​«ӘМЕҢГЕРЛІК» салты қажеттіліктен туған ба?

0
7 600

Екі жақтың үлкендері келісімге келеді...


​«ӘМЕҢГЕРЛІК» салты қажеттіліктен туған ба?

Қазақта түрлі ырым-жоралғы, ежелден келе жатқан дәстүрлеріміз жеткілікті. Соның бірі- әмеңгерлік.

Мұндай ежелгі салттың бар екенін білмейтіндер кемде-кем шығар. Бірақ қазақтың бұл салтына қазіргі күнде көзқарас басқаша екені анық. Өйткені қадым заманғы өмір сүру деңгейімен қазіргіні салыстыруға келмейтіндей, бұл салттың да бұрынғыдай міндеттелуі дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені әмеңгерлік салтын сақтап, мүмкіндігінше қолданған дұрыс та шығар, ұрпағының қамын ойлаған ата-бабаларымыз да текке шығарған жоқ мұны.

фото: kopilkaurokov.ru

Әмеңгерлік-дәстүрдің бір тармағы, күйеуі қайтыс болған, жесір қалған әйелдің қайынағасына немесе қайынінісіне, не болмаса жұбайының ең жақын туыстарының біріне тұрмысқа шығуы, некелесуі. Бұл қазақ қоғамында ерте заманнан «аға өлсе, жеңге-мұра, іні өлсе, келін-мұра», «әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» деген қағидаға айналып, нақыл сөз ретінде қалыптасқан. Әмеңгерлік мәселесі ру ақсақалдарының басқаруымен қандас туыстар арасында мұқият талқыланған, ортақ ұйғарыммен шешілген.

Әмеңгерлік институтының тек әлеуметтік-құқықтық қана емес, сондай-ақ тәрбиелік-гуманистік мәні де зор болған.

*Біріншіден, көшпелі тұрмыс салтында жесір әйелдің жалғыз өзі күнелтуі, күйеуінен қалған бала-шағаға, мал-мүлікке ие болуы қиын. Бөгде, тегі бөлек біреуге тұрмысқа шықса, балаларына өгейлік, мейірімсіздік танытуы мүмкін.

*Екіншіден, марқұм күйеуінен қалған мал-мүлік жесір әйелге берілсе, бөтен адамның иемденіп кетуі, талан-таражға салуы, жетім балаларды нәпақасыз қалдыруы мүмкін.

*Үшіншіден, бөгде біреуге күйеуге шығатын болса, әкелерінің қандас, аталас туыстары жетім балаларды анасынан ажыратып алып қалуы ықтимал. Мұның ауыр қиянат боларын қазақтар жақсы түсінген. Сондықтан, ері қайтыс болған жесірдің «елден кетпеуін», күйеуінің қандас туыстарының біріне күйеуге шығуын міндеттеген.

Қаза тапқан еркектің туған-туыстары жесір әйелдің «әмеңгері» деп аталған. Қазақ қоғамында әмеңгерліктен бас тарту сирек кездескен, ол өзінің туысының жетім қалған балаларына, яки, өзінің қандас іні-қарындастарына мейірімсіздік, жаныашымастық ретінде бағаланған. Ал әйел әмеңгерліктен бас тартса, оған бала да, мал-мүлік те берілмеген, тек өз қалауымен күйеуге шығу еркі ғана берілген.


Нағашы ағамның бір қызы жастай жесір қалып, қайнысына әмеңгерлікпен қосылған кезде таңырқап қалған едік. Негізі қалада туып-өскен, қазақтың ескі салт-дәстүрлеріне аса ден қоя бермейтін отбасының қызы болғандықтан, оның әмеңгерлік салтымен қайнысына тұрмысқа шығады деп ойламаған едік.

Мүмкін тағдыры шығар, оған үлкендердің де ықпалы болған шығар бәлкім.

Нағашым қызын ұзатып, құдаларының қолына тапсырғанына көп уақыт та өткен жоқ болатын сол кезде. Той өтіп, барлық жоралғылар өткен соң, күйеу баламыздың кенеттен қайтыс болғанын естідік. Нағашы сіңліміздің аяғы ауыр еді ол кезде. Өте қиын жағдайда қалғанын естіп, оған қатты жанымыз ашыды. Күйеу баламыздың қырық күндігі өткенше нағашы сіңлім сол үйде болған. Кейін әкесі барып қызымды алып келейін, құдаларымның алдынан өтейін деп барса, олар әмеңгерлік жайлы ұсыныс айтыпты.

Әрине, ұлынан айырылып отырған ата-анаға оңай емес, ұлынан қалған жалғыз жәдігерді де жат жұртқа қимайды. Немереміз көз алдымызда өссін, ұлымыздың көзі ғой деп зар жылаған құдағиының сөзін жерге тастай алмай, «Ойланып көрейік. Қызым көнсе мен қарсы емеспін» деп келген ғой.

Сөйтіп, екі жақтың үлкендері бар, ақылдасып бір шешімге келеді. Қайнысы да ол кезде үйленбеген, бойдақ жігіт. Жүкті жеңгесіне әмеңгерлік жолымен үйлену оған да оңай болмағаны анық. Бірақ ұрпағын ойлаған ел ақылға салып, шешім қабылдайды ғой. Қазір олардың ортақ перзенттері де бар. Үлкен ұлын да қатты жақсы көреді, барлығы бетіне келіп, қатты ұрысып, ренжітуге қаймығады.


Әмеңгерлікті насихаттау емес, бірақ мұның да жақсы жақтары бар екенін ескерген дұрыс болар.

НҰР Әлем,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Келін МҰНЫ жасамауы тиіс


«ҚҰРСАҚ ШАШУ» немесе «ГЕНДЕР ПАТИ»: қайсысы қазаққа жақын дәстүр?