кезінде апельсин орнына мандарин жемісін қосуға да болады.
  • Енді қабығы аршылған апельсинді ірілеп тураймыз. Арасындағы жұқа қабықшаларын да алып тастауды ұмытпаңыз.
  • Ал, кілегейлі ірімшік пен қант ұнтағын араластырып, бөлек ыдысқа салып қоясыз. Туралған апельсин мен шырынын, ликерді араластырып, оны басқа ыдысқа саласыз. Екеуін екі бөлек араластырып, біркелкі қалыпқа келтіреміз.
  • Құймақтарды дайындау үшін жұмыртқаны табаққа жарып салып, қантпен жақсылап араластырамыз. Сосын осы араласпаға сүттің жартысын және ұн қосамыз. Осылайша қамырды араластырып, егер қоюлау болған жағдайда сүттің қалғанын қосуға болады. Құймақ қамырына өсімдік майын құйып, табаны қыздырасыз да, пісіріп ала бересіз.
  • Дайын болған құймақтардың арасына алдымен, кілегейлі араласпаны, сосын оның бетіне апельсин тәттісін салып ораймыз.
  • Мұндай десерттің дәмін шоколад пен кілегей кіргізеді. Сондықтан да шоколадты еретіп, кілегеймен араластырасыз да, құймақтың бетіне соус ретінде құясыз. Шоколадты соус құймаққа ерекше дәм беріп, сіздің тәбетіңізді аша түседі.

Шотландша құймақ

Қажетті өнімдер:

  • 100 гр. сұлы жармасы
  • 2 ас қасық ұн
  • 1 ас қасық сүт
  • 3 ас қасық үккіштен өткізілген сыр
  • 1 дана жұмыртқа
  • 1 ас қасық сары май
  • Дәміне қарай тұз
  • Ас содасы

Дайындалуы:

Ең алдымен құрғақ қоспаларды араластырып аламыз. Сұлы жармасы, ұн мен үккіштен өткізілген сырды араластыру керек. Сосын осы қоспаға үккіштен өткізілген сары майды, тұз, ас содасын саламыз. Сонымен бірге жұмыртқаның сары уызын қосып, барлығын жақсылап араластырамыз.

Кейіннен бір ас қасық сүт қосамыз. Сонда қолға жабысқақ, әрі жинақы қамыр шығуы тиіс. Қамырды сопақша формаға келтіріп, кішкене бөліктерге бөліп кеседі.

Әрбір қамырды оқтаумен жайып алыңыз. Арнайы пісірмеге арналған табаға пергамент қағазын салып, соның бетіне құймақтарды жайғастырасыз. Бір-біріне жақын қоймаңыз. Жабысып қалуы мүмкін. Ал, құймақтандың бетіне жұмыртқаның сары уызын жағуға болады.

Пешті 200 градусқа қыздырып, құймақтарды 10-15 минут пісіресіз. Дайын құймақтарды ыстықтай дастарханға ұсынған дұрыс.

Шотландтық құймақтың 2-ші түрі

Қажетті өнімдер:

  • 110 гр. ұн
  • 2 дана жұмыртқа
  • Дәміне қарай тұз
  • 275 мл сүт
  • Салма үшін:
  • 3 дана апельсин
  • 2 дана лимон
  • 75 гр. сары май
  • 110 гр. қант ұнтағы
  • 3 ас қасық ликер.

Дайындалуы:

Ұнды елеп, табаққа салыңыз. Сосын оған тұз салып, ортасына ашасыз да, жұмыртқа мен сүттің жартысын құясыз. Осы қоспаларды араластырып, соңынан сүттің қалғанын құю керек. Сонда сұйық қамыр шығады.

Табаны қыздырып, бір түйір сары май саласыз да, құймақтарды пісіріп ала бересіз.

Енді салманы дайындаймыз. Ол үшін лимон және апельсин қабықтарын үккіштен өткізіп, шырынын сығып аласыз. Содан соң табаға май салып, ерітіңіз де қант ұнтағын салып 1 минут қуырыңыз. Лимон және апельсин қабығын салып, шырынын қосасыз. Қайнаған соң ликерді құйып, жай отта 3 минуттай қайнату керек.

Соңында дайын құймақтарды төртбұрыштап бүктеп, осы қайнатпаға салыңыз. Отты барынша жай басып, үш минут қайнатасыз. Сонда шотландтық құймақтар да дайын болады. Дәмді құймақтарды дастарханға кофемен бірге ұсыныңыз.

Француз құймағы

Қажетті өнімдер:

  • 1 стақан ұн
  • 80 гр. сары май
  • 5 дана жұмыртқа
  • 100 гр. қант
  • 5 гр. ашытқы
  • 1 ас қасық бал
  • ¼ стақан өсімдік майы
  • Тұз және ванилин.

Дайындалуы:

Алдымен жұмыртқаны табаққа жарып саласыз. Қант пен тұз қосып, барлығын бір қалыпқа келгенше араластырасыз.

Сары майды тәрелкеге салып, микротолқынды пеште ерітіп алыңыз. Сосын суытасыз. Майды жұмыртқа араласпасына қосу керек. Сөйтіп көпіршітіп аласыз.

Сұйық араласпаға енді бал мен ванилинді салып, жақсылап араластрыасыз.

Жылы сүтті құйыңыз.

Ал, ұнды екі-үш рет електен өткізіңіз де, ашытқымен араластырыңыз. Содан соң барлығын араластырып, бірқалыпты сұйық қамыр шығарасыз. Дайын қамырдан құймақтарды пісіріп ала бересіз.

Дайындаған – Құрманкүл Өмірзаққызы.

ERNUR.KZ

суреттер ашық дереккөзден алынды