​«ТІЛАШАР» - баланың оқуға деген құмарлығын арттыратын дәстүр

0
8 570

"Тілашар" тойы бала үшін маңызды.


​«ТІЛАШАР» - баланың оқуға деген құмарлығын арттыратын дәстүр

фото: 45minut.biz

Тілашар тойын жасаған адамды «еріккендік», «даңғазалық», «құр мақтан» деген секілді сөздермен кінәлайтындар да бар.

Қазақ тойдан кенде халық емес. Сәбидің дүниеге келуінен бастап, әр басқан қадамын тойлататын бізде ғана бар шығар.

Қазіргі кезде жоқтан өзгеге той жасап, шашылып-шабылып жатқандарды көргенде әрбір адамда туындайтын ойды да ешкім жоққа шығара алмайды.

Дегенмен, бұл салттың ата-бабамыздың ежелден қалыптастырғаны екендігін түсінуге болады.

Әр отбасында баласы жеті жасқа толып, мектепке оқуға баратын шақта баланың өміріндегі ата-ананың өміріндегі маңызды, елеулі сәттердің бірі екендігі де даусыз. Әсіресе, бала үшін өміріндегі үлкен қадам, білім алудағы алғашқы баспалдағы болғандықтан есте қаларлықтай кезеңдердің бірі.

Бала мектепке баруға дайындықты бастаған сәтте оған мектепке арнап киім-кешек пен білім алу үшін құрал-жабдықтарды сатып алып берген кезде әке-шешесі шағын той өткізеді. Бұл дәстүрлі тілашар тойы.

Осы тойға жиналған үлкен кісілер балаға ақ батасын беріп, ақ тілегін ақтарады. Балаға «Сен енді өстің. Аға-әпкелерің секілді білімді бол! Ұшқыр бол! Ақылды, саналы бол! Зейінді, зерделі бол!» деп жақсы тілектерін айтады. Баланың жаңа киімі мен бұйымдарына құтты болсын айтып, байғазысын береді.

Бұл тәрбие жолы. Балаға шат-шадыман көңіл-күй сыйлаумен қоса, оған жауапкершілікті сезіндіреді, білім алуға деген құлшынысын оятып, қызықтырады.

Қазақ халқы сөзге шешен, сөз құдыретін қастерлеп келген халық. Әр ата-ана «балам шешен болсын, тез сөйлеп кетсін» деген оймен баланың жылдам сөйлеп кетуін қалайды. Қазақтың көне ғұрпы бойынша бала алғаш рет былдырлап «сөйлей» бастағанда, бір-екі сөздің басын қосып сөйлеуге талпынғанда да осы «тілашар тойын» жасайды. Мұны қазір тойламайды, дегенмен баланың әр жетістігіне қуанып, тілеуін тілейді.

фото: qazaqytoi.kz

Бүгінде тойланып жүрген «Тілашар той» мен ежелгі «Тілашар» дәстүрі туралы Зейнеп Ахметова апайымыздың айтқандарын мысал ретінде келтіруді жөн санадым:

«Тілашар» дәстүрін айтпас бұрын бір нәрсеге кішкене тоқталайын. Кеңес өкіметі заманында арнайы құжаттарда, оқулықтарда, алқалы жиындарда биік мінбелерден: «Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың 98 пайызы – сауатсыз, қараңғы болған. Тек төңкерістен соң көзі ашылып, әріп таныды», – деп көпе-көрнеу бүкіл бір халықты кемсіту, жала жабу үдірісі үзбей жүріп тұрды. Сыңаржақ саясат қазақ халқының қомақты бөлігінің мұсылманша сауаты болғанын, араб әрпімен оқып-жаза алатынын көргісі де, естігісі де келмеді. Ең сорақысы, «сауатсыз едік», «қараңғы едік», «оқымаған надан едік» дегенді өз ұлтымыздың өкілдеріне айтқызып, санасына сіңірді. Егер бұлай болса, көне дәуірден бері тамыры үзілмей келе жатқан «Тілашар» дәстүрі қайдан шыққан? «Тілашар» дегеніміз баланың ұстаз алдын алғаш көруіне (мейлі, ол қожа, молда болсын, мұғалім болсын) арналған ізгі ниет, бата-тілек емес пе?! Ертеде алалы жылқы, ақтылы қой айдаған ірі байлар балаларын Бұхара, Самарқанд, Қазан, Түркістан, Орынбор секілді қалаларға үлкен медреселерден білім алуға жіберген. Ауқатты адамдардың көбі ауылында бала оқытатын қожа молдаларды ұстаған. Баласын алысқа жіберуге шамасы келмейтін қоңыртөбел шаруасы барлар мен саптыаяқтық айраны бар кедейдің өзі баласын ауыл арасындағы молдаларға апарған екен. «Тілашар» дәстүрі сол кезде жасалған. Оқуға баратын баланы жуындырып, тырнақ-шашын алып, әркім жағдайына қарай балаға жаңа киім кигізіп, қолдағы барымен дастарқан жасап, үлкендерден бата алған.

Таудай болсын талабың,

Ашылсын тілің, қарағым.

Оқу сіңіп санаңа,

Жарқырай берсін қабағың.

Мақтанышы бола біл.

Ата менен анаңның! – деген секілді тілегі тұнық, ақ ниеттен шыққан батаны естіген баланың рухы көтеріліп, оқуға талпынған.

Ата-аналары баласын молдаға жетелеп апарып: «Молдеке, сүйегі – біздікі, еті – сіздікі. Осы балаға қара танытып, тілін ашып беріңіз», – деп тапсырады екен. Әрине, ол заманның оқуы мен бүгінгі дәуірдің сабағын да, ұстазын да салыстыруға болмайды. Алайда мұсылманша әріп танып, оқу-жазуға көзіқарақты болғандардан қазақтың небір ғұлама ғалымдары, классик ақын-жазушылары шықты емес пе?!..»

Қазіргі кезде тілашар тойын тойханаға жасап, арнайы әнші-биші, асаба жалдап тойлайды. Шама-шарқы жеткенше әркім әрқалай тойлайтын бұл тойды тым даңғазаға айналдырып, асыра сілтеудің де қажеті жоқ. Тек ет жақын туыстары немесе сол отбасындағы адамдар ғана балаға кішігірім сыйлығын беріп, мектепке шығарып салса сол да жеткілікті емес пе?!

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

СҮНДЕТ ТОЙ жасағанда алтынды кім тағу керек?

Бесікті сатып аларда САУДАЛАСПАЙДЫ