Қазақтың "Табалдырықты баспа!", "Босағаны керме!", "Табалдырықтың екі жағында тұрып амандық-саулық сұраспа!" дегені тегіннен тегін емес...
Бір жағынан, сыйластықтың, қонақжайлылық пен мейірімділіктің белгісіндей көрінер. Сонда қазақ қана қонақты сыйлай ала ма?..
Қай халықты алып қарасаңыз да өздерінің ұлттық ұстанымдары, тұрмыс-тіршіліктеріне сай салт-дәстүрлері бар.
Қазақта сөз бар «түрікмен төрін бермейді» деген. Қонағын төріне шығармай, босағадан күтіп алып, босағасынан шығарып салатын бұл ұлттың да өзіне сай тектілігі де шығар. Мүмкін, бұл ұлттың жамандығы емес, бір кездегі жағдайларға байланысты туындаған болуы да мүмкін.
Неге қазақ қонағын төрге отырғызып, өзі босағада отырады? Ал түркімен неге төрін бермейді? Өйткені, қазақта жағдайы жақсы азаматтардың барлығы баяғыда босағасына, табалдырықтың астына құйма алтын құйып отырған. Бағалы дүниенің барлығы осы құйма алтынмен өлшенетіндіктен, ең құнды заты осы алтын болған. Алтынның буы болады. Босаға жақта отырып, алтынның буын сезініп, өзіне деген сенімін жоғарылатып, қонағын төрге шығарып, қонақтың жағдайын сұрайтын болған.
Қазақ қонағын «қайыршым» деп қарсы алады, «сыншым» деп күтеді, «жыршым» деп шығарып салады. «Келгенше қонақ ұялады, келгеннен соң үй иесі ұялады» деген сөздің де жаны бар.
«Қайыршым» деп қарсы алғаны дүниедегі ең мүсәпір адам ол жолаушы дейді. Жолаушыны жол билейді деген де бар. Ол арып-ашып келе ме, жоқ іздеп келе ме ағайын-туысын аралап келе жатыр ма оны ешкім білмейді. Сондықтан ол ат шалдырып тоқтаған үйіне әр түрлі көңіл-күйде келеді. Сондықтан қайыршыға теңейді. «Сыншым» дейтіні, төрге отырған қонақ барлығын бақылап, байыптап отырады. Үй иесі қандай адам, тұрмыс-тіршілігі қандай, құдайы қонаққа деген мәмілесі қандай барлығы да төрде отырған қонақтың назарында болады. «Жыршым» дегені еліне барғанда қандай адамдарға қонақ болғанын жырлап айта жүреді.
Ал түрікмен үйінің төріне бес қаруын сайланып, іліп қоятын болған. Ол босағада отырса, есіктен кірген қай дұшпаны қай кезде келіп, қапыда басымды шауып кетер екен деген уайымнан туындаған. Өзі төрде отырып, қонағын босағаға отырғызатыны содан болса керек.
Қазақтың да табалдырықты баспа, босағаны керме дейтіні тегіннен тегін емес. Қазақ халқында тыйым сөздер өте көп. Олардың әрқайсысының берері бар, тәрбие құралы, адамдықтан аттап кетпеу, салт-сана төңірегінде тағылымды ұғындырады.
Солардың бірі «табалдырықты баспа», «босағаны керме», «табалдырыққа отырма» деп жатады. Үйге келген адамға да ішке кіргізіп, құрмет көрсетіп, содан кейін ғана келген бұйымтайын айтқызатын болған.
Табалдырықтың екі жағында тұрып, келген шаруасын айтпайды, екі жағында тұрып, қол алысып, амандаспайды.
Дәстүріміз бен тұрмыс-тіршілігімізге байланысты, ырым-тыйымдарымызға байланысты осындай дүниенің бәрі ұлт үшін ұлағат, ертеңгі өркен үшін өнеге, болашақ ұрпақ үшін өмір сүрудің бағдары.
Жаңа түскен келіннің де босағада отырып шәй құюы, жаңа отбасына тезірек үйренісіп, бойын үйретуі үшін, өзін ендігі жерде осы үйдің бір адамы екендігін сезіну үшін босағаға отырғызады.
Бірақ кейде ел арасында соңғы уақытқа дейін қыз алып қашқан кезде қалыңдықты келісімінсіз алып келгендіктен, қалайда сол үйде қалдырудың амалын жасайтын әйелдер жасы үлкен ақ жаулықты ана, әже болса, табалдырыққа жатып алып «кетем десең менің үстімнен аттап өт! Бірақ аттап өтсең, бағың жанбайды» деп қорқытып-үркіту тәсілін қолданғанын да ел арасынан естіп жүрсіз.
(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Яғни, қазақ үшін төр ғана емес, босаға да киелі. Ақ босаға деп айтылады, жат жұртқа жаралған қыздың ақ босаға аттауы келін болып, өз еліне, өз үйіне келуі. Сол босағаның иесі болып, әке-шеше, туған-туыс, бауырларын төрге оздыруы оларды қонақ етуі босағаның иесі екендігін білдіреді.
Бір жағынан, келіннің үйдің үлкендеріне қызмет етуі үшін, есіктен кіріп-шығуы ыңғайлы болуы үшін және үлкеннің алдынан көлбеңдеп өтіп, әдепсіздік танытпас үшін келінді босаға жаққа отырғызған. Бір жағынан, босаға сол босағаның иесі, әулеттің ұрпағын жалғаушы, керегені кеңейтуші келінге деген қамқорлық.
Қазақтың салты мен ұғымында ТӨР сыйлы қонақтың орны болса, БОСАҒА сол шаңырақтың иесі, тұтқасын ұстаған жанның орны.
Г. Жұмаділдаева,
Тағы оқыңыз: