​«БӘСІРЕ» аталған бала бай-дәулетті болады

0
5 998

"Бәсіре атау" ата-бабаларымыздың баланы тәрбиелеу үшін қолданған тағы бір әдіс-тәсіл түрі. Ал үлкендер үшін жомарттық пен сараңдық сынға түсетін дәстүр.


​«БӘСІРЕ» аталған бала бай-дәулетті болады

Шаңырақта ұл бала дүниеге келген сәттен бастап, баланың ата-әжесі немесе жасы үлкен туыстарының бірі дүниеге келген балаға арнап бәсіре атайтын болған. Яғни, қазақтың өмірі малмен тікелей байланысты болғандықтан, ұл бала дүниеге келгенде сол күндері туған құлынды немесе ботаны «нәрестенің бәсіресі» деп атау салты болған. Қазақ халқының ұғымында дүниеге келген баланың болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты. Сондықтан оны басқа адам мінбейді, сатпайды. Бәсіре мүмкіндігінше жүйрік, жорға болғаны дұрыс. Бәсірені баламен бірге қадағалайды, бұла қып өсіреді. Қазақ халқы бәсіресі бар баланың да есейе келе малға деген ықыласы, пейілі түзу болады деп пайымдаған.


Бүгінде бұл салт ұмытылып бара жатқанымен, салт-дәстүрлерді берік сақтайтын өлкелерде әлі де жалғасып келе жатыр деуге болады. «Бәсіре атау» салты дәл бұрынғыдай қалыппен жүзеге аспағанымен, сый-сияпат беру, балаға арналған сыйлық түрлері барлық жерде бар. Дегенмен, бәсіре атаудың түп-төркіні бала өмірге келгенде төлдеген малдың құлынын немесе ботасын баланың жекеменшігі ретінде қарап (тіпті кей жерлерде қозы-лақты да бәсіреге атайды) «балам осы төлмен жарысып өссін. Құлындай шауып, тез жетілсін» деген сенімнен де туындайды. Екінші жағынан алып қарайтын болсақ, көзін ашып көргелі, есін танығалы бері «менің жылқым, менің түйем» деп бала төрт түлік малдың қадірін біліп өседі. Оған қарайды, еңбекке араласады. Ең бастысы, кішкентайынан «малды бала» атанып, өзіне аталған бәсіре малын көбейтсе де өз еркі. Бұл баланы ептілікке, жан-жануарларға мейіріммен қарауға да үгіттейді.


Қысқасы, ата-бабаларымыздың баланы тәрбиелеу үшін қолданған тағы бір әдіс-тәсіл түрі. Ал үлкендер үшін жомарттық пен сараңдық сынға түсетін дәстүр.


Бұл дәстүрді түсінбейтіндер үшін әпкемнің әңгімесін айта кетейін.

«Мен келін болып, босаға аттағанда қазіргі жастар секілді «Үйің бар ма, көлігің бар ма? Үйленгеннен кейін қайда тұрамыз? Ата-енемен бірге тұрамыз ба, әлде бөлек тұрамыз ба?» деген дүниелік сұрақтарды қойып көрмеппін. Ондай сұрақ қоймақ түгілі, ойыма да келмепті материалдық жағдайымды ойлап, алдын-ала қамдану.

Содан екеуміз де еліміздің ең шалғай ауылдарынан үлкен қалаға оқу-білім іздеп келіп, бір-бірімізбен сонда танысқанбыз. Оқуымызды бітірер тұста үйленуге шешім қабылдадық. «Қалада қалып, қызмет қуу дегенді ол кездің жастары ойлай бермейтін. Мүмкін маған солай көріне ме, білмедім... Көбінесе диплом қолына тиісімен студенттердің басым көпшілігі туған жерлеріне оралып, қызметті сонда жалғастыратын. Оқу орнымыздан жолдама берілетін. Жұмыссыз қалып қоямын деген қорқыныш болмайтын бізде.

Содан біз үйленгеннен кейін жолдасымның ауданына жолдама алдық. Ол жақта бір мектеп, бір медициналық пункт қана бар болатын. Шағын ғана ауыл болғанымен, аудан орталығына да жақын жер, бізге ыңғайлы еді. Ал, ата-енемнің тұратын жері ауданнан қашықтау, таулы аймақтағы он шақты үй қатар отырып, қой бағатын ауыл. «Қойшы ауыл» дейтінбіз.

Біз жолдама алған ауылға келіп қоныстандық.

Мен медпунктке медбике болып жұмысқа орналастым, жолдасым мектепке кірді. Ел қатарлы тұрмыс-тіршілігімізді жалғастырып жатқанда ел басына қиын-қыстау күн туды. Сонау тоқсан, тоқсан бірінші жылдар болатын. Жолдасым жұмысынан қысқартуға ұшырады. Менің де жұмысым болғанымен, жалақыны бірнеше айлап ала алмай қиналып қалған күндеріміздің бірінде жолдасым шешім қабылдады. Елдің дүрбелеңге түсіп, «қайтсек күнімізді көреміз? Қайтсек бала-шағаны аш қалдырмаймыз» деп сабылып жүрген шағында күйеуім: «Қойшы ауылға кетеміз. Онда мал басын көбейтіп, сонымен күн көреміз. Бала кезімнен мен сонда өскенмін, маған бейтаныс жер емес, ата-әжемнің қолында жүріп, май топырағын кешіп өскен жер. Жұрт секілді сауда жасау қолымыздан келе қоймаса да, қой бағу қолымнан келеді», деп қойшы ауылға көштік.

Құрсағымда тұңғыш сәбиім бар еді сонда. Өзім жас болғандықтан әрі тұңғышымды аман-есен өмірге әкелсем, оған дейін осында бола тұрсам деген оймен ол жаққа баруға да жүрегім дауаламады. Қалай болар екен? Егер толғағым басталып кетсе, сонша жерден аудан орталығына жете алам ба деген сұрақ та мазалағанымен, күйеуіме сенгендіктен, оның соңынан ілесіп, ата-әжесінің қолына келдік.Себебі, ата-енем сол ауылда тұрғанымен, жолдасым әке-шешесінің тұңғышы болғандықтан, ата-әженің баласы болып өскен. Мұнда келгенде қиналатын шығармын деп едім, бірақ олай болмады. Айран-сүт пен, құрт-майға қарық болып, еттен де таршылық көрмей, тамағымыз тоқ болды. Жағдайымыз жаман болды деп айта алмаймын. Текке қорыққан екенмін. Қайынсіңлілерім жанымда, жүгіріп жүріп, көмектеседі. Жолдасым қой бағып кетеді, кешке тамағын дайындап күтіп отырамын. Қысқасы, осылай жүріп, босанатын күнім жақындағанда ғана аудан орталығына әкеліп, бір танысының үйінде екі күн жаттық. Толғағым басталып, балпанақтай ұл бала келді өмірге.

Сонда қазіргідей сүйінші сұрау үшін телефон жоқ, жолдасым мен босанғанша перзентханада күтіп, сосын ауылға кетті. Бір күннен соң қайта келіп, керек-жарағымды әкеліп, буаз биенің төлдегенін, құлынын ата-енем тұңғыш немересіне атапты. Мұның сыйлық екенін түсінгеніммен, «бәсіре» деген атауының бар екенін, бұл қазақ халқының ежелден ұстанып келе жатқан дәстүрі екендігін мен сол сәтте білген жоқпын.


Сол құлын өсіп, «ұлымызға берді ғой, енді не істесек те өзіміз білеміз» деген оймен сатпақ болғанымызда әжеміз мұның бәсіреге аталғанын, бәсіре малын сатуға болмайтынын айтып, бұл дәстүрдің бүге-шігесіне дейін айтып берген еді.

Содан бері мен ата-бабамыздың дәстүріне құрметпен қарайтын болдым. Керек жерінде қолданамын, маған таңсық салттар болса, мағынасын сұрай жүремін.

Бүгінде өзім де немере сүйіп отырған әжемін. Немереме мен де ата-енемізден алған өнегеміз бойынша арнайы сатып әкеліп, бәсіре атадық. Қазір немерем құлыннан тай болып өскен сол бәсіре малының қызығынан шыға алмай жүр. Біресе жем-шөбін, суын беріп баптайды, біресе тақымын жазып, кең далада құмарынан шыққанша шауып келеді.

Бұл бір жағынан, денсаулыққа да пайдалы, бала шынығады, шымыр болады. Бұл дәстүрді ұмытпаңдар, байлыққа жетуді, дәулетті болуды баланың санасына сіңіретін дәстүр осы, қарағым!» деп ұзақ әңгімеледі.

Мұндай дәстүрді сақтау қалалық жерде мүмкін болмағанымен, ауылда ағайын-туыс көп қой. Бұл тіпті, ауылдағы ағайынмен де барыс-келісті көбейтіп, араны жақындататын үрдіс деп қарастыруға да болатын секілді.

НҰР Әлем,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


СҮРБОЙДАҚ жігіт тез ҮЙЛЕНУІ үшін де жасалатын ЫРЫМ бар


Қазақ неге БОСАҒАға өзі отырып, қонағын ТӨРге шығарады?