Желіге жазып қандай қателік жасап жүрміз?
иллюстрациялық фото: qasym.kz
Ашығын айту керек, соңғы кезде түрлі желі беттері де, жаңалықтар мен екі адамның тілдесуінде де қайғылы хабар айтылуы көбейіп кетті. Екінің бірінің туысы мына қынадай қырған дерттен қайтып жатқаны шындық.
Әлемді ажал тырнағында ұстаған індеттің кесірінен қайтқандар турасында желі болсын, басқа болсын, лақ еткізіп жаза салатын да болыппыз. Тіпті, оған да ет үйренген тәрізді, «Алла рахымына алсын» деп отыра береміз (отырмағанда қайда барамыз?!).
Десек те, қайтқан адам туралы қазақта «Естірту» деген салт бар, болған. «Болған» дейтін себебіміз – қазір сол да ұмыт қалып бара жатқан секілді. Әрине, «ораза мен намаздың да тоқтықта» екенін айтқан қазақ ата-бабам, бірақ тап қазір біреудің біреуге ақыл айтқанын керек еткелі де тұрған жоқпыз-ау. Дегенмен, ата салтын ұмытпағанда жөн.
Басқа да салт-дәстүр секілді естіртудің де астарында көп тағлым жатыр. Естірту кезінде қате жасап, соңын тағы да өкінішке ұластырып алмай тұрып азды-кем білгеніміз де жөн.
Қазаны кім естірткен?
Қазақ ешқашан да жасқа, балаға қаза туралы айтқызбаған. Ажалдың айтып келмейтіні рас, бірақ мұндайда қазақта туған-туыс, көрші-қолаң лезде жиналып, алыс-жақынға хабар жеткізуді ақыл тоқтатқан, көргені мен түйгені көп жанға тапсырған.
Дүниеден қайтқан адам сыртқарыда жүріп жантәсілім етсе, үйіне кез келгеннен хабар айтып жібере салмаған. Мұндай жауапкершілігі де, салмағы да ауыр міндетті елдің үлкендері, ақсақалдары өз мойнына алып, алдымен сол үйдің жағдайына қарап барып қаралы хабарды естірткен. Мұндайда отбасы мүшелерінің қатты қорқып қалмауын, дертті болса азалы хабарды естіп одан сайын жағдайы қиындап кетпеуін бажайлап-бағдарлай алатын адамға ғана тапсырған.
«Үйге қарай жүгірме!» дегеннің астарында мән бар
Бала күнімізден «Үйге қарай жүгірме, жаман ырымды бастама!» дегенді естіп өстік. «Неге?» деп сұрағанда ешкім сырын аша бермейтін. Тек қана «жаман болады» деп қысқа қайырушы еді.
Міне, сол үйге қарай жүгірмеудің де астарында үлкен мән жатыр. Қазақта ауылға қарай немесе үйге қарай жүгірген немесе атпен шауып асығыс келген адамнан тек бір ғана хабар күткен. Ол – қаралы хабар немесе елдің шетін жаудың шапқаны.
Қаралы хабар айтатын адам да үйге жақындағанда «ой, бауырымдап» дауыстап келетін болған.
Қазаны қалай естірткен?
Бүгінде не көп, хабарды жылдам тарататын құрал көп. Телефон дейсің бе, ондағы түрлі желілер тағы бар. Бұрынғыдай ат шаптырып, алыстан хабар айтқызбайды. Минут ішінде не болғанын хабарлауға болады. Бірақ, қанша жылдам жетсе де, бір мүшесі қайтыс отбасын қайғыдан аман алып қала алмайтының да бар.
Бір айта кетерлігі, қазақ ешқашан қазаны тікелей естіртпеген. Ол туралы қазақ әдебиетінде түрлі шығармалардан да кездестіруге болады.
Алыста жүріп қайтқан адамның қазасын естірткенде мың жерден тікелей байланыс болып тұрса да, тұспалдап басқалар арқылы жеткізген. Телефон бар екен деп күйеуі қайтыс болған әйелге (мысал) қоңырау шалып айту дұрыс емес. Оның сол сәтте жаман хабардан денсаулығы қиындап, соңы жамандыққа соқтыруы да ғажап емес. Айықпас дертке ұшырап қалуы да мүмкін. Тіпті, ауыр қазаның соңы екінші бір қазаға ұласып кетуі де ықтимал.
Сондықтан да мұндай қазаны сол үйдің жақын тұратын туысы немесе танысы арқылы жеткізген жөн болады. Онда да сөзі салмақты үлкендері жеткізсе, құба-құп.
Қазаны естірткенде не айту керек?
Кейде қазаны естіртетін де адам таппай қалатын сәттер болады. Үлкендер сапарда немесе жағдайы болмауы мүмкін. Қариялардың қатары кемігенде одан кейінгі толқын орнын басып, елдің үлкені атанары белгілі. Сондайда осынау жауапкершілігі мол естірту салтының салмағы кез келген жанға түсуі мүмкін. Сондайда сөзді неден бастау керектігін де саптап алған жөн.
Қара жамылған үйге кіргенде сөзді әріден, туу бар жерде өлім де бар екенін, ажалдың айтып келмейтінін, адам болған соң бәрінің де барар жері бір екенін айтып тұспалдауға болады. Бірінен соң бірін бастырмалатпай, арасында үнсіздік салып барып, бекем болуға, сабырлы болуға шақырып алу керек. Ондайда адамның ойы жүйрік, шынайы сенбей тұрса да санасы бір жамандықтан белгі беріп, бүткін денеге сигнал беріп дайындайды.
Содан кейін ғана «өлді» демей, «енді арамыздан кетті, мәңгілікке сапар шекті» деген тұспал сөздермен ғана айту керек.
Мұндай сәтте түрлі жағдай болуы мүмкін, оның бәріне де дайын болу қажет. Жақынынан айырылу ешкімге оңай емес. Сондықтан сабырға шақыруға, берік те бекем болуға, қатты қайғырған сәтте құдіреті күшті Жаратушыға тіл тиіп кетпеуін де ескерте отырып жұбата да білу қажет. Міне, сондықтан да қазаны естіртуге бір ғана адамның бармағаны абзал. Үлкендер жиналып бірнешеу болып барса, салмағын да бөліп көтеру, қаралы үйді жұбату да оңай болады.
Қырмызы САУРАН,
Тағы оқыңыз:
Келінге БҰЛ СӨЗДІ айтуға БОЛМАЙДЫ