​Аяқ киімді ТӨРГЕ қаратып шешуге болмайды

0
6 971

Қазір қандай жиын болсын, әйелдердің аяқкиімі ерлердікімен қатарласып тұратынын көріп жүрміз...


​Аяқ киімді ТӨРГЕ қаратып шешуге болмайды

Адам баласының дүниеге шыр етіп келіп, дүниеден өткенге дейінгі тыныс-тіршілігі әр халықтың наным-сеніміне байланысты өтеді десек, артық айтпаған болар едік.

Кейде ел іші болған соң көз көріп, құлақ естімеген талай ырым-тыйымның да куәсі болып жатамыз.


АЯҚ КИІМнің табанына қарамау

Себебі, «көзім ұшынып қалады» деп сенген. Өйткені ол лас, аяқ киімнің баспайтын жері, бармайтын тауы жоқ.

Кейбір адамдар жазатайым аяқ киімнің табанына көзі түсе қалса 3 рет түкіріп, «көзім ұшынбасын, аяғым ақсамасын» дейтін болған.


Төңкеріліп қалған АЯҚ КИІМді дұрыстау

Аяқ киім төңкеріліп қалса, оны көрген бетте дереу оңдап қою қажет. Өйткені, аяқ киім иесі бір жамандыққа ұшырауы мүмкін деп ырымдайды. Бытыратып шашып тастау да жаман ырым саналатын болған. Шашылып жатса, жолы кесіледі деп есептеген.



Аяқ киімді ОҢ аяқтан бастап кию

Аяқ киімді ғана емес, киімді де, тамақты да, қандай да бір жақсы істі бастарда оң жағымен, яғни, оң қол, оң аяқтан бастайды. Мұндайға мән бермейтіндер де бар. Дегенмен, үйден шығарда ісім оң болсын дейтін адам міндетті түрде аяқ киімді оң аяқтан бастап киюге әдеттенгені жөн. Өйткені, қазақтың ғана емес, көптеген халықтың сенімі бойынша, оң аяқ жақсылыққа бастаушы деп ұғылады.

Үлкенді сыйлап өскен қазақтың баласы үйге кіріп, аяқ киімін шешкенде тұмсығын төрге қаратып шешпейді. Бұл әдепсіздіктің белгісі.

Сондай-ақ, бұрынғы кезде әйел адамдар аяқ киімді тасаланып киетін және шешетін болған. Соңғы кездері ырым-тыйымның бұл түрі ұмыт қалған десек те болады.


Әйел аяқ киімді ТАСАДА тұрып киіп-шешкен

Өйткені, қазір қандай жиын болсын, әйелдердің аяқкиімі ерлердікімен қатарласып тұратынын көріп жүрміз.

Көпті көрген әжелер болмаса, оған көпшілігіміз мән беріп те жүрген жоқпыз.



Келін болып ақ босағаны аттағаннан кейін үйде бір жиын болатын болды да, қонақ күтуге дайындалдық. Сонда бір күн алдын нағашы әпкеміз келіп, көмектеспек болған еді. Аяқ киімін есіктің артына жасырып қойғанына қарап «адам қартайған сайын қызық әдеттерді қосып алады екен-ау. Аяқ киімін ешкім де кимейді, қазір отбасы мүшелерінен басқа көпшілік адам жоқ қой» деп ойлаған едім. Сөйтсем, ол кісінің жолдасы өзінен едәуір үлкен болғандықтан, ескілікке, осындай қазақы ырымдарға қатты мән беретінін кейінірек түсіне бастадым. Содан кейін де талай рет байқадым, нағашы әпкеміз төңкеріліп қалған аяқ киімдерді дұрыстап, тұмсығы есікке қарап тұрған аяқ киімдерді де қиялатып қоюының мәнісін өзі айтып бермегенше түсінген жоқпын.

«Бір-екі балалы болып, барған жеріме сіңісіп кеткенше мен де сендер секілді ойлағанмын. Мұндай әдеттерге аса мән бере бермейтінмін. Бірақ менің жолдасым да өзімнен он жас үлкен әрі кенже ұл болғандықтан, енем қартайып қалған кісі болатын мен келін болып босаға аттағанда. Енемнің даналығын жас болып түсіне алмасам, қазір соны аңсап отырамын. Шынында да біздің әлі де қазақтың салт-дәстүрлерінен білмейтініміз көп-ақ.

Енем марқұм келін болып шапқылап жүргенімде, сүйретпені де есік алдына қалай болса, солай шешіп кете салмауымды қадағалайтын және ер адамдардың көзінше тасырлатып шеше салмай, әдеп-иба сақтауымды өтінетін. Бір жағынан бұл ер адамға деген құрмет болса, екінші жағынан, әйелдің жинақылығы, тазалығы көрініп тұратынын айтатын.

Балаларымды да жастайынан үйде кісі отырған кезде төрге қаратып аяқ киімді шешпеуін, тұмсығын төрге қаратып қоймауын айтып отыратын. Мұның да астарында тәрбие-тағылым бар екендігін, адамды жинақылыққа, өз мүлкіне жауапкершілікпен қарауға, басқаға кедергі келтірмеуге үйрететінін кейін келе түсініп жатырмын.

Шынында да көпшілік жиналған жерде аяқ астында жатып, кірген-шыққан адамдардың сүрінуіне алып келетін жағдайды жасамаудың алдын алу екен ғой. Төңкеріліп немесе шашылып жатқан аяқ киімдерді көзбен көрген соң адамның миы да шаршайды.




ҰЛТАРАҚтың басын не үшін кесіп қояды?

Біреулер «жолым ашық болсын» деп ұлтарақтың басын айыр етіп кесіп қояды, қонаққа барғанда аяқ киімін кісінің есігінің алдына дейін тіреп, тұмсығымен қою «дұшпандығы» бар адамның белгісі саналатын. Отбасы мүшелерінің де табалдырыққа жақын, жолды ашпай қаз-қатар аяқ киімдерді тізіп қоюы, оның үстіне, тұмсығын есікке қаратып тіреп қоюы «үйге қонақ келмесін» деген пиғылды білдіреді. Мұның барлығын маған марқұм енем айтып кетіп еді. Сол әдетті әлі күнге дейін ұстанып келемін. Кейбіреулер аяқ киімдерін жоғарыға қойып қояды, бұлай етуге де болмайды. "Дұшпаның басыңа шығып кетеді" деген ырым бар. Біреуге айтсам, қателігін түзетуге тырыссам қазір жақтырмаған кейіп танытатын адамдарды да көп көріп жүрмін. Сондықтан, оларға айтпай-ақ, осылай ретсіз тұрған аяқ киімді көрсем, өзім түзетіп қоятыным да сол» деген еді.

Санаға қонымсыз, болмашы нәрседей көрінуі мүмкін, бірақ, осындай ырым-тыйымдардың да тұрмыс-тіршілігімізге тікелей әсер етуі де мүмкін-ау.

Жазып алған: Гүльвира ЖҰМАДІЛДАЕВА,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Қазаны ЕСТІРТУ кезінде қандай ҚАТЕ кетіп жатыр


Келінге БҰЛ СӨЗДІ айтуға БОЛМАЙДЫ