Қазақ ондай қонаққа арнайы ат қойған...
Қазақтың дәстүрінде терең тағылым, тәрбие жатқанын түйсіну үшін бізге көп нәрсе қажет емес. Тек қана қазақтың тыйым салғанын, ежелден жалғастырып келе жатқан дәстүрлерін орындасаңыз жеткілікті. Болды, сол ғана...
«Неліктен бұлай?» деген сұрақтың жауабын өзіңіз-ақ түсініп аласыз.
Қазақ пен қонақ деген егіз ұғым секілді. Қазақтың өмірін қонақсыз елестете алмайтын шығармыз. Сондықтан, халқымызда қонақжайлылық, қонақ туралы айтылған жақсы сөздер, ырым-тыйымдар, салт-дәстүрлер де жеткілікті.
Мысалы, қонақ келгенде жайылған дастарханнан дәм татарда қонақты сыйламас бұрын үй қожасының өзі астан ауыз тиюі керек. Бұл ырым арқылы астың адалдығы, үй иесінің қонақжайлығы танылады. Мүмкін қазір бұған мән бермейтіндер көбейген шығар, «Астан алып отырыңыздар, мен қазір келемін» деп асүйге шығып кететін немесе қалып қойған шаруасын аяқтап тастай салайын деген ойда болатын үй иелерін де жоқ дей алмаймыз. Қауырт тірлік мойын бұрғызбайтын да шығар, дегенмен, дәмнен алдымен иесі ауыз тиіп, содан кейін қонаққа рұқсат етіп, жағдайды түсіндірсеңіз де болады.
Қонақ қонған түні мал төлдесе, сол секілді жақсы жаңалықтар болып, жан басы көбейіп жатса да отбасына қуаныш алып келгені үшін қонаққа киіт кигізіп, «ақжолтай қонақ» деп, құрметпен шығарып салады. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген сөз осындайдан шықса керек.
...Бірде шұғыл жұмыс бабымен жолдасымды басқа қалаға шығарып салдым. Онда барған кезде түсетін үйі де жоқ емес қой, бірақ, шыны керек, жұмыс бабымен бара жатқан соң, туыстарды әуре етіп қайтемін, одан да қонақ үйге жата саламын деп кеткен.
Мен де басында күйеуімді қолдап, «Иә, барлығы да жұмысбасты адамдар ғой. Оларға да «артық жұмыс» керек емес шығар, қонақүйге бір түн түнеп шықсаң дұрысы сол ғой» дей беріп едім, атам тыйып тастады.
Ұлын қайдам, келінінен, яғни, менен мұндай сөзді күтпесе керек атам да.
«Бір түн болса да елсізге бара жатқан жоқсың. Сол жерде бөтен емес, өзіңнің туыстарың тұрады. Марқұм ағамның көзі кетсе де, орнын басатын ұлы отыр ғой сол шаңырақта. Сенің барғаныңа ол қуанады қайта. Бір-біріңді арнайы іздеп баруға уақыттарың жоқ екен, осындайда екі қоянды бір оқпен атып, неге сәлем беріп шықпасқа?!» деп ақыры күйеуімді көндірді. «Қонақүйге беретін ақшаңа сол үйге базарлық алып бар, алдыңнан жүгіріп шығатын қарасирақтары да қуанып қалсын» деп кетерінде тағы бір рет пысықтап жіберді.
Мен негізі үйдегі жалғыз ұлдың жарымын. Жалғыз, қара шаңырақтағы келінмін. Келімді-кетімді қонақтар да басқа үйлерге қарағанда көбірек болатыны да сөзсіз. Өйткені, қария кісілер бар жерде қонақ та көп келгіш болады немесе өздері денсаулықтары жарап тұрса, қыдырып қайтады.
Содан күйеуім іссапарында кіші атасының, яғни, әкесінің ағасының үйіне қонақ болып барған, атамның тапсырмасы бойынша. Барған кезде үйдегі келіндері толғатып, перзентханаға кетіпті. Ыңғайсызданып, бір жағынан, «келгеніне өкініп» отырған күйеуімді олар «құтты қонақ болдың, ақжолтай қонақсың» деп әбден күтіп, иығына шапан жауып жіберіпті.
Сонда білдік, ақжолтай қонақ деп, қонақ болып барған үйіңде қуаныштың үстінен түссең, «ырысым көбейді» деп қуанғанынан осындай ырымын жасайтын болған екен. Ежелгі дәстүрді жаңғыртып, бір-бірімізге осындай кезде сыйлық жасап, көңілін тауып жатсақ, ата-бабамыздың жүрген жолынан ауытқымаймыз деп білемін.
НҰР Әлем,
Тағы оқыңыз: