«БЕС КИІМ» деген САЛТ қайдан пайда болған?

0
7 683

Жақында қызын ұзатып, құдаларын есік көрсетуге шақырған әпкемнің үйінде қызық жағдайдың куәсі болдым.


«БЕС КИІМ» деген САЛТ қайдан пайда болған?

Қазақ киелі санайтын асылдарының нақты санын да жіктеп айтқан ғой. Мысалы қазақ үшін киелі сандар, қастерлі сандар «3», «7», «9». Осы үшеуі күнделікті өмірде, қуанышта, қайғыда жалпы киелі сандар ретінде қолданылып жүр.


Тарқатып айта берсек тіпті көп «Жеті атасын білмеген жетесіз», «Жеті қазына», «Жеті дәм», «Үш бәйтерек», «Ер кезегі үшке дейін», «Үш жұрт» т.б. Сонымен қатар, қыз ұзатып, келін түсіргенде, екі жақтың өзара құдаласу салтын «тоғызсыз» өткізу де мүмкін емес.



«Ағайын тоғыз», «Үй тоғыз», «Тәтті тоғыз», «Көрпе тоғыз» деп кете береді.


Әрине қазақтың салтының жаманы жоқ, бірақ кейде аса ысырапшылдыққа бой алдырып жатқан жоқпыз ба деп ойлайтынымыз да жасырын емес. Мен ғана емес, кейінгі кезде жыл сайын кәденің үстіне кәде қосылып, ойға сыймайтын дүниелерді де жасап жатырмыз. Мұнымен жастар бақытты болып, мәңгі бірге болуына осы кәдесыйлардың септігі тиіп жатыр деп ешқайсысымыз да кепілдік бере алмаймыз ғой.


Жақында қызын ұзатып, құдаларын есік көрсетуге шақырған әпкемнің үйінде қызық жағдайдың куәсі болдым.


Барлығы ойдағыдай өтіп жатқан, тоғыздарын түгелдеп, құда-құдағиына да арнайы сый-сияпатын беріп, құдалықтың жөн-жоралғыларын түгел орындадық деп келген құдалар жағына әпкем тағы бір назын айтып қалды.

«Риза болған шығар, осыншама жолын жасап, «шашылыпты» ғой құдалар жақ» деп ойлағаным бекер екен. Оның барлығын бір ғана кәденің орындалмауы жойып жібергендей болыпты әпкемнің айтуынша.


«Қызымызға «Бес киімін» әкелмепсіздер. Біз қыз беріп отырмыз, киімін де алып қалмаймыз, қызымыз киеді ғой. Мұнда біз де бір қауым елміз, енелеріміз, абысындарымыз бар. «Бес киімін көреміз» деп арнайы келген әйелдерге ертең тағы бір шай беріп әкелген бұйымдарыңызды көрсетемін. Сонда не көрсетемін оларға?»

Құдалар да таң қалысып жатты, өздерінде мұндай салт жоқтығын, білместік болғанын айтып ақталып-ақ жатыр. Мен де мұндай салттың бар екендігін енді ғана әпкемнің айтуынан біліп отырмын.

«Келін алған жақ киімсіз қалдырмайтын шығар, сол бес киіммен ештеңе шешілмейді ғой. Оны өзіңіз де алдын-ала ескертіп, соны орындамаса өкпелеуіңіздің жөні бар. Ол кісілер де білген жоқ қой. Абысындарыңыз сол киімді көру үшін ғана жиналса түсіндіріп айтасыз да, құдаларымыз мұндай кәдені ұстанбайды екен деп. Әйтпесе, алып келген тоғыздарының өзіне қаншама қаражатқа шашылғанын өздері де көріп отыр ғой» деп әрең дегенде әпкемді сабасына түсірдік жабылып жүріп.

Соған бола қызымызды да барған жерінде «кезінде анаң солай деген» деп төмендетіп, бетіне салық ете бермеуін ойлағандықтан әпкем де ақырындап ашуын басып, кейін жақсы көңіл-күймен шығарып салған болатын құдаларды.


Негізінде қазақта бес деген санның да қастерлі екендігін ешкім жоққа шығармайды. Дегенмен оның орынды жерде қолданылғаны маңызды.




Мысалы бес парыз: иман келтіру, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру, қажылыққа бару. Бес уақыт намаз: таң намазы, бесін намазы, екінті намазы, ақшам намазы, құптан намазы. Бес борыш: Алла алдындағы борышы, адамның өзіне деген борышы, мемлекет пен халыққа борышы, отбасына, жақындарына борышы, жалпы адамгершілік тұрғысынан борышы. Абайдың «бес дұшпан мен бес асыл ісі» де, бес өсиет: ақымаққа сенбе, жауыңа иілме, әрқашан сақ жүр, аш үйге қонба, жарлыдан сый алма деген сөздер де «бестіктің» қадірін арттырып тұрғандай.

Жалпы кез-келген жерде қадірін қашырып алмауға тырысып, қасиетті санды бей-берекет қолданудан аулақ болсақ келер ұрпақ та сол қастерлі ұғымды жалғастырып алып кететініне шәк келтірмес едік.


НҰР Әлем,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


СЫПЫРАсы жоқ үйде ЫРЫС та болмайды



ҚАНДАЙ ҚОНАҚТЫ ерекше сыйлап, құрметпен ШЫҒАРЫП САЛУ керек