​Қазақтың қандай КЕЛІНІ қыз ҰЗАТА алмайды?

0
10 519

Осылай да ырымдайды екен-ау...


​Қазақтың қандай КЕЛІНІ қыз ҰЗАТА алмайды?

иллюстрациялық фото: salt-dastur.kz

Бүгінгі мақаламызды «Қыз ұзату» тақырыбына арнаймыз. Бүгінде ұзату тойының көңілге кірбің ұялтатын тұстары баршылық. Бүгінгі ұзату тойындағы қазақи дәстүрімізге қайшы келетін біраз мысалдарды тізбектесек...


Қазақ мынадай келіндерге қыздарын ұзатып баруға рұқсат бермеген


Дәстүр бойынша қызды қайынжұртына жеңгелері ұзатып баратын болған. Ұзататын жеңгелер қызға жаңа өмірдің қыр-сырын, келіндік міндетті, ақ жаулықтың қадірін, ата-енені, қайынжұртты, күйеуді сыйлауды, тіпті сәлем салуды үйреткен. Қыз ұзататын жеңгені де қазақтар ерекше талғаммен таңдаған. Қазақ өте ырымшыл халық.


Екі рет тұрмыс құрған КЕЛІНДІ, құрсақ көтеріп, перзент сүймеген КЕЛІНДІ, азаматынан айырылған жесір КЕЛІНДІ өкінішке орай, қазақтар қыздарын ұзату қуанышына ортақтастыра алмаған.



иллюстрациялық фото: wlooks.ru

Әрине, мұндай келіндерді тойға шақырады. Қуаныштың бел ортасында жүреді. Бірақ қыздың қолтығынан демеп, түсер еліне дейін ұзатып бара алмайды.

Екі рет тұрмыс құрған келін ұзатса, қыздарымыздың шаңырағы шайқалып, қайтып келіп қалады деп қорыққан. «Қайта шапқан жаудан, қайтып келген қыз жаман» деген қазақ қыздарын ұзататын адамды тегіне, тұлғасына, тәжірибесіне сай таңдаған.

Перзент сүймеген келіннің ұзатуын да жаман ырымға балаған. Қызды ұзатуды, жаңа түскен келіннің беташарда қолтығын сүйеуді көп бала туған келінге тапсырған. Бұл да жаңа өмір бастаған қызға жеңгесінің жолын берсін деген ырымнан туындаса керек.

Ал жесір келіннің қызды ұзатпауы айтпаса да түсінікті. Десек те, бұл әркімнің өз тағдыры. Бірақ баланы ырым мен тыйыммен тәрбиелейтін қазақ бұл дәстүрден аттап өте алмайды.

Міне, қызды ұзату міндеті тәжірибесі толысқан, етегі балаға толған, қазан-ошақтың шебері атанған алтын келіндерге жүктелген.


Ұзатылатын қыз әкесімен вальс билемеген

Бүгінгі ұзатылу тойының басым көпшілігінде селт еткізер сезім, қимастық жоқ. Арнайы ұйымдастырушы орталықтың қызметкерлері келеді де жаттанды сөздермен қызды ортаға әкеледі. Тағы бір сценаримен күйеубаланы көрсетеді. Сөйтіп екеуін қол ұстастырып төрге шығарады. 3-4 сағаттан соң қыздың басына сәукелесін кигізеді де тағы да жаттанды сөздермен қыздың қолын төрт түлігі сай болмаса да, өнерде «хит» болып жүрген бір әншіге ұстатады. Алдына ұп-ұзын ақ матаны төсеп жіберіп, айналасына қонақтарды тізіп қояды. Осылайша жанашырларын жақындатпаған күйі ақ матаның екінші басына дейін әнші жетелеп барып, күйеужігітке көтерткізіп жібереді. Өкінішке орай, кейбір күйеулеріміз әлжуаздық танытып қалыңдықпен бірге құлап жатқанын көріп жүрміз. Мұндай масқараны жарысып ғаламторға жүктеп ел-жұртқа жайып жатқанымыз да өтірік емес.

Жалпы ұзатылатын қыз дәстүр бойынша әжесімен, аяулы анасымен, сырлас жеңгесімен, мұңдас құрбыларымен, жанашыр сіңлілерімен құшақтасып қоштасу керек. Көз жасына ерік беріп, жүректерді жылатып, жан дүниеңді тебірентіп «Сыңсуды» айтатын еді. Мейлі өз даусымен айтпаса да, таспаға басып алса соның өзі жүреккке тиеді.



иллюстрациялық фото: kerekinfo.kz

Ал әкесі мен ағасы көз жасын көрсетпей, тасадан қарлығашына бақыт тілеу керек. Ең сорақысы, бүгінде ұзатылатын қыз ағасымен не інісімен ән шырқайды, әкесімен құшақтасып, вальс билейді. Осылайша қай дәуірдің дәстүрін дәріптеп жүргенімізге таңбыз.


Ұзатылатын қыз несімен ерекшеленеді?

Қазақтың дәстүріне сай ұзатылатын қыз басына бөркін, үстіне қосетек көйлегін киіп, дәстүрлі «Сыңсу» әнін айтып, құрбыларымен, жеңгелерімен бірігіп жүріп ауыл-елмен қоштасады. Елдің үлкендері батасын беріп, тілегін жаудырады. Міне, қандай әдемі көрініс десеңші.


иллюстрациялық фото: qazdauiri.kz

Бүгінде бұл дәстүрді жаңғыртатын жастар жоқ. Жаны нәзік бір ақынға әдемілеп сөзін жаздырып алып, қоштасу әнін айтса керемет емес пе?! «Сыңсу» айтқан қыздың қадірі артады. Тойдың төріне ұзатылатын қыздың екі жағынан құрсағы кеңейіп, тас емшегі жібіп, ақ бесікті тербеп, түн ұйқысын төртке бөліп, әлди айтқан жеңгелеріне сүйетсе, соңынан тәрбиесі мен талғамы бөлек құрбы қыздары ерсе, міне, осы нағыз қазақтың ұзату тойы болады.


Ләззат Ахметова,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:


Бір уақытта босанған келіндерге қандай салт жасалады?


Қыздың ЖАСАУЫНА мына ЕКІ затты қосуға БОЛМАЙДЫ


ТӨС жемеген КҮЙЕУ БАЛА қандай КЕРЕМЕТТЕН қағылады?