Өрік пен шиеден тосап қайнатып алатын уақыт келе жатыр. Мына тәсілдер керегіңізге жарап қалар.
Әрбір үйбикесі "қыстың қамын жаз ойла" деп қазірден-ақ тосап қайнатуға кірісіп кеткен болар. Бірақ та көктем шыға сала түскен қардың әсерінен көптеген ағаштар жеміс бермей қалды. Соған қарамастан базарларда сатып жатқан азын-аулақ өрік-шиемен де тосап қайнатып алуға болады. Себебі күн суықта мұның бәрі одан сайын дәмді бола түседі. Ендеше қолыңызда бар жемістермен түрлі тосаптарды қайнатып, көңіл-күйіңізді бір көтеріп алыңыз.
5 минутта жабуға болатын ӨРІК ПЕН ШИЕ тосабы
Қажетті өнімдер:
- 300 гр. шие
- 200 гр. өрік
- 200 гр. қант
- 100 мл су.
Дайындалу тәсілі:
- Өріктерді жуып, ортасынан бөлеміз де сүйегінен ажыратамыз. Өріктің әрбір бөлігін тағы да екіге бөліп, табаққа саламыз.
- Шиені де тазалап жуып, дайындап аламыз.
- Сиропты дайындау үшін кастрөлге су құйып, шекерді саламыз да, отқа қойып қайнатамыз. Қант толықтай ерігенше қозғап отырып қайнату керек.
- Осы қайнаған суға шие мен өріктерді салып, араластырамыз да қайнатамыз. Тосап қайнағаннан кейін, бір қозғап жіберіп, 5 минут қайнату керек. Дайын болған 5 минуттық тосапты банкаларға құйып, қақпағын бұраймыз.
- Егер көбірек тосап жапқыңыз келсе, жемістерді де, қантты да жоғарыда айтылған мөлшермен қоса берсеңіз болады.
Даршын мен лимон қосылған ерекше тосап
Қажетті өнімдер:
- 1 кг өрік
- 550 гр. қант
- жарты бөлік лимон
- 1 тал даршын
Дайындалу тәсілі:
- Өрікті жуып, сүйектерін алып тастаймыз.
- Ортасынан бөлінген өріктерге қантты себелеп, 1-2 сағат қойып қоямыз. Ең дұрысы таңға дейін осылай қойғаныңыз абзал.
- Түні бойы қант еріп, өріктер де толықтай бойына қантты сіңіреді. Енді өрікті қайната беруге болады.
- Тосапқа даршын мен жарты лимонның қабығын үккіштен өткізіп салып, отқа қойып қайнатамыз. Тосап қайнағаннан кейін жарты лимонның шырынын қосамыз. Отты жай қойып, 50-60 минуттай қайнату керек.
- Осы уақыт аралығында тосап қоюланып, дайын бола бастайды. Банкаларға құйып, қақпағын бұрап ала бересіз. Сонда тосабымыз да дайын болады.
Грек жаңғағы қосылған өрік тосабы
Қажетті өнімдер:
- 2 кг өрік
- 1 кг қант
- 200 гр. грек жаңғағы.
Дайындалу тәсілі:
- Жуылған әрі сүйектері ажыратылған өріктердің бетіне қантты себелейсіз. Қант жемісті толықтай жауып тұруы керек.
- Сосын кастрөлді отқа қойып, жай отта тосапты қайната бастаймыз. Тосап қайнай-қайнай қоюланып, қоңырқай тарта бастайды.
- Тосап дайын болуға 20 минуттай уақыт қалғанда 200 гр. үгітілген жаңғақты саламыз.
- Барлығын жақсылап араластырып, банкаларға құйып, жауып алуға болады. Егер тоңазытқышта сақтағыңыз келсе, салқындаған соң банкаларға құясыз.
Дайындаған: Қ.Өмірзаққызы,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
Хачапуриді сүтпен де, айранмен де дайындауға болады
Өте дәмді картоп езбесін қалай дайындайды