Тарихи деректерге сүйенсек, «Жеті ата» дәстүрінің пайда болуы Керей мен Жәнібектің хандық дәуірінде болған деседі.
сурет:infourok.ru
«Жеті ата» дәстүрін қаймағы бұзылмаған қазақ халқы ғана қатаң түрде ұстанады. Ұрпағының болашағын, саулығын, кемелдігінің қамын жеген аталар балаларының тілі шүлдірлеп шыға бастағаннан-ақ жеті атасының атын атап, санасына сіңіруді мақсат еткен. Шежірені білетіндер ата-бабаларының қандай кәсіппен айналысқанын, олардың ел арасындағы абыройы мен алыс ауылға жеткен даңқын дәріптеген. «Жеті атасын» білген ұлдың намысты, жігерлі болатынына шүбәсіз сенген. Сөйтіп «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер» деп балаларына ел басқаруды сеніп тапсырған.
сурет:ok.ru
Бірде Жәнібек ханның ақылшысы әрі кеңесшісі Жиренше шешен қатты ауырып, төсек тартып жатып қалыпты. Жақын жерлердегі талай белгілі емші, бақсыларды шақыртып қаратса да, еш ем қонбапты. Соңында атақты Өтебойдақ деген емші барын біліп, соны шақырады. Өтебойдақтың емінен кейін Жиренше жазылып, дертінен айығыпты. Жәнібек хан емшіге ризалығын білдіріп, қандай аурудың қауіпті екенін әрі оның емінің не екенін сұраған көрінеді. Сонда емші еш кідірместен тұқым қуалайтын ауруды емдеудің қиындығын, мұның алдын алу үшін «Жеті Атаға» дейін туыс адамдар қыз алыспау керектігін айтыпты.
Өтебойдақ емшінің айтқанын Жәнібек хан жадына тоқып, халыққа жеті атаға дейін үйленуге тиым салыпты. «Кімде кім жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасына кесілсін!» деген жарлық шығыпты.
Содан бері бұл тазалық қазақ халқының құнды дүниесіне айналған екен.
«Жеті ата» туралы этнограф, жазушы Зейнеп Ахметова да қайын атасының айтқандарын былай деп жеткізеді.
... Әрбір қазақ жеті атасының өмір жолын білу арқылы кем дегенде екі ғасырлық мағлұмат алады, ұрпақ жалғастығының ізі, сүрлеуі сақталады. «Жеті атаның» өз атаулары бар. Төменнен жоғары қарай – бала, әке, ата, баба, арғы ата, түп ата, тек ата деп аталады. Ал жоғарыдан төмен қарай – әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат. Ары қарай жүрежат, жекжат, жұрағат, қаймана деп кете береді. Қазақта туыстықтың шегі жоғарыдағы «жеті атамен» аяқталады. Мұның да өз жөн-жобалары бар. Жеті атаға толған соң «жеті атаға толыстық, жеке ел болыстық» деп жар салып, жеті жұрттың белгілі адамдарын куәлікке арнап шақырады. Құдайыға боз бие сойылып, қанына қолдарын малып, «араларымыз алыстамасын, бұрынғы бауырлардай тату-бірлікте болайық» деп баталасады. Ала арқан кесіледі. Ұраны мен ен-таңбасы белгіленеді. Осылай «ендігі жерде құдалыққа жол ашық» делінеді. Алайда, қалай айтсақ та, қазақтың тарихи жады, санасы біржола жойылмай, қандасты, бауырластықты ұзағырақ сақтап ардақтайды, құрметтейді.
Қазақтың «жеті аталық» дәстүрін қазір ғылым да толық мойындады. Бір кезде «оқымаған», «қараңғы», «надан» деп айдар тағылған қазақтың ақылына, ой-өрісінің биіктігіне бүгінде ғалымдар таңдануға. Өйткені жеті атаға толғанша қан сәйкестігі сақталып, сегізіншіге жеткенде сол қан сәйкестігі жойылады екен. Ал қандастық, қан тазалығын сақтауды ата-бабам баяғыдан-ақ білген ғой. Ғылым оны енді дәлелдеп отыр.
Сөздің қысқасы, «жеті аталық» дәстүрді туыстық мейірімнің ұзақ уақыт жалғасатын тірлігі мен бірлігін бұзбауға, тұқымды пәк сақтауға жасалған ереже-заңы деуге болады. Бұл аталас адамдар арасындағы ар-ұятты, адамгершілікті адал ұстаудың тұрақты жолы екенін көрсетеді, – деп қорытындылайды.
«Жеті ата» дәстүріндегі тектілік пен тазалық біздерге жеткен «Аяз би» ертегісіне де арқау болған.
Бірде хан Аяз биге:
– Мені сынашы, неше атамнан бері хан екенмін? – дейді. Аяз би:
– Тақсыр ханым! Қарадан туып хан болғансыз, атаңызда хандық жоқ, – дейді. Хан:
– Жоқ, қате айтасың! Мен жеті атамнан бері ханмын. Өзімді қойғанда алты атамды қайда жібересің? – деп зекіреді. Сонда Аяз би:
– Жоқ, тақсыр! Сіздің қара басыңыздан басқа тегіңізде хандық жоқ. Сіз нағыз наубайшының баласысыз, – дейді. Хан не дерін білмей, анасын алдырып, шындықты айтуын сұрайды. Амалы таусылған анасы өзіне дейінгі он тоғыз әйелді әкесінің қыз туғаны үшін өлтіргендігін, шыбын жанын сақтаймын деп өзімен бір мезгілде ұл көтерген сарайдағы наубайшының әйелімен жасырын келісіп, нәрестелерді алмастырып алғанын айтады. Хан:
– Апырмай, менің наубайшының баласы екенімді қайдан білдіңіз? – дейді. Сонда Аяз би:
– Мен жаман-жақсы болсам да үйіңізге келген қонақ едім. Хандардың ішер асы – жал мен жая аузыңызға түспей, қара көже түсіп, мені келісімен аспазға жібердіңіз. Сіздің шынжыр қатар, атаулы хан емес екеніңізді содан байқадым, – дейді.
Ләззат АХМЕТОВА,
Тағы оқыңыз:
АТАСТЫРУ дәстүріне КӨЗҚАРАСЫҢЫЗ қандай?