​Баланың құлағына "ен" түссе нағашысына бару керек

0
6 695

Ен деген не? Мұндайды бұрын-соңды естіп пе едіңіз?


​Баланың құлағына

фото: bilimdiler.kz

Мұндайдан көпшілігіңіздің хабарыңыз болмаса керек, бірақ мен естігенімді және көргенімді айтайын деп бір жиынның үстінде айтылған әйелдердің әңгімесін айтайын. Бұл әңгіме жәй ғана гу-гу сөз емес, қазақтың дәстүрін дәріптейтін, білмеген адамның көңіл сарайын ашатын, танымын арттыратын әңгіме болғаны рас.

Сондықтан, мен бұл туралы сіздерге де айтқанды жөн санадым. Негізі баланың құлағына ен түскенін өзіңіз көрмесеңіз де, ел іші болғандықтан, естімеуіңіз мүмкін емес. Ал баланың құлағына ен түспес үшін нағашылары жиендері туылғанда оның анасына қалжа әкелуі тиіс екен. Яғни, төркіні жас босанған қыздары мен жиендеріне арнап қалжа алып келуі керек.

Басқа да түркітілдес халықтарда бұл дәстүр жақсы сақталған. Көршілес өзбек халқында жас босанған анаға оның шешесі біздегідей «қалжа» деп аталмаса да, ана мен балаға құнарлы ас болатын, жеңсік асты пісіріп алып барады.

Егер анаға буыны қатып, баласы қырқынан шыққанша осы қалжасы әкелінбесе, баланың құлағына ен түсу ықтималдылығы жоғары болмақ. Сондықтан, осындай жағдайдың алдын алу үшін ырымдап, тұрмыстағы қызы сәбилі болса, бір қойын сойып, қалжасын алып келеді ата-анасы. Бұл қызының тұңғышына ғана жасалатын дәстүр емес, қанша бала дүниеге келсе, ана мен баланың денсаулығы үшін сонша рет жасалуы тиіс.

Егер қалжасы берілмей қалып, бала есейіп кетсе, нағашысы міндетті түрде бәсіре атайды. Бәсірені өз жұрты немесе нағашы беруі керек деген ұғым да жоқ.

фото: abai.kz

Бұл "Бәсіре" -қазақ шаңырағында дүниеге ұл бала келгенде, сол күндері туған құлынды немесе ботаны нәрестенің бәсіресі деп атау салты. Қазақ халқының ұғымы бойынша дүниеге келген баланың болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты болады. Сондықтан оны мінбейді, сатпайды. Бәсіре мүмкіндігінше жүйрік, жорға әрі біреу болғаны дұрыс. Бәсірені баламен бірге қадағалайды, бұла қып өсіреді. Есейе келе бәсіресі бар баланың да малға деген ықыласы, пейілі түзу болады. Бәсіре- өсіп келе жатқан жеткіншекті болашаққа, жақсы күндерге апаратын көлігі, қанаты болсын деген ниетпен аталады. «Бәйгеге салса жүлдесі, додаға түссе қайраты, тойға барса мақтанышы, жауға шапса сенімді серігі әрі қаруы болсын», - дейтін ата-ананың ұлы тілегі.


Баланың құлағына ен түсіп, оның жазылуы қиын болса, нағашыларына қыдырып барып, қойдың құлағын кесіп, қанын жағады. Бұл ырымы. Содан кейін дәл сол қойды балаға береді.

Міне, осы аталған малды да бәсіре десек болады. Баланың құлағына түскен енді төлдің құлағын кесіп, қанын шығарып, осы қанды баланың жара болған тұсына жағу керек. Содан жазылады. Бұл сенімнің күші шығар бәлкім, әйтеуір өзім куә болған оқиғадан білетінім, таң қалмасқа шарам жоқ.

«Мен кішкентай қыз едім ол кезде. Анаммен бірге нағашыларымыздың үйіне қонаққа келдік. Кішкентай інімнің бір құлағының сырғалығы қысы-жазы кесіліп, жара болып жүретін. Осыны «ен» деп атайды екен ғой. Сол енді кетіру мақсатында нағашы атам қорадағы бір қойын шығарып, құлағының ұшын кесті де, ыстық қанды інімнің құлағына жақты. Ол кезде не істеп жатқанын, не мақсатпен екенін түсіне қойған жоқпыз. Бірақ содан кейін көп ұзамай, он шақты күннің ішінде інімнің жылдар бойы жазылмай, әбігерге салған жарасы жазылған еді.

Анамның төркіні ұзақта еді. Сондықтан, біз нағашыларымыздың үйіне жылына бір-ақ рет, жазғы демалыс кезінде баратынбыз. Ал, анам інімді босанған жылы екі жыл қатарынан төркініне бара алмады. Сол жыл аралығында анамның талай дәрігерге барып, талай дәрілерді де жаққан болатын. Бірақ емі сол, нағашыларында екен. Бұл жайлы енді ғана хабардар болып, қазақтың ежелден ұстанып келе жатқан ырым екенін білдім. Егер медицинадан көмек болмай жатса, қазақы ырымның көмегіне жүгінудің де артықшылығы жоқ деп ойлаймын».

Бір дастархан басында болған әңгімені, кеңес ретінде ұсынып отырмын.

Жазып алған: Гүльвира ЖҰМАДІЛДАЕВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


«ОРАМАЛ - ТОН болмайды, ЖОЛ болады» дегеннің МӘНІН ТҮСІНІП жүрміз бе?


«ТІЛАШАР» - баланың оқуға деген құмарлығын арттыратын дәстүр