​Айдар қоюдың астарында не жатыр?

0
1 711
Айдар қоюдың да өзіндік заңдылықтары мен қағидалары бар.

​Айдар қоюдың астарында не жатыр?

сурет:islam.kz

Айдар қою – ежелгі салтымыздың жалғасы. Бүгінгі кезде ата-аналардың көпшілігі балаларына айдар қоятын болған. Айдар – айбарлықтың, қайсарлықтың, күш-қуаттың белгісі іспетті. Сұқ көзден, суық сөзден қорғайды деп білген.



сурет:yaplakal.com

Бұрынғы әжелеріміз жанына жақын, арасынан дара көрген немерелерін қырқынан шыққан соң төбе шашын жіберіп, өсірген. Өскен кезде оған маржан-моншақ қосып өріп қою сән болған. Айдар тағу үрдісін атынан ат үркетін бай-бақуатты отбасылардың балаларынан көптеп кездестіруге болады. Айдары бар балаға жас болса да ерекше қошемет көрсетілген. Ата-тегін сұрап, баталарын беріп отырған. Ертеңгі ел тізгінін ұстайтын елдің азаматы деп сенген. Айдарлы бала басқа балалардан ерекшеленіп, дараланып тұрған. Сырттан келгендер айтпай-ақ ол баланың текті, бақуатты отбасының ұрпағы екенін білген.


Сондай-ақ, қазақта ұл баланы зарығып жүріп көргендер де ұлына айдар қойған деседі.


Ойын баласы ер жетіп, етек-жеңін жиған шақты, мектепке баратын жасқа жеткенде сүндетке отырғызылып, елдің жақсылары мен жайсаңдарын шақыртып, мал сойып, ет асылып, дастархан жайып айдарын алып тастау рәсімін жасаған. Осы жиыннан кейін ел-жұрт бұл үйдің ұлының ер жетіп, атқа мінетін жасқа жеткенін білген.


Айдарды ұл баланың нағашы жұртынан елге сыйлы, аузы дуалы, сөзге шешен, озық ойлы кісі кесетін болған. Тойға жиналғандардың жақсы қасиеті бойына дарысын, ізгі кісілердің ізін жалғасын, абырой биігінен көрінсін, ел-жұртына айтар сөзі өтімді, қолы батыр, ісі сүйсінерлік болсып деп үлкендерден бата алады.


Тарихи деректерге арқа сүйесек, айдар қою - моңғол, қытай, маньчжур, қалмақ, түрік халықтарына да тән қасиет болған.


Сонымен қатар айдар ата-анасы жоқ жетім балаларға, біреудің есігінде жалданып жұмыс істейтіндердің балаларына қойылмаған. Демек айдар қоюдың да өзіндік заңдылықтары мен қағидалары бар.


Бүгінде ұлына Айдар деп есім бергендерді де жиі естиміз. Атына заты сай азамат болып өсе берсін деп тілейік.


Ләззат АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ.

Тағы оқыңыз:
АТАСТЫРУ дәстүріне КӨЗҚАРАСЫҢЫЗ қандай?

ЖЕТІ АТАҢЫЗДЫ жіктеп бере аласыз ба?

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет