«ҚҰРСАҚ ШАШУ» немесе «ГЕНДЕР ПАТИ»: қайсысы қазаққа жақын дәстүр?

0
7 013

"Гендер патиді" тойлап көрдіңіз бе?


«ҚҰРСАҚ ШАШУ» немесе «ГЕНДЕР ПАТИ»: қайсысы қазаққа жақын дәстүр?

Соңғы кездері қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері түрленіп, кейбір ұлттық ұстанымдары өзгеріп бара жатқаны рас. Бұл әрине көңілке кіреуке ұялатып, жастарымыздың еліктеушілігінің арқасында ұлттық санамыздың өшіп бара жатқандығын көрсетеді.

Өйткені Батыстан келген қазақ қоғамына жат дәстүрлер көзге үйреншікті, құлаққа сіңісті болып барады. Жастардың ұғымында бұл қуанышты тойлаудың еш әбестігі жоқ шығар, әрине қуаныштың да көп болғаны жақсы, оның ішінде өмірге ұрпақтың келуі ең үлкен қуаныш. Дегенмен осы бір «жаңаша салттың» ата-бабаларымыздың салтына, ұстанымына мүлдем кереғар екенін түсінсек, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған мәнсіз тойлату азаяр еді. Керісінше, ұрпақ саулығын, амандығын ойлаған әрбір жүкті ана көпшіліктің көзінен сақтанып жүруі тиіс емес пе еді?!

Келініне жөнін айтып, сақтандырып отыратын енелердің де қалмағаны ма?

Қазақы дәстүрмен үш айға дейін құрсағын сырт көзден жасырып ұстайтын келіндер қазір іші білінер білінбестен «гендер пати» тойын дүрілдетіп өткізуде. Бұрындары көпті көрген, алтын құрсақты аналарымыз, әжелеріміз келінінің жүкті болғанын сезсе де, оны жалпақ жұртқа жария етіп, сүйіншілемеген. Бала құрсаққа әбден орнығып алғанша ешкімге тіс жармаған. Сұрай қалған жандарға астарлап жүкті болған жас келінді ұялмасын деп және тіл-көздің сұғынан сақтауды ырымдап «күмәнді», «ішінде көжесі бар» деп тұспалдап айтады екен.


фото: qazradio.fm

Ежелгі дәстүр тізбегі бойынша «құрсақ шашу» деген әдемі дәстүр бар. Мұнда да кәдімгідей мереке, басқосу болады. Бірақ ер азаматтардың қатысуынсыз, жүкті келіншектің енесі абысын-ажындарын, келін-кепшіктерді шақырып, «құрсақ шашу» тойын атап өтеді. Сауық-сайран құрып, ән мен би де, келіннің аман-есен босанып, аяқ-қолын бауырына алуына тілектестік білдіріп, ақжарма тілектерін арнайды.


Ал жақында «гендер пати» өткіземін деп шу шығарған қайным мен келініме енем тосқауыл болып «қайдағы жоқты шығарғандарың не? Соны тып-тыныш қана өздерің біліп, баланың аман-сау дүниеге келгенін күтсеңдер болмай ма?» деп ұрысқан болатын.

Сонда да тыңдайтын олар жоқ. Қатарынан қалғысы келмейді ғой, содан амалсыз келісімін беріп, «гендер патиді» тойлауға жіберді. Өйткені қайнымның өзара араласатын отбасылық достарының арасында бұл бұлжымас дәстүрге айналып кеткен екен.

Ультрадыбыстық зерттеуден соң, баланың жынысын басқаларға түрлі жолдармен сүйіншілеп жеткізуді тойлатып өткізеді екен. Торттың түсі немесе шар жару, қорапқа жасырылған болашақ сәбидің киімдері арқылы анықталатын бұл жөн-жоралғының соңы үлкен тойға ұласып жатады.


Қазақтың «тал бесіктен жер бесікке» дейінгі ғұмыры салт-дәстүрге негізделгені белгілі. Десек те, дәстүрді бұрмаламай, әдемі әдіптеп, кейінгілерге жеткізе білсек деген ой бар.

Нұр Әлем,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


ПІТІР САДАҚАны қай кезде, кімге берген дұрыс?


ҚОЛКЕСЕР дәстүрі қай кезде орындалады