Жаңа жылдық дастарханға ерекше дәм дайындағыңыз келе ме?

0
3 010

Жаңа 2020 ЖЫЛ міне-міне табалдырығымыздан аттағалы тұр. Сіз бұл мерекеге қаншалықты дайынсыз?


Жаңа жылдық дастарханға ерекше дәм дайындағыңыз келе ме?

Жаңа жылды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алуға отбасындағы жайылған дастарханның әсер етері анық. Осыны түсінетін кейбір асүй ханшайымдары қазірден-ақ дайындықты бастап кеткен болар. Ал, әлі де қандай тағам дайындарын, не пісірерін білмей отырған қыз-келіншектерге өте әдемі әрі дәмді құймақ пен орама мәзірін ұсынып отырмыз.


Жаңа жылдық «СЫЙЛЫҚ» құймақтар

Қажеттті өнімдер:

Құймақтарға:

  • 400 мл сүт
  • 2 дана жұмыртқа
  • 1 шым-шым қант
  • 1 шай қасық тұз
  • 170 гр. ұн
  • 3 ас қасық өсімдік майы
  • Салма үшін: 300 гр. тауық еті
  • 70 гр. күріш
  • 1 дана сәбіз
  • 1 дана пияз
  • 2 ас қасық майонез
  • 2-3 тал аскөк
  • Дәміне қарай тұз
  • 4 ас қасық өсімдік майы
  • 10 тал көк пияз


Дайындалу тәсілі:

  1. Тауық етін тұзды суға салып қайнатып аламыз. Пісіп шыққан соң сүзіп алып, суытамыз. Кейіннен етін сүйегінен ажыратып, дайындап қоямыз.
  2. Күрішті тазалап жуып, оны да қайнату керек.
  3. Енді құймақтың қамырын дайындаймыз. Ол үшін табаққа жұмыртқаны жарып салып, тұз бен қант қосамыз да жақсылап араластырамыз. Осылайша араласқан жұмыртқаға сүт құямыз. Артынша аз-аздан ұн салып, араластырамыз. Соңында өсімдік майын құйып, тағы бір араластырып жіберу керек.
  4. Табаны қыздырып, майлаймыз да, құймақтарды пісіріп аламыз. Екі жағы бірдей қызарып піскен құймақтарды тәрелкеге салып қоя береміз.
  5. Құймақтарымыз дайын болған соң, ішіне салатын салмамызды әзірлеуге кірісеміз.
  6. Тауық етін майдалап турап, сәбізді үккіштен өткіземіз. Ал, пиязды майдалап турау керек. Сосын көкөністерді өсімдік майына салып қуырып аламыз.
  7. Табаққа күрішті, тауықтың етін, қуырылған көкөністерді салып араластырамыз.
  8. Осы араласпаға майдалап туралған аскөк пен азырақ майонез қосып, араластырасыз.
  9. Дайын болған салманы әрбір құймақтың ортасына салып, сосын құймақтарды сыйлық салынған дорбаға ұқсатып, ортаға жинап, көк пиязбен әрқайсысын байлап шығамыз. Сонда мерекелік құймақтар да дайын болады.


Мерекелік «ХАН» орамасы


Қажетті өнімдер:

  • 200 гр. қызыл балық
  • 3 дана сәбіз
  • 2-3 дана картоп
  • 3 дана жұмыртқа
  • 2 ас қасық қызыл икра
  • Дәміне қарай азырақ аскөк пен майонез қажет.


Дайындалу тәсілі:

  1. Жұмыртқа мен көкөністерді қайнатып алу керек. Сосын қабығын аршып, дайындап аламыз. Салатқа әдемі форма беру үшін фольга қағазы да қажет.
  2. Қабығы аршылған сәбізді үккіштен өткіземіз. Сосын осы сәбізді фольга қағазының бетіне салып, жайып шығамыз. Оның бетіне майонез жағып, үккіштен өткізілген картопты саламыз. Азырақ тұз себелеп, тағы да майонез жағу керек.
  3. Енді үккіштен өткізілген жұмыртқа қабатын жасаймыз. Жұмыртқаның бетіне де майонез жағып, тұз себелейміз. Ал, балықты осы салаттың бір шетіне ғана саламыз. Содан соң сол шетінен бастап орап, әдемі орама жасаймыз. Осылайша оралған салатты 5-6 сағаттай фольгаға оралған қалпында тоңазытқышқа салып қоямыз.
  4. Дайын орама салатты тәрелкеге салып, бетін аскөкпен, майонезбен әсемдейміз. Қызыл икраны ораманың ортасына суреттегідей қалыппен қойып шығу керек.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Сірке суын таңдағанда неге мән беру керек?


Тартылған еттің өте дәмді болғанын қаласаңыз, мына 5 әдісті жасап көріңіз


"Люля-Кебаб" пісіре аласыз ба? Оп-оңай 3 тәсілі бар