​Бір уақытта босанған келіндерге қандай салт жасалады?

0
5 159

Естімеген елде көп...


​Бір уақытта босанған келіндерге қандай салт жасалады?

фото: azh.kz

Сіздерге бір қызық айтайын. Қазақтың ұстанатын ырымында шек жоқ қой, шіркін! Бүгін үйімізге айттап келген үлкен әпкемнің енесі мына жаңалықты айтып анамды шалқасынан түсірді. Құдағиының айтқандарына сөз таппай, отағасымен ақылдасайын дегеннен арыға бара алмады.


Құдағиымыз әпкемді босанғаннан соң перзентханадан тіке осында әкелуімізді өтінді. Анама қырқынан шығарып бересіз бе деп қолқа салып отыр. Негізінде біздің әкеміздің түсінігі бойынша құрсақ көтерген қыз баланың төркініне келгіштей бергенін жақтырмайды. Әсіресе, іші үлкейіп, босануға жақын қалғанда өз отанында отырсын деп анамыз арқылы ескерту жасайды. Мұны қызы мен болашақ сәбидің сақтығы үшін айтатын болар деп өзімше пайымдаймын. Ал құдағиымыздың мұнысы әкем түгілі анамды да таңырқатып қойды.

фото: pinterest.ru

Алланың қалауымен келесі айдың екінші жартысында үлкен әпкем екінші сәбиін дүниеге әкеледі. Жездем екеуінің қуанышында шек жоқ. Бұл күнді асығып күтіп жүргені айтпаса да түсінікті. Жездем мен әпкем өте балажан. Әпкемнің үйінде бұл айда екі бірдей қуаныш орын алмақшы. Жездемнің келіні (інісінің келіншегі) де осы айда босанады екен. Ал құдағиымыз қырқынан шықпаған екі келінді бір үйде отырғызуға болмайды дегенді айтты.


«Дұрыс түсініңіз, құдағи. Бұл менің шығарған салтым емес. Бала кезімізде әжелеріміздің осылай айтатынын жиі естуші едім. Өткенде Атыраудағы әпкем де қырқынан шықпаған келіндердің басын қосуға болмайтынын ескертті. Әпкемнің айтуына қарағанда қазақта «көтендестіру» деген салт бар екен. Дәстүр бойынша жаңадан босанған екі бірдей келінің басын бір дастарханда қосуға болмайтын көрінеді. Тіпті, бір шаңырақта тұруға да рұқсат жоқ. Бөбектері қырқынан шыққанша жаңа босанған келіншектерге бір-бірімен араласуға болмайды. Бұл денсаулықтарына да айтарлықтай зиян келтіреді екен. Ал қырық күн өткен соң, яғни жас ана мен сәби қырқынан шыққан кезде жақын бір туысы үйіне қонаққа шақырып, арнайы ырымын жасау керек екен. Сонда айтып келмейтін бәледен, жамандықтан сақтанады, деді.


фото: informburo.kz

Құдағидың әңгімесіне таң қалған анам:


«Біз абысыным екеуміз барлық балаларымызды қатар босанғанбыз. Бір-бірімізге қарайласып, тіпті балаларымызды күйеулеріміздің рұқсатымен емізіп те жүретінбіз. Біреуіміз үй шаруасымен айналыссақ, екіншіміз екі бесіктің ортасында отыратынбыз. Бірақ мұндайды бірінші рет естуім» деді.


Ал құдағиымыз қандай ырым жасау керектігін де тәптіштеп айтып берді.


— Ана мен бала қырқынан шыққан соң қайынсіңілім үйіне шақырады. Үлкен келінді кереге жаққа қаратып отырғызады да, ал екінші келінді оның арқасына отырғызады. Екі келін де кішкентай ғана сыйлық апару керек. Екеуі сыйлықтарын сол қолымен ұстап, сол аяғының астынан өткізіп, бір-біріне береді. Ал екі тарап сыйлықты оң қолымен алады. Ал мен осы ырымды жасау үшін дастархан жайған қайынсіңіліме атағанымды беріп, көйлегі мен орамалын сыйлаймын, деді.


Мен де аң-таң, анам да аң-таң. Жалпы, қазақта біз білмейтін дәстүрлер баршылық. Бірақ оның озығы бар, тозығы бар. Сіз қалай ойлайсыз қадірменді оқырман? Осындай салт жайында естігеніңіз бар ма? Ойыңызды ортаға салып отырсаңыздар...


Жазып алған - Асыл Арман,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:


Қазақтың қандай КЕЛІНІ қыз ҰЗАТА алмайды?


ТӨС жемеген КҮЙЕУ БАЛА қандай КЕРЕМЕТТЕН қағылады?