​Жаз бойы дайындауға болады: Кәді мен фарш тағамы

0
4 878

Кәдіні барлық адам сүйіп жейді деп айту қиын. Бірақ, дәмді етіп дайындасаңыз, түк қалдырмай жеп қоятыны анық.


​Жаз бойы дайындауға болады: Кәді мен фарш тағамы

Жалпы кәдіден тіскебасар дайындау үшін оны көбіне қуыра салады. Егер арасына фарш салып пісіретін болсаңыз, дәмі тіл үйірер тағам шығады. Бұл тағамды дайындау оңай әрі тез. Кәді мен фарштан ерекше тағам әзірлегіңіз келсе, ас мәзіріне мән беріңіз.

Қажетті өнімдер:

  • 2 дана кәді
  • 1 дана пияз
  • 250 гр. фарш
  • Жарты стақан күріш
  • Дәміне қарай тұз, бұрыш, зире, паприка
  • 2 ас қасық қаймақ
  • 2 ас қасық томат
  • 1 стақан су.

Дайындалу тәсілі:



  1. Кәділерді жуып, екі басын кесіп алып тастаймыз. Сосын көкөніс турағышпен немесе көкөністерді аршуға арналған құралмен кәдіні жұқалап тураймыз. Егер ондай құрал болмаса пышақты пайдалануға да болады.
  2. Туралған кәділерге тұз себелеп, 10 минутқа қалдырамыз. Сонда кәділер жұмсарып, орауға ыңғайлы болады.


3. Осы уақыт аралығында салмамызды дайындап алайық. Ол үшін дайын фаршты табаққа салып, жарты стақан күрішті, майдалап туралған пияз бен дәмдеуіштерді қосып, барлығын жақсылап араластыру керек. Кәдінің фарш орауға жарамайтын кішірек бөліктерін де майдалап турап фаршқа қосып жібереміз.


4. Енді дайын фаршты әрбір туралған кәдіге салып, орап шығамыз. Осылайша дайындалған орама кәділерді шұңғыл табаға саламыз.

5. Бөлек табаққа қаймақ пен томатты, суды құйып, жақсылап араластырамыз. Барлығы біркелкі араласқан кезде кәді орамаларының бетіне осы тұздықты құямыз.

6. Табаны отқа қойып, орташа отта тағамымызды 40 минуттай ұстаймыз. 40 минут бойы бұқтырылған кәділердің хош иісі мұрынды жарып, бүкіл үйді алып кетері сөзсіз. Дайын кәді орамасын картоп езбесімен немесе көкөністерден дайындалған салатпен ұсынуға болады.

Астарыңыз дәмді болсын!

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Жаздық РАТАТУЙ тағамын түрлі әдіспен дайындап көріңіз


Мохито сусынын үй жағдайында қалай дайындайды?


ӨРІК ПЕН ШИЕ тосабын 5 МИНУТТА дайындайтын тәсіл бар